Қоғам • 27 Желтоқсан, 2021

iKOMEK орталығына 7,5 млн-ға жуық өтініш түскен

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қалалық iKOMEK мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 4 жыл толды. Осы уақыт ішінде оның мамандары елорда тұрғындарынан шамамен 7,5 млн өтінішті қабылдап, өңдеді. Олардың 86,6%-ы алғашқы қоңыраудан бастап шешілді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

iKOMEK орталығына 7,5 млн-ға жуық өтініш түскен

4 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы 109 бірыңғай нөмірлі колл-орталықтан қала тұрғындары мен билігі арасындағы бірыңғай жедел байланыс жүйесіне айналды. Сонымен қатар iKOMEK орталығы тәулік бойы қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, коммуналдық кәсіпорындардың колл-орталықтарын біріктіреді және тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын өңдеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда iKOMEK Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының», сондай-ақ елорда әкімдігі жұмысының цифрлық трансформациясының практикалық үлгісіне айналды. Елорданың әрбір тұрғыны немесе қонағы өзін қызықтыратын барлық мәселелер, шағымдар, ұсыныстар бойынша немесе шұғыл көмек алу үшін орталыққа 109 нөмірі бойынша, әлеуметтік желілер, чат-боттар немесе мобильді қосымша арқылы хабарласа алады.

Орталықты әзірлеушілердің цифрлық шешімдері әкімдік пен қалалық қызметтер жұмысының тиімділігін жылдан жылға арттырып келеді. Мысалы, BIG DATA технологиясы негізінде құрылған «Қаланың жүйелік проблемаларының рейтингі» елорданың 79 жүйелік проблемасын анықтады, оның 49-ы бүгінгі күні шешілді. Қалалық қызметтердің жұмысын қадағалау мен мониторингілеудің барлық процесі автоматтандырылған, талдамалық жүйе инциденттердің жүйелілігі мен маңыздылығы негізінде проблемаларды өз бетінше анықтайды.

Сонымен қатар iKOMEK елордада қала бойынша, адамдар көп жиналатын жерлерде, соның ішінде мектептерде, балабақшаларда, жолдар мен ауруханаларда орнатылған 16 мың бейнебақылау камерасының көмегімен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

2021 жылдың басынан бастап iKOMEK қызметкерлері 38 миллион теңге сомасына 16 000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Құқық қорғау органдарына 100-ден астам қылмысты ашуға көмек көрсетілді. Қалалық ПД экологиялық полиция бөлімімен бірлесіп санкцияланбаған қоқыс үйінділерін анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, олар елорданың экологиясына теріс әсер етеді.

Сондай-ақ операторлар қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы мезгілсіз қардан, су тасқыны мен жаңбыр кезінде су басу фактілерін, ашық құдықтарды және ТКШ саласындағы басқа да оқиғаларды анықтады.

4 жыл ішінде қала тұрғындарынан 7,5 миллионға жуық өтініш қабылданып, пысықталды, олардың 86,6%-ы бірінші қоңыраудан бастап шешілді. Жыл сайын iKOMEK сервисін елорданың 800 мыңға жуық тұрғыны пайдаланады. Елорда әкімдігінің кеңсесіне тұрғындардан түскен өтініштер саны 21%-ға қысқарды.

IKOMEK қалалық орталығының басшысы және тұжырымдаманы әзірлеуші Жаннат Дубирова атап өткендей, IKOMEK-тің басты жетістігі қала тұрғындарының елорданы дамытуға тартылуын арттыру болып табылады. Бұған жыл сайын артып келе жатқан өтініштердің саны дәлел.

«iKOMEK - бұл қала тұрғындарының пікірлері мен шағымдарын тыңдайтын, Нұр-Сұлтанның әрбір тұрғыны өзін қауіпсіз және жайлы сезінуі үшін олардың проблемаларын жедел шешетін мемлекеттің көмекшісі», деп атап өтті Жаннат Дубирова.

109 телефон нөмірі бойынша бүгінгі таңда қаладағы 1000-нан астам ұйым біріктірілген. Жыл сайын 4 миллионға жуық Push-хабарлама тұрғындарға ikomek109 мобильді қосымшасы немесе Telegram-дағы чат-бот арқылы сабақтардың болмауы, авариялық және жөндеу жұмыстары, жолдардың жабылуы/ашылуы туралы келіп түседі.

Еске сала кетсек, iKOMEK қалалық орталығы 2017 жылғы 26 желтоқсанда елорда әкімдігін трансформациялаудың бірінші кезеңі аясында құрылған болатын. Оның жұмысының негізіне АҚШ және Канада қалаларының үздік тәжірибесі алынған, онда 311 қызметі барлық шұғыл емес мәселелерді, 911 - қаланың шұғыл мәселелерін біріктіреді.

Жылдан жылға орталық халықаралық конкурстар мен премиялардың жеңімпазы атануда. Мәселен, iKOMEK109 үш жыл қатарынан халықаралық Сall center Guru Awards байқауында ТМД-ның 360 ұйымы арасында байланыс орталықтары индустриясындағы үздіктердің үздігі атанған.

2019 жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев iKOMEK орталығында болып, халықпен байланыс орнату және тиімді кері байланыс орнату үшін мемлекеттік органдардың заманауи цифрлық технологияларды пайдалануының маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша iKOMEK орталығының аналогтары еліміздің өңірлерінде енгізілуде.