Экономика • 27 Желтоқсан, 2021

Сақтандыру секторын қандай өзгерістер күтіп тұр?

1849 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Сақтандыру компанияларына деген сұраныс артып келеді. Оған халықтың қаржылық сауаттылығының көтерілуі де себеп. Жақында қаржы секторы өкілдері­мен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сектор алдында үлкен міндеттер тұрғанын, оны абыроймен атқару және халық сенімін аяқасты етпеу қажеттігіне арнайы тоқталған еді. Нарық активтері соңғы үш жылда 76 пайызға өсіп, 1,7 трлн тең­гені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,3 па­йызын құраған. Жалпы, биыл сақтан­­дыру компаниялары қанша табыс тап­ты? Тұтынушыларға қолайлы онлайн фор­мат қалыптасты ма? Қандай сақтан­дыру өнімі қатты сұранысқа ие? Unit-linked инвестициялық құралы дегеніміз не? Оны қай компаниялар ұсынып жүр? Банк депозиті тиімді ме, әлде қаржыны сақтандыру компаниясына салып көбейткен жөн бе? Пандемия сектор жұмысына қалай әсер етті? Нарық­­тағы ең белсенді сақтандыру компа­ния­ларының (СК) басын қосып, осы және өзге де аса өзекті сауалдарға жауап алдық.

Сақтандыру секторын қандай  өзгерістер күтіп тұр?

– Биыл 9 айдағы таза табыс қан­­ша және азаматтардан түскен қара­жат пен оларды сақтандыруға қай­та жұмсалған қаражат (клиентке беріл­ген төлем) арасындағы алшақ­тық сомасы қандай?

Ләззат БОРАНБАЕВА,

Sinoasia B&R СК АҚ басқарма

төр­ағасы:

– Компанияның 9 айдағы таза та­бысы 389 856 000 теңге болды. Кел­тірілген шығын мен зардап шегушіге төленетін өтемақы көлемі шығынды сақтанушының өзі жабу мүмкіндігінен жиі асып түсіп жатады. Сондықтан сақтандыру – сақтанушыны банкроттық пен төлем қабілетсіздігінен сақтайтын маңызды құрал. Сақтанушы өз әреке­тімен оған зиян келтірсе, зардап шегуші тараптың да мүддесін қорғаймыз. Егер азамат банк несиесін ресімдеген соң ауыр науқасқа шалдығу немесе қайтыс болған жағдайдағы сақтандыру өнімін алса, кейін расымен қарыз алушы банк алдындағы міндетін орындай алмаса, онда компания оның қарызын төлеп береді. Сақтандырудың бұл түрі айлық сақтандыру сомасының оннан бір пайызын құрайды. Соңғы екі айда екі қарыз алушының қайтыс болуына байланысты олардың 3 млн теңгеден астам толық өтелмеген қарызын төледік. Компаниямыздың басты бизнесі ауырып қалу жағдайында сақтандыру жасау болғандықтан жалпы төлемдер азаматтардан алынған сыйақы сомасының 75 пайызын құрайды.

2020 жылдың 9 айында төлем көлемі 1 504 873 000 теңге болса, биыл 9 айда 2 597 463 000 теңге төлем жасадық. Осылайша, 2021 жылы төлем 72,6 па­йызға өсті. Бұл бизнестің өсуімен және сақ­тандыру өнімдеріне деген халық қы­зығушылығының артуымен байланысты. Соның нәтижесінде компаниямыз алған сақтандыру сыйақыларының көлемі айтарлықтай ұлғайды.

Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ,

Nomad Life өмірді сақтандыру

компаниясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– «Өмірді сақтандыру» бағытында жұмыс істейтін сақтандыру ұйымының 9 айдағы таза табысы 31 863 000 000 теңгені құрады (дивидендтерге берілген төлемді есептемегенде). Сақтандыру келісімшарты бойынша төлем өнімнің сипатына байланысты. Қазір өмірді сақтандырушы компаниялар түрлі өнімдер, оның ішінде жинақтаушылық бағытты да ұсынады. Бұл бойынша клиент өзін сақтандырады әрі инвестициялайды. Мұндай өнімдер бойынша сақтандыру жарналарын мерзімді негізде төлеу арқылы сақтанушы кепілдік беріл­ген инвестициялық кірісті ескере отырып төлемдерді алады.

«Өмірді сақтандыру» саласында жұ­мыс істейтін компаниялардың тө­лем көлемі 2021 жылы 9 айда 17,7 па­йызға өсіп, 22 386 000 000 теңгені құрады. Негізінен зейнетақы аннуитеті келісімшарты бойынша төлемдер ұлғайды. Оның аясында ұйымдар өз клиентіне өмір бойы төлем жасайды.

Жыл басынан бері клиенттерге жал­пы сомасы 6,9 млрд теңге болатын 13 мыңнан астам сақтандыру төле­мін бердік. Төлемдердің 44 пайызы зейнетақы аннуитетіне тиесілі болса, 33 пайызы – еңбек міндеттемесін орындау кезінде жұмысшыларды жазатайым оқиғадан қорғауға байланыс­ты. Бұған зардап шегушінің еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге бай­ла­нысты шығыстарды төлеуге арнал­ған төлемдер және өндірістік жаза­тайым оқиғалардың салдарынан мүге­дек болған қызметкерлерге немесе еңбек міндетін орындау кезінде қайтыс болған қызметкерлердің асыра­уындағы адамдарға келтірілген зиян­ды өтеуге байланысты төлемдер кіреді. Төлемдердің 23 пайызы өмірді сақ­тан­дыру келісімшарты бойынша беріл­ді. Оған жинақтаушы сақтандыру және өмірді ерікті шұғыл сақтандыру бағ­дар­ламалары кіреді.

– Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агент­ті­гі сақтандыру компа­ния­ларының меншік капи­талы мен активінің біршама өскенін айтады. Компанияның қазіргі бағыты қандай және қай өнім түрі сұранысқа ие?

Раушан ЕРЖАНОВА,

«Виктория» СК» АҚ басқарма

төр­ағасы:

– Соңғы жылдары СК-лардың меншік капиталы мен активі белсенді өсіп жатыр. Бірақ бұл сақтандыру өнімдеріне деген сұраныс жоғары дегенді білдірмейді. Рас, сақтандыру ұйымдарына деген сенім­нің артуы, сақтандыру мәдение­тінің жоғарылауы байқалады. Алайда Қазақстандағы сақтандыру саласы (жалпы сыйақының ІЖӨ-ге қатынасында) өте төмен деңгейде және 1 пайыздан аспайды. Дамыған шетелдерде көрсет­кіш 15-20 пайыз деңгейінде. Сақтанды­ру көрсеткішінің тығыздығы да (жан басына шаққандағы сақтандыру сый­ақы­сы) төмен, бір адамға 60-75 доллардан жоғары емес. Дамыған елдерде бір адамға 5-10 мың доллардан келеді. Компаниямыздың активі 99,2 млрд теңге немесе сақтандыру нарығы жиынтық активтерінің 5,7 пайызын құрайды. Мен­шік капиталы – 91,6 млрд теңге немесе нарықтың жиынтық капиталының 12,7 пайызы. Компания ірі корпоративтік сақ­тандыру бойынша жұмыс істейді және қаржылық орнықтылығының нәти­же­сінде ірі тәуекелдерге қатысады. Негі­зінен мүлікті, құрылыс-монтаж тәуекел­дерін, азаматтық-құқықтық және кәсіби жауапкершілікті сақтандырады.

 

Назым БЕКБОЛАТОВА,

KM Life өмірді сақтандыру

компа­ниясы АҚ басқарма төрағасы:

– Компания 2019 жылдың қара­шасынан бері жұмыс істейді. Жан-жақты әрі сауатты қызмет көрсету арқылы на­рық­та сенімді әрі тұрақты абырой қалып­тастырдық. Иә, сіз атап өткендей сақ­тан­дыру компанияларының өсімі белсенді түрде жоғарылауда. Ең танымал өнім ретінде жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды атай аламыз. Бұл өнім міндетті сана­лады және өндірісте жұмысшылар қан­дай да бір оқыс жағдайға тап болған кезде оларды қорғауға бағытталған. Шағын және орта кәсіпорындар үшін қым­­бат емес саналатын осы өнімнің арқа­­сында жұмысшылар жазатайым оқи­­ғаға тап болса немесе жарақат алса олар­дың табысы қорғалады. Яғни жұ­мыс­шының жоғалтқан табысын сақтан­дыру компаниясы өтеп береді. Бұл өнім жұмыс берушілердің еңбек шартын жақ­сартып, өз жұмысшыларының қауіп­сіздігін арттыруға ынталандырады. Өндірісте жазатайым оқиға азайған сайын сақтандыру келісімшартының да құны арзандай түседі. Осылайша, бұл сақтандыру өнімі әлеуметтік функцияны да қоса атқарып отыр.

Беделді өнімдер қатарында ерікті медициналық сақтандыру да бар. Қазір ерікті медициналық сақтандыру корпо­ра­тивтік клиенттердің прерогативі – әлеу­меттік пакеттің құрамдас бөлігі, кәсіби персоналды тарту және ұстап тұрудың ең тиімді мотивациялық құралының бірі. Көп жағдайда сақтандырудың бұл түрін негізінен компания қызметкерлері, жоғары және орта буын басшылары, бизнес иелері және олардың отбасы мүшелері пайдаланады.

Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:

– Nomad Life 2012 жылдан бері өмірді сақтандыру нарығында жетекші рөлге ие. Халықаралық S&P Global Ratings агенттігінің «BB+» (тұрақты) деңгейінде баға беруі де компанияның сенімді позициясын көрсетеді. Компаниямыздың дамыған жеке сатылым желісі, өңірлік 12 кеңсесі мен 17 филиалы жұмыс істейді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы KPMG және Forbes Kazakhstan журналы жүргізген зерттеуде «өмірді сақтандыру» бағытында рейтинг көшін бастады. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша актив көлемі 222,7 млрд теңгеге жетті, сақтандыру резерві – 170,6 бөлістірілмеген табыс – 9,4 млрд теңге. Nomad Life-тың өмірді сақтандыру саласындағы нарықтық үлесі 29,9 пайызға дейін ұлғайды. Аннуитетті сақтандыру, зейнетақы аннуитеті және «еңбек міндеттемесін орындау кезінде жұмысшыларды жазатайым оқиғадан сақтандыру» сегментінде лидерміз.

Олег ХАНИН,

«Коммеск-Өмір» сақтандыру

компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

– 2021 жылдың 19 қарашасында «Ком­меск-Өмір» компаниясына 30 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстанда алғаш бо­лып сақтандыру қызметін жүргізуге лицен­зия алдық. 90-жылдары жұмыс бастаған кезімізде сақтандырушылар саны геометриялық прогрессиямен өсті. 1994-95 жылдары 600-700 компания бар еді. Солардан қазір екі компания қалған, соның бірі – біз. Біздің команда сенімділігі мен қабілетін дәлелдеу үшін көп тер төкті. КИАС ақпараттық аналитикалық жүйесін енгізу компания үшін ерекше маңызды оқиға болды: халықаралық рейтингке ие болдық, ребрендинг жасадық, өмірді сақтандыру бойынша еншілес компания аштық. Компаниядағы көпшілік көп тұтынатын өнім – автожүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігіне қатысты міндетті сақтандыру. Корпоративті сек­торда АвтоКАСКО, медициналық сақ­тандыру, мүлікті сақтандыру танымал болып саналады.

– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылға таман сала толықтай цифрланады деді. Сіздерде қызметтер мен процестерді цифрландыру қалай жүзеге асып жатыр?

Олег ХАНИН:

– Сақтандыру нарығындағы цифр­ландыру бірінші кезекте 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды по­лис­тің және онлайн-сақтандырудың ен­гі­зілуімен байланысты. Соңғы жылдарда белең алған нарықтағы мұндай ең ауқымды технологиялық өзгеріс клиент
үшін ыңғайлы әрі тиімді. Кеңсеге баруға қажеттілік жоқ. Әрі электронды полисті сату кезінде клиентке 10 пайызға дейін жеңілдік те жасай алады. Онлайн-тө­лем де клиентпен қарым-қатынасты оңай­­латады, сервис көрсеткіштерін кү­­шейтеді. Процедураларды цифр­лан­дыру жаңа IT-өнімдерді енгізуге және да­йын процестерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Жаңа цифрлы өнімдер сатылымды да арттырады, сервисті де жақсартады. Қазір отандық компаниялар мобильді қосымша шығарып, мессенджерде чат-бот ашуда. Жақын келешекте ақылды сақтандыру технологиялары енгізілмек. Мұндай технология­лық өзгерістер сақтанушылардың жеке дерек­терін қорғауға, кибералаяқтармен күресуге жағдай жасайды.

Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:

– Жазатайым оқиғалардан жұмыс­шы­ларды міндетті сақтандыру келісім­шартын қашықтан жасайтын onl.kz және өмірлік ерікті жинақтаушы сақтандыруға негізделген nomadcapital.kz сайттарын қолданысқа енгіздік. Клиенттермен онлайн қарым-қатынасқа көшу бойынша алға ауқымды міндеттер қойып отырмыз. Қазірдің өзінде клиенттер жеке кабинеті арқылы компания туралы біле алады, кезекті төлемдерін жасайды, түрлі функциялар бойынша онлайн-өтініш бере алады.

Раушан ЕРЖАНОВА:

– Бізде онлайн сақтандыру қызмет­кер­лердің қатысуынсыз жүзеге асырылады. Қазір автокөлік иелерінің жауап­кершілігі бойынша міндетті сақтан­дыру келісімшартына қатысты қағаз полис­тер жоқ. Барлық сақтандыру компа­ния­ларының сайты арқылы клиенттер өз бетінше анкета толтырып, сақтандыру сыйақысын есептеп, интернетпен төлем жасап, бірыңғай сақтандыру деректер базасынан өз сақтандыру полисінің бірегей нөмірін ала алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ерікті сақ­тан­дыруды онлайн режімге көшіру тәртібін және сақтандыру төлемдерін реттеуге қатысты процестерді анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.

Назым БЕКБОЛАТОВА:

– Банкте немесе поштада кезекте тұрып операциялар жасайтын кез кел­меске кетіп барады. Қазір түрлі құ­жат­­тарды да тасып жүрудің керегі жоқ. Бұл өте ыңғайлы, уақытты үнем­дей­ді. Бұдан сақтандыру саласы да тыс­қа­ры қалмайды. Қазір клиенттеріміз сақтан­ды­ру төлемдері мен рәсімдеуді онлайн фор­матта іске асырады. Сақтандыру на­ры­ғының бір бөлшегі ретінде біз де бұл процеске бел­сенді араласамыз және әрі қарай цифрлы қызметтерді дамытамыз.

– Клиенттерге unit-linked инвес­тициялық құралын ұсындыңыздар ма? нарықта жаңа шетелдік өнім­дер­дің пайда болуы саладағы бәсекелес­тік­ке қалай әсер етеді?

Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:

– Nomad Life – өз клиенттеріне Unit-linked инвестициялық сақтандыру өні­мін ұсынып отырған өмірді сақтандырушы бірегей компания. Қыркүйектің қоры­тындысы бойынша 2021 жылы жи­нал­ған сыйақы портфелі 8,4 млрд тең­гені құрады. Инвестициялық өнім клиенттерді қызықтырады, өйткені оның механизмі қарапайым және табысы да әжептәуір жоғары. Unit-linked – инвес­тицияларды ұзақ уақытқа сатып алып, ұстап тұруға болатын пассивті инвес­тиция. Бұл ұзақ мерзімді инвесторлар­ға қолайлы. Біздің бағдарламамызда
клиент инвестициялау стратегиясын өзі таңдайды және өзі басқарады. Ол үшін қор нарығының ұңғыл-шұңғылын білу­дің де керегі жоқ. Өзіміз әрбір инвес­тициялық портфелдің (олардың саны бізде – 10) табыс тарихы туралы терең талдау ұсынамыз. Клиент тәуліктің кез келген уақытында жеке кабинетіне кіріп, қаржысының айналымын бақылап, бір портфельден екіншісіне ауыса алады. Биылдан бастап бағдарлама тағы бір бонус ұсынды – 10 пайыздық салық жеңілдігі (жылына 320 АЕК-тен аспайтын төлемге). Бұл жеңілдік келісімшарт жасау және шотты толтыру кезінде әрекет етеді.

Инвестициялық сақтандыру өнім­дері банк депозиттеріне тамаша альтер­натива. Бірақ инвестициялау тәуеке­лінің де клиент мойнына артылатынын ұмытпау керек. Қор нарығында клиент­тің еселеп табыс табуы да, түк кіріссіз қалуы да мүмкін. Клиенттеріміз үшін әртараптандырылған бірнеше инвес­тициялық бағыт дайындап қойдық. Төменде іске қосылғалы бері (01.11.21) біздің инвестициялық портфеліміздің шартты бірліктерінің өсімі көрсетілген.

 

Портфель

Шартты

бірліктердің өзгеруі

Іске қосыл-ғаннан бері

Іске қосылған уақыт

АҚШ-тың 500 ірі компаниясы

36,4%

01.10.2020

Жоғары технологиялар

35,1%

01.10.2020

Қытай қор нарығы

-5,6%

01.10.2020

АҚШ-тың 100 ірі IPO компанясы

-0,2%

04.02.2021

Энергетика

98,6%

01.10.2020

Денсаулық сақтау

27,2%

01.10.2020

Алтын өндіру

-14,6%

01.10.2020

АҚШ қазына­шы­лық облигациялары

-0,7%

27.07.2021

Еуропа қор нарығы

0,2%

29.10.2021

Ресей қор нарығы

0,2%

29.10.2021

 

 

Халықтың инвестциялық және ке­пілді ставкадағы сақтандыру өнімдеріне деген қызығушылығы артқан сайын эмитенттердің де қазақстандық қор биржасында қор жасауға деген мотивациясы артады. Әрине, бұл жағдай Қазақстан қор нарығын дамытуға серпін береді.

– Қазір ұйымдар клиентті көптеп тарту үшін және көп табыс табу үшін кепілді пайыздық ставкамен ше­тел валютасында сақтандыру өнім­­дерін белсенді ұсынып жатыр. Кейбір ұйымдар тіпті жылдық 3,5-4 па­йызға дейін мөлшерлеме ұсы­нады. Банктердегі депозит бойынша жыл­дық пайыздық ставка 1 пайыздан әрең асатынын ескерсек, клиент­терге сақтандыру ұйымдарының ұсы­нысы ұнайтыны белгілі. Сіздің ком­пания клиенттерге кепілді став­ка­мен шетел валютасында сақтан­дыру өнімдерін ұсына ала ма? Сәй­ке­сінше, компанияның жылдық инвес­тициялық табысы қандай?

Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:

– Біздің кәсіпорын – кепілді пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен шетел валютасында ерікті жинақтау сақтандыруды қолға алған компаниялардың алғашқысы. 2018 жылы жылдық тиімді ставкасы 3,41 пайызға дейінгі ZOLOTO NOMADOV деген валюталық бағдарламаны іске қостық. Неліктен жоғары кепілді ставка ұсына аламыз? Сақтандыру компаниялары бизнес моделінің екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы – компания міндеттемесі өз клиенттеріне берген несиемен емес, құнды қағаздармен қамтамасыз етіледі. Осы бизнес-модель арқылы сақтандыру компанияларының несиелік тәуекелі барынша басқарылады. Валюта міндеттемесін қамтамасыз ету үшін Nomad Life инвестициялық деңгейдегі (S&P, Moody’s, Fitch рейтинг агенттіктерінің «ВВВ-»-ден төмен емес деңгейі) Қазақстан резиденттері мен резидент еместердің мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздарын алды. Инвестициялаудың негізгі прин­циптері: шетел валютасындағы актив мөлшері шетел валютасындағы міндеттемелерден кем болмауы керек және активтердің кірістілік нормасы міндеттемелердің кірістілік нормасын жабады. Қалыптасқан инвестициялық портфель бойынша қазіргі табыстылық 7,62 пайыз, бұл міндеттемелер бойынша ставканы жабуға мүмкіндік береді.

– Биыл сақтандыру сый­ақы­ла­рының көлемі 10,5 пайызға, ал ак­тив­тер 19 па­йызға өсті. Мұндай өсім­­­нің сыры неде және сақ­тан­дыру өнім­дерінің қым­баттауына қара­мастан ерікті сақтандыруға деген сұра­ныс­тың күшеюін қалай түсін­діруге болады?

Ләззат БОРАНБАЕВА:

– Сақтандырушы активтеріне капитализация, сақтандыру резервінің өзгеруі, сақтандыру өнімдерінің шы­ғыны, сақтандырушының табысы, ак­тивтердің қандай формада, қандай ва­лю­тада сақталғаны, құнды қағаздар ба­ға­сының өзгеруі сияқты көптеген фак­тор әсер етеді. Мысалы, соңғы жылдары қор нарығының индекстері өсті, демек көптеген сақтандырушының ак­тивтері де көбейді. Расымен, соңғы жыл­дары сақтандыру сыйақысының өсуі бүкіл әлемде байқалып отыр. Бұл бірінші кезекте табиғи катаклизм, ауа райы өзгерістері, авиациялық апат, өн­дірістегі апат, COVID-19-ға байланыс­ты туындаған сақтандыру төлемдерінің көбеюіне байланысты. Әлемде болып жатқан баға үрдістері бізге де тікелей әсер етеді.

Біздің адамдардың санасында әлі кеңестік жүйенің сарқыншағы бар. Сол себепті, сақтандыру мәдениеті жет­кілікті деңгейде дамымай жатыр. Әлі күнге өрт болса, апат болса, мүлкіне зиян келсе адамдар мемлекеттен қолдау күтеді. Оның үстіне кейбір сақтандыру компанияларының сақтандыру төле­мінен бас тартуы да сақтандыру мәде­ниетіне кері әсерін тигізуде. Дегенмен адамдар сақтандырудың артықшылығын түсініп келеді, соған сай компаниялар да кәсіби қызмет етуге тиіс. Соған қарап одан әрі ерікті сақтандыру өнімдеріне сұраныс арта түседі деуге толық негіз бар.

– Сақтандырушыға да сақтық керек. Компанияда көпдеңгейлі өзін өзі қорғау жүйесі бар ма?

Назым БЕКБОЛАТОВА:

– Иә, ең басты нәрсе клиенттер мүд­десін қорғау болғандықтан компа­нияның өзі де қорғалған болуға тиіс. Клиент алдындағы қазіргі және келешек міндеттемесін кез келген уақытта то­лық көлемде орындай алуы және әр кез төлем қабілеті болуы үшін сақтанды­ру компаниялары істеуге тиіс заңмен бекітілген талаптар бар. Барлық талап халықаралық талаптар және төлем қабілеті стандарттарымен сәйкеседі. Бірінші ретте компания – жарғылық капиталдың минималды мөлшері, тө­лем қабілеті маржасының жеткілікті нор­мативі, инвестициялық қызмет, жоғары өтімді активтердің жеткілікті болуы және активтерді әртараптандырудың нормативі сияқты түрлі талаптарды орындауға міндетті. Осы көрсеткіштер арқылы өмірді сақтандыру әлемде тұрақты болып отыр.

Компания ішінде де түрлі комитеттер жұмыс істейді. Олар инвести­ция мен сақтандыру тәуекелдерін қа­растырады. Сөйтіп, ыңғайлы шешім қабылдайды. Сондай-ақ компанияның төлем қабілетін қамтамасыз етуге тиіс мамандар бар. Мысалы, актуарий, ол – сақтандыру ком­паниясы міндеттемесін бағалайтын, сақтандыру резервтерін есептейтін кәсіби маман. Түрлі тәуекелді бағалап, төлем қабілеті тестін жүргізетін тәуекел-менеджерлер бар. Одан бөлек, ішкі аудит, комплеанс-бақылау сияқты қызметтер де мүлтіксіз жұмыс атқаруы керек. Ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін ақпараттық қауіпсіздік және технологиялар бөлімінің де жұмысы айырықша маңызды. Сондай-ақ компаниялар өз тәуе­келдерін қайта сақтандыру жүйе­сін де пайдаланады. Яғни клиенттен қабылдап алған тәуекелінің бір бөлігін өзге сақтандырушы ұйымға бе­реді. Сөйтіп, өзін ықтимал ауыр әрі ірі шығыннан қорғайды. Осының бәрі компанияның көпдеңгейлі қорғау жүйесін қалыптастырады.

Раушан ЕРЖАНОВА:

– Компания қызметінде тәуекелдерді басқару ерекше маңызға ие. Компания ­саясатына сәйкес тәуекелді басқару жү­йесі құрылған. Соның аясында тәуе­келдер дер уақытында анықталып, шаралар қолданылады. Компания келесідей органдар мен бөлімдерді тарта отырып бірнеше деңгейлі тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптайды: директорлар кеңесі, басқарма, алқа-кеңес органдары, тәуекел-менеджмент бөлімі, ішкі аудит қызметі, комплеанс-бақылау қызметі және басқа да құрылымдар.

– Клиент неліктен сіздің ұйымды таңдауы керек?

Олег ХАНИН:

– Компанияның 30 жылдық тәжі­рибесі бәрін кәсіби түрде жоспар­лап, басқаруға мүмкіндік береді. Клиент қажеттілігін зерттей отыра өнім­дер ұсы­намыз. Барлық өңірде жұ­мыс істей­міз және әр клиентке қыз­мет көр­се­тіп, сақтандыру өнімдеріне қол­же­тім­ділік жасаймыз. Компанияның ма­ңызды сервистік құрамдас бөлігі – сақ­тандыру төлемдерін уақтылы қам­тамасыз ету және шағымдарды реттеу процесін оңтайландыру, клиенттерді ақпараттандыру және жаңа технологияларды қолдану тұрғысынан оның шағымдарды реттеу саясаты. A.M.Best халықаралық рейтинг агенттігінің бағалауы біздің компанияның ашық­тығын, ұстаным тұрақтылығын, өз мін­деттемелерін толық және уақтылы орындаудың жоғары қабілеттілігін көрсе­теді. Клиент пен серіктестер алдын­дағы міндеттемелерін орындаудың кепілі үшін CAT XL келісімі аясында компания барлық катастрофия­лық тәуекелдерді қайта сақтандырады. Біз­дің жаһандық серіктестеріміздің бірі – әлемдік нарықтағы лидер – Zurich Insurance Company компания­сы. Қаржылық есептілік аудитін халық­аралық Grant Thornton аудиторлық ком­паниясы жүргізеді. Сондай-ақ компания «Сентрас Коммеск Life» өмірді сақтандыру еншілес компаниясы» АҚ еншілес ұйымын ашты және екі меди­циналық клиника жұмыс істейді.

Раушан ЕРЖАНОВА:

– «Виктория» СК» АҚ жеке және заңды тұлғаларға толық кешенді және кәсіби түрде қызмет көрсетеді. Актив пен меншік капиталының көлемі, сон­дай-ақ андеррайтинг және қайта сақ­тандырудың тиімді саясаты кез кел­ген тәуекелге сақтандыру жасауға мүмкіндік береді. Тиісінше, компания клиент алдында өз міндеттемесін толық­қанды орындауға әрқашан кепіл болады.

Назым БЕКБОЛАТОВА:

– Компания клиенттер алдындағы міндеттемесін әрқашан орындайды және орнықты қаржылық көрсеткіштерімен сенімді сақтандырушы ретінде абырой-беделге ие. Компанияның бөліп-жара айтар негізгі басымдығы – әрбір клиентке жеке көңіл бөлуі, өмірді сақтандыру саласындағы халықаралық тәжірибе мен стандарттарды пайдалана отырып клиент қажеттілігіне орай жедел және кешенді шешім қабылдауы. Компанияда жергілікті және халықаралық сақтандыру компанияларында тәжірибе жинаған жас әрі күшті кәсіби мамандар жұмыс істейді.

– Пандемия және эко­номикалық құлдырауға бай­ланысты тәуекелдер, тең­генің құнсыздануы, инфля­ция өсі­мі компания жұмы­сына қалай әсер етті?

Назым БЕКБОЛАТОВА:

– COVID-19 сияқты пандемияны алдын ала болжап білу қиын, дегенмен сақтандыру саласы бұл сынақтан сәтті өтті, тіпті аталған қиын-қыстау кезеңде айтарлықтай өсім де көрсетті. Бұл ретте қаржы секторының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдаған қадағалаушының еңбегін атап өту қажет. Пандемия сақтандыру компанияларын өз процестеріне басқа қырынан қарауға, цифрландыру қарқы­нын жеделдетуге, технологиялық процестерге назар аударуға үйретті.

Олег ХАНИН:

– Көптеген сақтандырушы, оның ішін­де біздің компания да бизнесті жүр­гі­зуге қатысты көзқарасын қай­та қа­рады. 2020 жыл сақтандыру қызметтерін мей­лінше онлайн форматқа ауыстыру, қа­шықтан қызмет көрсету керегін ұғын­дырды. Бұл тек сатылымға ғана емес, шығындар мен басқа да процестерді реттеуге қатысты. Пандемия жақын уақытта цифрландырудың маңызды трендке айналарын көрсетіп берді. Сонымен қатар нарықтағы алапат өзгеріс медициналық нарықта (коронавирустан сақтандыру, телемедицина, қауіпті індеттерден сақ­тан­дыру) және өндірістің тұралап қалуы, кибертәуекел, қаржылық шығын жағ­дайында жаңа өнімдер жасауға ынталандырды.

– Кей елдерде сақтандыру секто­ры­ның табысы банк секторынан асып түсіп жа­тады. Қазақстандағы сақ­­тан­­дыру секторының тиім­ділігі қай деңгейде?

Олег ХАНИН:

– Ұлттық банк дерегінше биыл 8 айда сақтандыру саласының табысы 419,1 млрд теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда 50,4 пайызға өсім бар. Осы уақыт кезеңінде инвестициялық қызметтен 84 млрд теңгеден астам кіріс түскен. Былтырмен салыстырғанда 5,5 пайызға төмендеу байқалады. ІЖӨ-дегі сақтандыру секторы активтерінің үлесі 2,3 пайызды құраса, ІЖӨ-дегі сақтандыру сыйақыларының үлесі – 0,87 пайыз.

Раушан ЕРЖАНОВА:

– 2021 жылдың бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша сақ­тан­дыру қызметінен түскен табыс былтырмен салыстырғанда 56 пайызға жоғары. Сақтандыру төлемдері бойынша резерв 27,5 пайызға өскен. Ал операциялық қызмет шығындары – 63 пайыз. 6 айда сақтандыру секторының таза табысы 70,4 млрд теңге болды. 2020 жылдың 6 айымен салыстырғанда 6,6 пайызға көп. Сақтандыру сыйақысының өсуі сектор табысының 48,5 пайызға өсуіне (381 млрд теңгеге дейін) алып келді. Бұл ретте сақтандыру активінің орташа ыңғайлы тиімділігі аздап төмендегенін байқауға болады (2020 жылдың 6 айында 5,2 пайыздан 2021 жылдың 6 айында 4,5 пайызға дейін). Капитал тиімділігі де (ROE) 11,5-тен 10,3 пайызға төмендеген. Сондықтан нарық тиімділігі құлдырап тұр деуге болады. Бұл ретте нарықта тиімділігі орташа нарықтық көрсеткіштен жоғары тұратын компаниялар да бар. Осыған қарап келер жылы сақтандыру сыйақысының өсуі жалғасады, ал тиімділік теңеседі деген болжам бар.

– Соңғы жылдары зейнет­ақы ан­нуитеті танымал бола бастады. Жыл ба­сынан бері қанша клиент зей­нет­ақы аннуитеті келісімшартын жасады?

Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:

– 2021 жылы біздің компаниямен 3 мың­­нан астам зейнетақы аннуитеті ке­лі­сімшартына қол қойылды. Кейінге қал­дырылған зейнетақы аннуитетінің енгізілуі де бұған өз әсерін тигізді. Яғни клиент 40 жастан бастап компаниямен келісім жасасады, ал компания өмірді сақтандыру бойынша төлемді клиент 55 жасқа толған соң төлей бастайды.

Олег ХАНИН:

– Зейнетақы аннуитеті зейнетке ерте шығуға мүмкіндік береді: әйелдер – 52, ерлер – 55 жастан. 2021 жылы 55 жастағы ер азаматтар үшін зейнетақы аннуитетін рәсімдеудің жеткілікті сомасы 6,7 млн теңге болды, ал әйелдер үшін (51,5 жаста) – 9 млн теңге. Сонымен қатар 45 жаста кейінге қалдырылған зей­нетақы аннуитетін пайдалануға болады. Оны сатып алу үшін ер адамның шотында – 6,1 млн, әйел адамның шотында 7,7 млн теңгеден кем емес ақша болуы керек. Бұл ретте төлем 55 жастан бастап жасалады.

Жақында тағы бір өнімді енгізу көз­деліп отыр, ол – біріккен зейнетақы ан­нуитеті. Яғни ерлі-зайыптының зей­нет­ақы жинағын біріктіру және көп жағдайда әйелдерде зейнетақы сомасы аз болатындықтан әйелдің пайдасына табысты бөлістіру.