Тәуелсіздік жылдарында осы ресми құжаттар мен бағдарламалардың негізінде іске асырылған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ашаршылық нәубеті мен жаппай саяси қуғын-сүргін мәселесі дербес қарастырыла бастады. Өйткені заман талабы кеңестік дәуірдің ең қасіретті кезеңдерін көрсететін деректерді арнайы зерттеуді қажет етті. Бұған жауап беру үшін, әрине Қазақстанда дүркін-дүркін орын алған ашаршылықтар (1917-1918; 1921-1922; 1931-1933) мен саяси қуғын-сүргiндердің (1918-1937; 1950-1986) тарихи бастауына, яғни өткен ғасырдың басындағы большевиктердің үздіксіз революцияларының түп-тамырларына қайта үңілуге тура келді.
Кезінде тарихшы-демограф Мәлік-Айдар Асылбеков «1933-1937 жылдардағы Бүкiлодақтық құпия санақ» мәлiметтерiн жариялады. Онда КСРО халқының саны да әртүрлi берiлген. Айталық, 1933 жылы 168 млн, 1937 жылы 180 млн және 162 млн адам деп көрсетiлген. Бұл кеңестiк санақтың құпиясы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарының санын әлемдік қоғамдастықтан жасырумен түсiндiрiлсе керек. Ал өткен ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақтың жалпы саны – 6 млн шамасында болса, ашаршылық пен репрессия жылдары тең жартысынан астамы құрбан болған. Тіпті, соңғы сандық мәліметтер бұдан да жоғары. Оған Көшім Есмағамбетовтің зерттеулері айғақ, оның пайымдауынша, «зерттеушілердің өмірге келмеген ұрпақтың саны туралы мағлұматтарын есептегенде, 1932-1933 жылдары қазақтар 4 млн жуық адамнан айырылған».
Жуырда кеңестік саяси науқандар кезінде бұрмаланған заңсыздықтарға әртүрлі формада қарсылық көрсеткен жекелеген адамдар мен қоғамдық-саяси топтардың өкілдерін анықтау мақсатында Мемлекеттік комиссияның мүшесі, Жобалық кеңсенің жетекшісі Сабыр Қасымов бастаған ұйымдастырушылар кезекті топтық семинар өткізді. Онда көптеген түйінді мәселелер ортаға салынып, талқыланды.
Басқа өңірлермен салыстырғанда, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 25 адамнан тұратын Өңірлік комиссия мүшелері арнайы архивтер мен республикалық, қалалық архивтердегі ізденіс жұмыстарын кеш бастағанымен, 5 айдың ішінде 5 жұмыс тобы бойынша зерттеудің негізгі бағыттарын анықтады. Айталық, ақталмаған күрескерлерді анықтау мәселелері бойынша жасақталған 1-топта жұмыстың үш бағыты айқындалды.
Бірінші бағыт. Алаш қозғалысындағы ақмолалық күрескерлердің (жекелеген адамдар, топтар, ұйымдар мен партиялар) азаттық жолындағы күресі (1916 жылғы көтеріліс кезіндегі мәселелер де қамтылады, архиві Омбы, Том қаласында сақталған);
Екінші бағыт. Тәркілеу кезіндегі ақмолалық байлардың адам бостандығы және өмір сүру құқығы үшін күресі (тәркілеу кезінде алыс-жақын аймақтарға жер аударылғандардың шағымдары қарастырылады, архиві Алматыда ҚР ОМА, ҚР ПА сақталған);
Үшінші бағыт. Соғыстан кейінгі жылдардағы ақмолалықтардың адам құқықтары мен азаттық жолындағы күресі (қылмыстық іске тартылғандар мен олардың отбасы мүшелерінің шағымдары қарастырылады, оның архиві Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы мекемелерде сақталған).
Бірінші бағыт бойынша, Ішкі істер министрлігі Ақпараттық-сараптамалық орталығы арнайы архивінің мәліметтеріне қарағанда, 1920-1950 жылдары аралығында Ақмола облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы саны – 6090, соның ішінде ақталмағандары – 429. Ақмола қаласы бойынша қуғын-сүргін құрбандарының жалпы саны – 6832, соның ішінде ақталмағандары – 616. Бұдан шығатын қорытынды, Ақмола облысымен салыстырғанда Ақмола қаласында саяси науқан құрбандары – 742 адамға, сәйкесінше ақталмағандары – 187 адамға көп.
Жұмыс барысында Алашорда тарихына қатысты «Ағайынды Әділевтер ісі» немесе «Әділевтер бандасы» бойынша бірқатар мәселелер анықталды. Түбі ақмолалық Байсейіт, Дінше (Мұқыш, Дінмұхаммед), Асқар, Әбуәлі, Әбубәкір, Жолдасбай Әділевтер (туысқан ағайындарын қосқанда – 10 адам, кейіннен барлығы 17 адамға іс қозғалған) бастаған топ тәркілеу науқанына наразылық акциясы ретінде малдарын Сарысу ауданынан Шу бойындағы Әулие Ата жеріне қарай айдап, әрі қарай тұйықталған аймақтарға өтіп кеткен. Олардың Кеңес өкіметіне қарсылығы 1922 жылғы «Әбубәкіров ісінен» басталады. Ал «Ағайынды Әділевтер ісі» тәркілеу басталған кезде қозғалған, оған «Алаш» қозғалысының жетекшілерінен бастап, бас-аяғы 90 адам тартылған. 1928-1930 жылдары бұл іске қатысты жазалау жұмыстары Сырдария (Шымкент, Қызылорда) округінде жалғасады. Осы ретте біз, Түркістан облысы бойынша өңірлік комиссияның жұмыс тобымен әріптестік байланыс орнатуға дайынбыз. Екіншіден, бірлесе отырып, осы кезеңдегі шекаралас аудандарды, ішкі миграция мен халықтар географиясындағы өзгерістерді анықтап алуымыз қажет. Ақмола облысының әкімшілік-территориялық бөлінісіндегі өзгерістерге байланысты қоғамдық топтар мен саяси ұйымдардың қозғалысын жан-жақты зерттеп, картасы жасалса, артық болмайды.
Екінші бағыт бойынша, тәркілеу кезінде 1928 жылғы Ақмола округтік советі президиумының шешімімен Атырау округіне жер аударылған 46 байдың ішінде Қазтай Құндақұлының Қазақстан Орталық атқару комитеті орталық комиссиясына жазған шағымына қатысты ой-пікір туындады. Осы күнге дейін жарияланғаны бар, жарияланбағаны бар осы сарындас көптеген арыз-шағымдардың мәтінін терең зерттеу арқылы, орталық кеңестік билік пен оның жергілікті өкілдерінің заңсыз әрекеттерге баруының басты себептері мен салдарын айқындап, байлардың әділеттілік үшін күресіне объективті тұрғыдан баға беруге болады.
Үшінші бағыт бойынша, соғыстан кейінгі жылдары майданнан немесе тұтқыннан елге оралған адамдардың ішінде әскери трибуналдың шешімінсіз сотталғандардың барлығын саяси қуғын-сүргін құрбандары санатына жатқызған жөн. Өйткені соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы елдің кедейшілік күйін көргендер, кеңес-герман соғысына қатысқандар Германия, жалпы Еуропа халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының бізден әлдеқайда жоғары екенін сөз етіп, мүшкіл күйден соғысқа дейін де, соғыстан кейін де халқын құтқара алмаған мемлекеттің саясатына сыни көзқарасын білдірген. Бүгінде олардың бәрін жаппай қылмыскер ретінде қарастыруға болмайды.
Қараша айында өткен топтық семинарда көтерілген осы және өзге де мәселелер бойынша мынадай ұсыныстар жасалды: 1) арнайы архивтердегі Алашорда тарихына қатысты материалдар мен 1920-1930 жж. саяси науқандардың құжаттарын құпиясыздандыру мәселесін толық шешу; 2) әскери трибунал шешімінсіз сотталған адамдарды саяси қуғын-сүргін құрбандары санатына енгізу; 3) ұйымдастырушылар тарапынан зерттеуші-ғалымдардың «архив өндірісіндегі» жұмысының аз уақытта нәтиже бермейтінін үнемі назарда ұстау; 4) Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланың әр кезеңдердегі әкімшілік-территориялық бөлінісіндегі өзгерістерге байланысты туындаған ортақ мәселелер бойынша Өңірлік комиссиялардың (Нұр-Сұлтан қ., Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Атырау облысы) бірлескен семинарларын ұйымдастыру; 5) облыстардың әкімшілік-территориялық өзгерістер картасын жасау; 6) мемлекеттік комиссия тарапынан ақмолалық бай Қазтай Құндақұлының қазіргі Ақкөл қаласындағы 1914 ж. салынған үйін қалалық тарихи-өлкетану музейіне айналдыруға ықпал ету.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғарыда аталған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін зерделеу және шешу туралы» Жарлығын іске асыруда жанкештілік танытып, тер төгіп жүрген зерттеуші-ғалымдардың ерен еңбегі ақталып, тарихи әділеттілік салтанат құрсын, азаттық пен тәуелсіздік жолындағы ақталмаған күрескерлердің есімдері елдің жадында мәңгі сақталсын, жас ұрпақтың тарихи санасы одан әрі жетілдіріле түссін дегіміз келеді.
Күлпаш ІЛИЯСОВА,
тарихшы-ғалым,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры