Ресейдің Орынбор облысында туып-өскен қазақ спортшысы үшін бұл UFC-дегі бесінші бәсекесі болмақ. Бұған дейін Дамир Аустралияда Алекс Горджис, Чехияда Хоэль Альварес, Қытайда Тиагу Мойзес және Америкада Рафаэль Алвистен айласын асырды. Осыдан дәл екі ай бұрын қандасымыз Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласындағы жарыста ресейлік Магомед Мұстафаевпен күш сынасуға тиіс еді. Алайда ол артық салмағынан арыла алмай, соның салдарынан бұл жекпе-жек өтпей қалды.
Дамир Исмағұловтың қарсыласы жайында айтар болсақ, 26 жастағы Насрат Хакпарасттың ата-анасы кезінде Ауғанстаннан Германияға қоныс аударған. Спортшының өзі Гамбург қаласында дүниеге келді. Алғашында кикбоксты серік еткен ол 2012 жылдан бері аралас жекпе-жекте бақ сынауда. Сол аралықта 17 рет октагонға шыққан Хакпараст 13 бәсекені өз пайдасына шешті. 9 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.