Алыптар көшін WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Тайсон Фьюри бастап тұр. 33 жастағы Ұлыбританияның мақтанышы кәсіпқой рингте 32 кездесу өткізіп, 31 рет жеңіске жетті. 22 қарсыласын ұрып жықты. Тағы бір бәсекеде тең түсті. Яғни өз карьерасында ол бірде-бір рет жеңілген жоқ. Екінші орында – Александр Усик. Бұған дейін бірінші ауыр салмақта күш сынасып, қарсылас шақ келтірмеген 34 жастағы украиналық боксшы 2019 жылдан бері алыптармен айқасуды құп көрді. Сол аралықта WBA super, WBO, IBF және IBO нұсқаларының алтын белбеулерін алып та үлгерді. Чемпиондық бәсекеде дәл сол Усиктен ұтылған ұлыбританиялық Энтони Джошуа үшінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ Деонтей Уайлдер (АҚШ), Диллиан Уайт (Ұлыбритания), Джозеф Джойс (Ұлыбритания), Джозеф Паркер (Жаңа Зеландия), Энди Руис (АҚШ), Луис Ортис (Куба) және Фрэнк Санчес (Куба) сынды гүрзі жұдырықты жігіттер үздік ондықтың қатарына енді.
Қазақстанның боксшылары арасында ең тәуір нәтиже Жан Кособуцкийге тиесілі. 33 жастағы жерлесіміз қазірде 37-орынды иеленуде. 31 жастағы Иван Дычко 55-сатыға жайғасты. Бір айта кетерлігі, бұл боксшылардың екеуі де Қостанай облысының тумалары.