Жастардың
қарқыны жақсы
Сербияда өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Сәкен Бибосынов (51 кг), күміс жүлдегер Сабырхан Махмұд (54 кг) пен Серік Теміржанов (57), үздік үштіктен көрінген Абылайхан Жүсіпов (67) және жаһан жарысында маңызды кездесулер өткізген Асланбек Шымбергенов (71 кг) ұлттық құраманың көшбасшылары екендігі сөзсіз. Сондықтан аталған боксшыларды әлемдік додадан кейін Қазақстан біріншілігіне қатысудан босатқан едік. Соған қарамастан, алғашқы күндерден бастап чемпионаттағы жекпе-жектер өте тартысты өтті. Біріншілікке тәжірибелі боксшылармен қатар жастар арасында үздік нәтижеге қол жеткізгендер де қатысты. Осы сәтті пайдаланып, турнирді жоғары деңгейде өткізген Қазақстан бокс федерациясы басшылығына, жарысты ұйымдастыруға қатысқан әрбір азаматқа алғыс айтқым келеді.
Финалдық айқастарға келсек, 48 кило салмақта жастар арасында Азия және әлем чемпионы Санжар Ташкенбай мен ересектер арасында 2020 жылғы Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының финалисі Даниал Сәбит арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Екеуі де жеңіске лайық боксшылар. Әйтсе де жекпе-жекте Санжар Ташкенбай 4:1 есебімен жеңіске жетті. Жарыстың «Үздік боксшысы» атағына да Санжар Ташкенбай ие болды.
51 кило салмақ дәрежесіндегі Нұрсұлтан Нуриддинов пен Дамир Әбдіқадыр арасындағы финалдық айқаста бәсеке күшті екенін көрсетті. Нәтижесінде, әскерилер арасында Ресейде өткен әлем чемпионатының финалисі Дамир Әбдіқадыр қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды.
54 кило салмақтағы Олжас Байниязов пен Талғат Сырымбетов арасындағы айқас бірінші секундтан бастап тең дәрежеде өтті. Олжас та әскерилер арасында әлем чемпионы атанған боксшы. Төрешілер екі раундта жеңісті Талғат Сырымбетовке берсе, бір раундта жеңісті Олжас Байниязовқа берді. Қорытындысында Талғат қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.
Орта салмақта бәсеке өте жоғары
57 кило салмақтағы Оразбек Асылқұлов пен Айдос Арапов арасындағы кездесу де өте тартысты өтті. Жеңіске екі боксшы да лайық еді. Төрешілер екі раундта Асылқұловты жеңіске жетті десе, бір раундта Араповтың басымдылығын жоғары бағалады. Қорытындысында 3:2 есебімен Асылқұлов Қазақстан чемпионы атанды. 60 кило салмақта да тәжірибелі боксшылардың қатары көп болды. Финалдық айқаста Әділет Құрметов бірінші раундта жеңіске жетті. Ал екінші-үшінші раундта оның қарсыласы Василий Самчук белсенділік танытты. Үш раундтың қорытындысы бойынша барлық төреші Самчукті жеңіске лайық деп таныды.
63,5 кило салмақта Ділмұрат Мижитов үздік атанды. Финалда ол Абзал Серіктен 1-2 раундтарда 2:3 есебімен жеңіліп тұрған. Алайда жеңіліп жатқанын білген Мижитов үшінші раундта барын салып, 5:0 есебін тіркеді. Нәтижесінде, 3:2 есебімен Мижитов жеңіске жетті. 67 кило салмақта Дулат Бекбауов Дархан Дүйсебайды 5:0 есебімен таза жеңіп, өзінің мықты екенін дәлелдеді.
Кішігірім сенсация тіркелді
71 килода финалға жеткен Ермахан Жақпеков пен Қуан Қуатов екеуі де тәжірибелі боксшылар. Тартысты өткен кездесуде төрешілер жеңісті бірінші раундта – Жақпековке, екінші раундта – Қуатовқа, ал үшінші раундта қайтадан Жақпековке берді. Ал 75 кило салмақта рингке шыққан Нұрқанат Райыс пен Аятулла Такижанов арасындағы жекпе-жек жоғары бағалауға лайық. Бұл сында сәл ғана басымдықпен (3:2) Нұрқанат Райыс алда болды.
80 кило салмақта финалға дейін жеткен Жәнібек Қартбаев чемпионатта кішігірім сенсация жасады. Ол турнир барысында құраманың үздік деген екі боксшысын жарыс жолынан шығарды. Алайда финалда Нұрбек Оралбайдан 0:5 есебімен жеңіліс тапты. Алдағы уақытта Жәнібекті халықаралық жарыстарға қосуға әбден болады. 86 кило салмақта Сағындық Тоғамбайға тең келер ешкім болған жоқ. Онымен финалда жолы түйіскен жас боксшы Мәди Әміров тәжірибелі қарсыласпен жұдырықтасуға әлі дайын емес екенін байқатты.
Рингке шықпай-ақ қола жүлдегер атанды
92 кило салмақта халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Айбек Оралбай мен Абзал Құттыбеков арасындағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Айбек былтырғы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанса, Абзал қола жүлдегер иесі. Бұл жекпе-жекте жанкүйерлердің көңілінен шығатын соққылар өте көп болды. Бірінші раундта Айбек басымдық танытты. Екінші раундта Абзал таразы басын теңестірді. Шешуді кезеңде сәл ғана басымдықпен Айбек жеңіске жетті. 92 килодан жоғары салмақта финалға шыққан Нұрлан Сапарбай мен Аманат Сабырғалидың бокс мәнеріне көңіліміз толғанымен, алдағы уақытта олардың шеберлігін шыңдау барысында көбірек жұмыс істеуге тура келеді. Екі боксшы да жоғары деңгейде өнер көрсеткенімен, жетілдіретін тұстары бар. Бұл сында Нұрлан Сапарбай басым түсті.
Барлығын қосқанда алдағы уақытта ұлттық құрама сапына 52 боксшы шақырылады. Кейбір салмақтардан құрамаға 2-3 боксшы ғана алынады. Мысалы, 92 килода бес-ақ боксшы өнер көрсетті. Арасында Бексұлтан Орынбай рингке шықпай-ақ қола жүлдегер атанды. Олардың арасынан қалай біз төрт боксшыны құрама сапына қосамыз?! Сол себепті бапкерлер алқасы ақылдаса келіп, әрбір салмақта мықты деген боксшыларды құрамаға шақыратын болады.