Иә, бір кезде сауатты ел едік. Несін жасырамыз, осы күндері жас ұрпақтың арасында сауатсыздық баршылық. Мектеп табалдырығын аттамағандарды да естіп қаламыз. Мына заманда сауатсыздық жуан жұдырықты шығармай қоймайды. Оның да елесі жоқ емес. Сауаты бар, оқығанның аты оқыған, тегі тексіз болмаса, әділетсіздік, әлеуметтік теңсіздік ес таптырмай жібермесе, бұзықтыққа, жолсыздыққа, көрнеу алдап-арбауға бармайды.
Жалпы, ретсіз де жүйесі кем, кей басшылар өзін көрсетіп қалу үшін, қаржы қарпу жолындағы реформалар білім ісі мен денсаулық саласын деміктіріп кетті. Енді сол берекесіз тірлікті жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алда сауатсыздық туралы айттық. Ақиқатты бүгін бүгіп қалмай айтсақ, ертеңіміз шаң-тозаңсыз, ұрпақ алдындағы міндет мінсіз болмақ.
Сауатсыздық дегеннен шығады, жұрт газет-журнал оқудан қалып барады. Қаланың кез келген жерінде тұратын дүңгіршектердің жұқанасы ғана қалды. Аудан орталықтарында бірлі-жарым. Бары жекенің қолында, өзі өндірмесе де, алып сатып тұрса да, оқып қалған оқырманның қалтасын қағып, білген бағасын қояды. Сайттан оқымай ма дейтіндер табылар. Дұрыс. Бірақ оған адамдар толық дайын ба еді? Әлеуметке делінетін әлеуметтік желіде бәрі бар, әрі мен нәрі келіскендері де, ала қашты, жұла қашты да, бұнысы несі дегізетін қоқыс та, өсек-аяң да, оны әр қырынан келіп, бас қоса қалса әңгімелейтін адамдар да аз емес.
Өркениетті деп өзеуреп жүрген елдерге барғанда таңғы оразаңды таңғы ас емес, табалдырықтан «сығалап» жататын басылымдармен ашасың. Біреу емес, бірнешеуімен. Біздердегідей санаулы бет емес, елу, жүз беттен асатыны бар. Ақтарсаң бәрін табасың.
Жалпақ әлемді таңғалдырып келе жатқан Жапонияның бас газеті он бес миллионға таяу таралыммен жарық көреді. Кешкі басылымдары да баршылық. Соған қарағанда газет керек болғаны ғой. Шетелге бір сапарымызда көлемді басылымдарды қолға алғанда, ескі ой-санамен, қағазға обал ғой, деп тіл безегеніміз бар. Біз үшін соны, олар үшін сүреңсіз пікірімізді асықпай тыңдап алған тазалыққа жауапты азамат, «сіздің қажетіңізді өтеген соң қайта өңдеуге жіберіледі, таза қағазға айналады.Осы үрдіс жалғаса береді» деп еді. Сол сәтте бізде қалай еді деген сұрақ көкейге кептелген.
Тіл байлығын жетілдіруде де, тіл тазалығын оңалтуда да, сауатты сөйлеуде де, сауатты жазуда да кітаптың, мерзімді басылымдардың алар орны өлшеусіз. Оны арамтер болып дәлелдеудің қажеті шамалы. Ағыл-тегіл технологияға телінген ақпарат құралдарындағы оғаштықтар, тәйт демеудің кесірінен, онда қызмет етіп жүрген кейбір жас толқын малға айтатын атауды адамға, адамға айтатын сөзді малға теліп, төбе шашыңды тік тұрғызатын болып жүр.
Тілі мүкістердің, намыстан айырылған, қанаты қайырылғандардың жат тірлігі жиіркентумен келеді. Оларға ұлттық ұғымнан гөрі жат ағым жақын. Тіліміздің отыз жылдан бері оңалмай, басынан шарбы бұлттың сейілмей келе жатқаны содан болу керек. Осындай кезде тасқа қашалып, бүгінге жеткен тарихымыз таңбаланған басылымдардан қол үзіп, оны жұрттан алыстату абырой әпермесі анық. Заман деп сол заман ағымының жетегінде желіккендердің соңы сорға айналмай қоймайды.
Ендеше технологияның дәуірі деп, небір өзгерістерді қабылдағанмен, ескі де болса жаңа, әрбір тыныс белгісінен бастап, сөйлем мен сөз бір емес, бірнеше сүзгіден өтетін газет-журнал материалдары тасқа басылған тарих десе болар. Сонымен бірге, ұлт тілінің тасқа басылған байлығы, келешекке қалар асыл мұрасы да. Көгілдір экран тіл байлығынан гөрі қызық қуған жарнамаға бейім тұрады. Бұл керек, бірақ ұлт тілінің құнын түсірмей, әрін кетірмей, әр тіркестің түпкі мағынасына бойлап, қазақтың жауһар сөзін бастау суындай мөлдіретіп айтса, бай деген тіліміздің бағы жарық жұлдыздай жанар еді.
Иә, бүкіл тарихымыз тастағы жазумен жетіп отыр. Содан да шығар, жұртының көсегесін көгертсем деген Ахмет Байтұрсынұлы: «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі. Екінші: газет – жұртқа қызмет ететін құрал. Үшінші: газет – халыққа білім таратушы. Төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы» дейді.
Осы төрт қағида әлі күйіп күн тәртібінде тұр. Ендеше газетке деген көзқарас қылиланбай, түзелгені жөн секілді. Жұрт айтумен емес, өзі жұмылса деген тілек бар. Әсіресе елдегі зиялы саналатын ұстаздар, өзге де азаматтар ұйытқы болса, қане! Бұлай деуімізге бір себеп, мұғалімдерге қажет делінетін бұрынғы басылымдар жоққа тән. Барының сапасы көп жағдайда көңіл көншіте бермейді. Іргелі басылымдарды алып отырса, пән оқытушысының елдегі өзгерістерді білумен қатар, әр тақырыпты толықтыруға мүмкіндік туады. Қауыммен жүздесіп, ой бөліскенде де жүйелі сөйлеуге жол ашылары анық.
Шыққан газетті тарату жағы қай жерде де олқы соғып жатқаны ақиқат. Бұл да ойға қалдырады. Өзіміз үлгі тұтқан жұрттар соңғы уақытта телефон телмірткен ақпараттан жалықты ма, әлде сансыз сәуле жанарды жеп бара жатқан соң ба, кітап пен газет-журналдарға қайта бет бұра бастады. Қызығынан шыжығы аз болмай тұрған әсіре қызылдан біз де келе-келе бой тартармыз.
Мұғалімдер газет бетінде әдістеме, сабақ беру тәсілінен пікір алысуға да құқысы бар. Бұл – бұрыннан бар үрдіс. Бұрынғыдай емес, ұстаздардың айлығы жыл санап өсіп жатыр. Мұндай кезде білім жаршысы рухани құндылыққа да жете мән беріп, қатар алып жүрсе, ұрпақтың да үйренері көп болары сөзсіз. Ала-құла әлеуметтік желімен бірге, ақ қағаз бетіндегі маржандай тізілген таңбалардан асыл сөзді саралап оқу да көңілдің көкжиегін кеңейтері анық.
Қазір қалтасынан қаржы шығарып жазылған басылымдарды халық дер кезінде ала алмай жүрген жайы бар. Себебі тасушы тұрақтамайды. Ол үшін оларды кінәлаудың орны жоқ. Айлығы шайлығына жетпесе, жағдайы көңіл көншітпесе қайтеді? Телефон шалудан шаршаған кейбір оқырман амалы таусылған соң, елорданың орталығындағы «Қазпошта» ғимаратына барады. Солардың қатарында біз де бармыз.
Енді астананың өзінде аптасына бір рет келетін газет-журналға жазылудың қажеті бар ма дегендер де табылып жатыр. Ал қияндағы ауыл тұрғындары басылымдардан алыс қалғалы қашан. Бірлі-жарым көне көздер сұрапыл жылдарда да ат үстіндегі пошташыны көруші едік дейді көзін көлегейлеп. Тіпті сергектері композитор Қ.Мусиннің «Почтальон» ( сөзі С.Хангелдиндікі) әнін еске түсіріп, «Қуаныш сөмкем толы арқалаған, Сәлемхат әр ауылдан, әр қаладан. Алғысым жұрттан алған хаттан да көп, Сондықтан осы міндет артық маған» деп келетін әуенімен астастырады.
Егер бәрін жаңа заманға теліп, нарық деп арқаны кеңге салып жүре берсек, біраз басылымнан көз жазып қалуымыз мүмкін. Бардан айырылғанымыз да жоқ емес. Соның аяғын құшқалы тұрғандар да бар секілді. Сондықтан жұрт болып жұмылып, жағдайға қарай басылымдарға жазылсақ, ұлт ұтылмас еді, тіл тірегі беки түсер еді. Бұл іске жүйелілік керек. Көп істің түбіне осы жүйесіздік, өзімбілемдік, бас-басына билік құру жетіп жүр. Елдік іске үлес қосайын, газет-журналға жазылайын десе, қысқа жіп байлауға келгенмен күрмеуге келмейді деп, қаржыдан қиналғандарға ауқаттылар, жаңа терминмен сөз сабақтасақ бай-бағландар қол ұшын созса, нұр үстіне нұр болып, қазақ басылымдары серпілер еді.
Халық талабын қанағаттандырып, қазір қадірі кетіп тұрған хат тасушының беделін көтеру үшін ертең емес, оқырманды бүгін бәрекелді дегізерлік шара жүзеге асса, салғырттықтан құтылып, серпіліс туар еді. Жазылған газет-журналдарын халық уақтылы алып, селқостық жойылар еді. Ана ғасырдың басында, «Ақ жол» газетінің үш жылдығында ұлтым, жұртым деген М.Дулатұлы: «Ерік те, ерлік те, не тілектің бәрі де мәдениетті өркендету арқылы ғана табылады деп, иман келтіру керек» деп, «баспасөзіміз не күйде?» деген сұрақты төтесінен қойып, оған: «Құдай өзі кешірер» деген бір намаздың үмітіндей, «Көш жүре түзеледі» деген мақалға сүйене берудің керегі жоқ, көштің түзелетін кезі болды. Көшті түзеу керек, көшті оңға бастау керек» депті.
Рас сөз. Рас сөзді діттеген мәреге мүлтіксіз жеткізу үшін Алаш арысының аманатын орындасақ, бітпейтін іс, атқарылмайтын жұмыс, қадірі кеткен беделдің қайтпайтыны бар ма?
Сүлеймен МӘМЕТ