Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2021

Экология министрлігі БАҚ таратқан хабарды жоққа шығарды

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда бірқатар қазақстандық интернет-ресурстар 2021 жылы балық өндірісі көлемінің 2 есе азайғандығы туралы ақпарат жариялаған. Бұл ретте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл ақпараттарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экология министрлігі БАҚ таратқан хабарды жоққа шығарды

ҚР Статистика жөніндегі ұлттық бюросының сайтында жарияланған ресми статистикалық есепке сәйкес, 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында елімізде басқа тәсілмен дайындалған немесе консервіленген 11,6 мың тонна балық, уылдырық және оның алмастырғыштары өндірілді. Биылғы жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 13,7%-ға артық болып, 12,3 мың тоннаны құрады.

Балық пайдалану ресурстарының теңгерімін есептеу бойынша ҚР СЖжРА Ұлттық бюросының әдіснамасына сәйкес, бұл көрсеткішке 100 адамнан кем кәсіпорындар кірмейді, ал балық саласында негізгі үлес тоқсан сайын есептілік ұсынатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі, тиісінше сайтта орналастырылған 2021 жылғы көрсеткіште биылғы жылдың 4 тоқсанындағы кәсіпорындардың өндіріс көлемі ескерілмеген.

Бұдан басқа, 12,3 мың тонна көрсеткіші қорытынды көрсеткіш емес (2021 жылдың 11 айында) және өңдеуші кәсіпорындардың жұмысын ескере отырып, желтоқсанда жылдық көрсеткіш артады.

Осылайша, бұл деректер керісінше, 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы балық өнімдерін өндіру көлемінің өскенін көрсетеді.

Республика бойынша 2020 жылдың 11 айында балық аулау 45,3 мың тоннаны құрады, ал биылғы жылдың осындай кезеңінде 48,6 мың тонна балық ауланған, яғни өсім өткен жылға қарағанда 7,3%-ды құрайды.

Жалпы, республика бойынша 2021 жылдың қаңтар-қазан айларында өңделген және консервіленген балық, шаян тәрізділер мен моллюскалар өндірісінің көлемі 87,1 мың тонна балықты құрады. 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі 10%-ға немесе 8,8 мың тоннаға өсті.

Балық өсіру балық саласы дамуының өсу нүктесі болып табылады. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі индикаторы - өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту.

2021 жылы өсірілген балық көлемі 13,1 мың тоннаны құрады, бұл 2020 жылға қарағанда 31%-ға жоғары (9,0 мың тонна). Биылғы жылы әртүрлі әкімшілік кедергілерді болдырмайтын, рәсімдерді оңайлататын, нарық субъектілерінің мүмкіндіктерін кеңейтетін және олардың балық өндіруге арналған шығыстарын төмендететін бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданды.

Осылайша, министрліктің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерінен қоғамда қате пікір қалыптастыруға әкеп соғуы мүмкін, бұрмаланған ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында ақпараттың дұрыс көздеріне сенім артуды сұрайды.