Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2021

Азаттық пен елшілдік мұрат

359 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қоғамымызда өткен мен бүгінді тең парықтай отырып, елдік пен мемлекетшілдіктің қадірін, қасиетін, маңызын түсіну үдерісі жүріп жатыр. Бұл – «судың да сұрауы бар» деген халық даналығының ел жаңаруындағы көрінісі. Өйткені буын ауысады, жаңашыл талап-тілек пайда болады. Тіпті осыдан он жыл бұрынғы тұжырым мен өлшем де өзгерісті талап етеді.

Азаттық пен елшілдік мұрат

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

1993 жылы 14 сәуірде Қазақстан Республикасының «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданды. Елбасы 1997 жылды – «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 31 мамырды – «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп жариялағаны да жадымызда. Сол 90-жылдары тарих туралы ақпаратымыз да, большевиктік қуғын-сүргінді зерттеу жөніндегі әдіснама мен әдістемеміз де енді қалыптасып жатқан еді. Мұны айтасыз, дерек қорымыздың да бір бүйірі солғын тартып тұратын. Одан бері ширек ғасыр өтті. Азымыз көбейді, кеміміз толықты. Сана да, парасат та өсті. Кеңестік қысылып-қым­ты­рылу келмеске кетті. Аға буын былай тұрсын, азаттық тұсында өмірге келген бала: «Большевизм де, социализм де өз көрін өзі қазды. Жаңару көп нәрсені ойлантты. Кеңес дәуірінде қосақ ортасында жазықсыздан-жазықсыз, түрлі жаламен атылған, айдалған, азапталған, іздеушісі жоқ бейбақ жандарды моральдық тұрғыдан кім ақтайды? Осы қорлықты халқымыз тілеп алды ма? Оны бізге кім, қай жүйе әкелді?» деп ашық сұрақ қоя бастады. Тура халық пәлсапасындағыдай: «Таң атпаймын демейді, күн қоймайды; Сыр шықпаймын демейді, шын қоймайдының» кері келді.

Президент Қ.К.Тоқаев 2020 жылы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жө­нін­дегі мемлекеттік комиссия туралы» Жар­лыққа қол қойды. Арнайы мем­ле­кет­тік комиссия құрылды. Сол жылы 3 желтоқсанда Мемлекеттік хатшы Қ.Е.Көшербаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссияның алғаш­қы отырысында аталған комиссия қыз­ме­тін ұйымдастырудың міндеттері, негізгі басымдықтары, жұмыс жоспары талқыланып, қуғын-сүргінді зерттеп-зерделеуге қатысты салалық жұмыс топтары айқындалды. Мұнан кейінгі республикалық жиындарда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мен оның өңірлік филиалдарының қызмет жоспары, ғылыми-әдістемелік мәселелер талқыланды. Қуғын-сүргінге ұшыраған түрлі топтағы азаматтарды ақтауға жұмылған 11 жұмыс тобының іс-шаралар жоспары, тақырыптық бағдары, ғылыми-әдістемелік тәжірибесі талданатын жаңа форматтағы алаңдар жасақталды. Ішкі істер, қауіпсіздік, әділет салаларына қатысты орталық және жергілікті архивтерде ғылыми іздестіру жұмыстарын жүргізуге мейлінше жағдай туғызылды. Маңызды жұмысқа тартылған ғалым­дар­дың қызмет орындарында негізгі жалақысы сақталып, қосымша ынталандыру қаржы көздері де реттелді. Елі­міздің әкімшілік-территориялық бөлінісіне сәйкес 14 облыс орталығы мен республикалық дәрежесі бар 3 қаладағы (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) өңірлік комиссиялар жұмысы да басталған мемлекетшіл жұмыстарды қоғамның мейлінше толық сезінуіне оң ықпал етіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында: «Хал­қы­мыз егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені біз азат­тықтың құны қандай екенін жақсы біле­міз. Бостандық жолында талай ба­тыр­ла­рымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді» деген еді. Осы «азаттықтың құны», «бар сынақты қайыспай көтеру» мәні терең, мақсаты да айқын.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мен өңірлік комиссиялар Президент Жарлығының тұжырым-аңсарын, жаң­ғыр­ған елдіктің жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұл ретте репрессия тағылымын зерделеу бойынша астана мен облыстар арасын жалғастырып отырған ғылыми-әдістемелік жұмыс тетігіне тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз.

Арнайы құрылған мемлекеттік комис­сияның қызметін сүйемелдеу жөнін­де­гі жобалық кеңсе өз жұмысын талап деңгейінде кезең-кезеңмен атқарып келеді. Мұны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заңгер-ғалым, экс-сенатор С.А.Қасымов басқарады. Жобалық кеңсе мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы және қуғын-сүргінге ұшырағандар санаты бойынша өңірлік комиссиялардың жұмыс топтары іс-шараларын жүйелі үйлестіріп отыр. Біз ғалым ретінде екі арадағы ғылыми-әдістемелік, тәжірибелік пікір алмасу мен тұжырымдаманы салаландырудың тетігі – офлайн-онлайн форматындағы топтық (немесе ішкі бағыттар бойынша) ғылыми семинарлар екеніне көзіміз жетті. Бұған осы жылы өткізілген бірнеше шараны мысал етіп көрсетуге болады.

Ғылыми семинардың мақсаты – саяси қуғын-сүргін тақырыбындағы өзек­ті мәселелерді ашық, кәсіби негіз­де тал­қы­лай отырып, зерттеудің әдісна­ма­лық негізін, басты теориялық-әдістемелік ережелердің тәжірибедегі жүйесін, ізде­ніс нәтижелерін саралау, топтау, бағалау, қо­ғам танымы мен ғылыми мүдде арасын үйлестіру.

2021 жылы 29 қыркүйекте респуб­ли­калық жобалық кеңсе мен Алматы облысы өңірлік комиссиясы ұйытқы болған «Большевиктік-сталиндік өкі­мет­тің шаруаларға қатысты күштеп ұжым­­дастыру, азық-түлік даярлату т.б. саяси науқандарының құрбандары бо­йын­ша материал жинау тәжірибесін бөлісу» атты республикалық ғылыми семинары өтті. Жиында негізгі баяндаманы ҰҒА құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор марқұм Талас Омарбеков жасап, өңірлік жұмыс тобының жетекшілері белсене қатысты. Осы семинарда бас баяндамашы мәселенің ғылыми-әдіснамалық, елдік жауапкершілік сипатына айрықша назар аударып, жас ғалымдар үшін сая­си қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде ғылыми ұстаным бойынша шеберлік сыныбын өткізді десек те болады.

6 қазанда республикалық жобалық кеңсе мен Жамбыл облысы өңірлік комиссиясы бірлесе ұйымдастырған «Қуғын-сүргін құрбандары – Қазақстанға күштеп көшірілген этностар мен арнайы қоныстанушыларға қатысты материалдар жинау бойынша тәжірибе алмасу» атты республикалық ғылыми семинардың да берері, тәлімі көп болды. Жиында мәселенің ғылыми-заңдық негіздемесіне тоқталған Сабыр Ахметжанұлы «күштеп көшірілген этностар тағдыры – нәубатты жылдардағы Қазақстан тағдырының бір бөлшегі» екенін баса айтып, мұны зерттеуге түрлі этнос өкілдері қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Өңірлік комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары, саясаттанушы-PhD Дәулет Кәрібек осы бағыттағы жұмыс тәжірибесін ортаға салды. Бұл орайда тарих ғылымдарының докторы, танымал профессор Георгий Кан, Нұр-Сұлтан қаласы жұмыс тобының жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес, Алматы қаласы жұмыс тобының жетекшісі, «Возрождение» немістер мәдени-этностық қоғамдық бірлестігінің сарапшысы, тарих ғылым­да­рының кандидаты Юлия Подопригора, Қарағанды облысы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, Е.А.Бөкетов атын­да­ғы университеттің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Валерия Козина, т.б. ғалымдардың баяндамаларында көтерілген мәселелер, ұсынылған байыптамалар өзектілігімен ерекшеленді.

Жалпы, мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы және өңірлік комиссиялардың жұмыс топтары бірлесіп өткізген шараларда ғылыми дискуссия да, пайдалы кәсіби кеңес те қатар өріліп жатады. Мысалы, 13 қазанда республикалық жобалық кеңсе мен Түркістан облысы өңірлік комиссия­сы ұйытқы болған «Саяси қуғын-сүргін құрбандары – дәстүрлі дін өкілдері бойынша материалдар жинау, тәжірибе алмасу» семинарын алайық. Бұл тақырыпты да кейінгі жылдары ғана қозғауға мүмкіндік туды. Себебі маман қат, материал тапшы. Енді оған да ғылым мен ізденіс жарығы түсе бастағандай. Осыны айтқан республикалық жобалық кеңсе басшысы С.А.Қасымов дінтанушылар мен тарихшылардың алдына бірнеше елдік міндет қойды. Аталған бағытта баяндама жасаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жұмыс тобының мүшесі, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, танымал дінтанушы Досай Кенжетай, Батыс Қазақстан облысы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, Dana орталығының ғылыми қызметкері, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің доценті, ақын, жергілікті жұмыс тобының мүшесі Ақылбек Шаяхмет, Атырау облысы өңір­лік жұмыс тобының жетекшісі, Х.Дос­мұхамедұлы атындағы универ­си­теттің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан және өзге де азаматтар ел сенімі мен рухына арқау болған тұлғалардың тар жол, тайғақ кешуінен дәйек келтіре отырып, дін қайраткерлерін ақтау мен таны­малдандырудың жөн-жобасын ұсын­ды.

20 қазанда республикалық жобалық кеңсе мен Шығыс Қазақстан облысы өңірлік комиссиясы алаңы бірлесіп ұйым­дас­тырған «1916-1930 жылдары кеңес өкіметінің жазалаушы акциялары және түрлі зорлық-зомбылық, науқандар мен ашаршылық кезінде саяси қуғын-сүргін зардабынан Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар бойынша материалдар жинау мен тәжірибе алмасу» семинары да біраз жайдың басын ашты. Бұл ретте жобалық кеңсе басшысы С.А.Қасымов шектес мемлекеттердің мұрағаттарын сабақтастықта қатар зерттеудің маңызын атап өтті. Сонымен бірге осы бағдарда жаңа буын тарихшылардың қажеттігін кәсіби мамандар есіне салды. Аталған тақырыпта 80-жылдардан бері зерттеулер жүргізіп жүрген саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жө­нін­дегі мемлекеттік комиссиясы жұмыс то­бы­­ның мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түлектер қа­уымдастығының атқарушы директоры, тарихшы-доцент Күлғазира Бал­та­ба­ева, Түркістан облысы өңірлік жұ­мыс тобының жетекшісі, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінің профессоры, тарих ғы­лым­­дарының докторы Хазретәлі Тұрсын, Атырау облысы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті Каспий өңірінің тарихы, археология және этнологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайпулла Сапанов, Солтүстік Қазақстан облысы өңірлік жұмыс тобы­ның жетекшісі, Солтүстік Қазақстан мем­ле­кеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай, Нұр-Сұлтан қаласы жұмыс тобының жетекшісі, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исахан, т.б. білікті, кәсіби де тәжірибелі мамандар дәлелді тұжырымдары мен мәнді ұсыныстарын мүдделі қауымға жеткізді.

Осы жылы 27 қазанда республикалық жобалық кеңсе мен Солтүстік Қазақстан облысы өңірлік комиссиясы бірлесіп өткізген «1939-1945 жылдары фашистік Германияда, Финляндияда және басқа Еуропа елдерінде қамалған қазақстандық әскери тұтқындар, сондай-ақ «Түркістан легионында» уақытша болған қазақс­тан­дық әскери тұтқындар бойынша материалдар жинау, тәжірибе алмасу» атты семинар жұмысы да қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия мамандарын ширықтыра түсті. Себебі бұл – қазіргі геосаяси аяда өткір де шетін тақырып. Бірақ мұның ішінде мұң да, қайғы да, өтелмеген парыз да, атқарылмаған шаш етектен жұмыс та тұр. Семинарда бас баяндаманы жасаған – саяси қуғын-сүргін құрбандарын то­лық ақтау жөніндегі мемлекеттік ко­мис­­сиясы жұмыс тобының жетекшісі, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Дүниежүзі тарихы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаухар Көкебаева. Сондай-ақ осы жиында Атырау облысы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Аққали Ахмет, Алматы қаласы жұ­мыс тобының жетекшісі, Ішкі істер ми­нистрлігі М.Есболатов атындағы ака­де­мияның профессоры, тарих ғы­лым­дарының кандидаты Талғатбек Құлтаев, Түркістан облысы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, облыстық қо­ғамдық-саяси тарих мемлекеттік архи­вінің бас қор сақтаушысы Елена Тимофеева, Нұр-Сұлтан қаласы жұмыс тобы­ның жетекшісі, Тұңғыш Президент-Елба­сы атындағы Ұлттық қорғаныс уни­вер­­ситетінің профессоры Асқар Мақыпов, т.б. мамандар тың ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

5 қарашада республикалық жобалық кеңсе алаңы мен Ақтөбе облысы өңірлік комиссиясы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке (немесе топтасып) күрескен адамдарға, қоғамдық және сая­си ұйымдарға, сондай-ақ қыз­мет­те, ғылымда, мәдениетте және басқа да са­ла­ларда азаттық идеясы үшін мемле­кет­тік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшы­раған адамдарға қатысты материал­дар жинау, тәжірибе алмасу» атты семинардың да мәні ерекше. Мұнда жобалық кеңсе басшысы С.А.Қасымов қоғамның бар саласын қамтитын тарихи әділеттікті орнықтыру қағидатының ел Тәуелсіздігінің асыл арқауы екенін және бұған барша мүдделі зиялының, ғалымның қатысуға мүмкіндігі барын жеткізді. Атырау облысы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина, Солтүстік Қазақстан облысы өңірлік жұмыс тобы­ның жетекшісі, облыстық архив басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Мәлікова, Шымкент қаласы жұмыс тобының жетекшісі, Оң­түс­тік Қазақстан мемлекеттік педаго­ги­калық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Баршагүл Исабек, Нұр-Сұлтан қаласы жұмыс тобының жетекшісі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің профессоры, тарих ғылым­дарының кандидаты, профессор Күлпәш Ілиясова, т.б. ғалымдар ғылыми-әдіс­те­ме­лік, зерттеу-тәжірибелік ой-па­йы­мын баяндады.

Сонымен, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы жұмысы бойынша астана мен өңір ғалымдары арасындағы сабақтастық пен пікірлестік, жан-жақты тәжірибе алмасу – ортақ мемлекеттік істі жүзеге асыруға игі ықпал етіп отыр. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, басында «бұл қалай болады екен?» деп имене кіріскен ғалымдар, архивші мамандар, заңгерлер Тәуелсіздіктің рухымен жаңа кәсіби сапаға көтерілгенін байқап жүрміз. Азаттық пен елшілдік мұрат осылай салаланып, қоғамның негізгі өзегі мен жауапкершілігіне айналатынына се­нім­ді­міз.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик