Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2021

Кеншілердің талабы ескерілетін болды

413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында қараша айының 7-сі күні болған қайғылы оқиға қазақ елінің қабырғасына қатты батты. Сол күні жеті қат жер астындағы көмір мен газ атындысының салдарынан алты кенші көз жұмып, екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын.

Кеншілердің талабы ескерілетін болды

Ал сол кезде шахтада бар­лығы 64 адам жұмыс істеп жүрген екен. Құт­қарушылар дер кезінде шұғыл әрі батыл түрде әрекет етпегенде, адам шығыны бұдан да көп болар ма еді?.. 56 кенші аман-есен жер бетіне шығарылды.

Апат салдарын жою, кінәлі­лерді анықтау және төтенше оқи­ғадан кейінгі кеншілердің тала­бын орындау сияқты кезек күт­тірмейтін қат-қабат шаруа кезінде Қарағанды облысы басшылығының Үкі­метпен, атап айтқанда, Төтенше жағ­дай­­лар министрлігімен тығыз қарым-қа­ты­­наста жұмыс істегенін айта кеткен жөн.

Төтенше оқиғадан кейін іле-шала Мемлекет басшысының тапсыр­масымен құрамына ІІМ, ТЖМ, еңбекті қорғау, әлеумет­тік қорғау, денсаулық сақтау ор­­ган­­­дарының, сондай-ақ «Арсе­лорМиттал Теміртау» ком­па­ния­­­сының өкілдері енген үкі­мет­тік комиссия құрылып, жұмысқа кірісті.

Жалпы, кеншілер «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы алдына ұзын саны 12 талап қойды. Міне, осы мәселелерді оң шешу мақсатында жергілікті атқарушы билік алпауыт кәсіпорынмен күрделі келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде тара­зы­ның басын кеншілердің пайдасына бұрып берді. Нақтырақ айтқанда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жыл сайын 1 қаңтардан бас­­тап инфляция деңгейінің 100% кө­ле­мінде еңбекақыны индекстеуді жүзеге асырады. Кәсіпорын өндірістік-эко­номикалық көрсеткіштер жос­па­рының орындалуына қарамастан, жылдың соңғы айында 13-ші еңбекақы төлеуге міндеттелді. Ал ең бастысы, желтоқсан айында кеншілердің еңбекақысы 15-17 пайызға көтерілді. Сондай-ақ кеншілерді таситын жұмыс автобустары толығымен жаңасына ауыстырылады. Кәсіпорында 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндері аз екен, алдағы уақытта оның саны көбейтіледі. Сондай-ақ ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парақшасындағы төлемдер 50 АЕК-ке дейін артады.

Бұдан бөлек, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ алдағы бес жыл ішінде кәсіпорынға 3 млрд доллар көлемінде инвестиция салады. Бұл қаражаттың 35 пайызы шахталардағы жағдайды кешенді түрде жақсартуға бағытталады. Бұдан бөлек компанияның кәсіпорынға биылғы құятын инвестиция көлемі 140 млрд теңгені құрамақ. Оның 35%-ы кеншілердің мәселесін шешуге арналады.

Ал қаза тапқан кеншілердің отбасына 10 жылдық еңбекақы төленетін болып шешілді. Сонымен қатар заңға сәйкес бөлінуі тиіс басқа да өтемақылар қарастырылған. Компанияның қаза тапқан кеншілерді жерлеу рәсімдеріне кететін шығындарды да өз мойнына алғанын айта кеткен жөн.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аталған келісім комис­сиясының жұмысын тікелей өзінің бақылауына алып, жіті назарда ұстады. Табанды һәм тегеурінді түрде жүргізілген келіссөздердің нә­ти­жесінде кеншілердің орынды талаптары оңынан шешіліп, арты на­сырға шауып кете жаздаған жағдай қалыпты арнаға түсті. Қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» компа­ния­сына қарасты шахталардың бәрін­де техникалық аудит жұмыстары жүр­гі­зі­ліп жатыр.

«Кеншілердің басты талабына сай, шахталардағы құрал-жабдықтардың жай-күйі, шахталардың болашағы, оларға салынатын инвестиция бойынша жүргізілетін аудит жұмыстары екі айдың ішінде аяқталып, оның қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылдануы тиіс», деген болатын ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Таяуда «Абай» шахтасындағы апат­тың салдарын жоюға қатысқан Тө­тенше жағдайлар министрлігі Өнер­кәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша депар­та­ментінің бір топ қызметкерлері марапатталды. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін «Кә­сі­би әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 15 тау-кен құтқарушысы мен шахтаның екі қызметкеріне сый-құрмет көрсетілді.

Қазақта «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Бірақ та қай-қай жерде болсын қауіпсіздікті сақтау мақсатында алдын ала қам-қарекет жасалмаса, апат дегеніңіз құдайдың құтты күні болуы әбден мүмкін. Осындайда келер жылы, жалпы, келешектегі тірлігімізде оқыс жағдайларға апаратын төтенше оқиғалар енді болмаса екен деген ғазиз тілек тіл ұшына оралады.

 

Қарағанды облысы