Қазақстан • 30 Желтоқсан, 2021

Индустриялық аймақта – жаңа жұмыс орындары

510 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаладағы жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мен өнеркәсіптегі басым салаларды дамыту мақсатында құрылған «Алматы» индустриалды аймағында технологиялық, инновациялық өнімдер шығаруға, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық беріп келеді.

Индустриялық аймақта –  жаңа жұмыс орындары

Ірі өндірістік және өнеркәсіптік бизнес жобаларға арналған аумақ – «Алматы» индустриалды аймағы» ЖШС директоры Әділ Амралин Индустриялық аймақтың биылғы қызметінің қорытындылары туралы атап өтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ең ірі өнеркәсіптік нысан – үлкен диаметрлі дәнекерленген болат құбырлар шығаратын «Asia Steel Pipe Corporation» ЖШС зауыты іске қосылғандығын жеткізді.

Кәсіпорынның өнімі мұнай, газ, су, мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған және оны тау-кен, құрылыс, химия өнеркәсібінде, энергетикада пайдалануға болады. Сондай-ақ коррозияға қарсы жабындылар өндірісі жолға қойылып, жобалық қуаты жылына 100 мың тонна құбыр өнімдерін құрайды. Зауытта 300-ден астам тұрақты жұмыс орны бар.

Жыл соңына дейін Индустриялық аймақта «Қаз-Диа-Тест» ЖШС медициналық диагностикалық тест-жүйелерін шығаратын зауыт ашу жоспарлануда. Компания ин­фек­ция­лық және онкологиялық ауруларға жедел тест жүргізуді, қоректік орталардың алғашқы отандық, сериялық өнеркәсіптік өндірісін дамытуды жоспарлап отыр.

Ә.Амралиннің мәліметінше, Ин­дус­трия­лық аймақта іске қосылған 7 жобаның жалпы құны 48 млрд теңгеден асады. Мұнда 700-ден астам жұмыс орны ашылған. Таяу күндері қосымша 65 жұмыс орны ашылып, жалпы сомасы 4,6 млрд теңгені қ­ұ­рай­тын жаңа жоба іске қосылатын болады. Осы жылдың ақпан айында құны 11,3 млрд теңгеден асатын мыс және алюминий созба сым шығаратын Еуразиялық металлургия зауыты («KMK Investment» ЖШС) алғашқылардың бірі болып ашылды. Кәсіпорында қосымша 80 жұмыс орны ашылып, өндірістік қуаты жылына 25 мың тонна өнімді құрайды. Еуразиялық энергокомбинат бірнеше өндірісті қамтиды. Бірінші кезеңде 2018 жылдың қыркүйегінде инвестициялық компания өндіріс қуаттылығы жылына 100 мың км кабельден асатын «Евразкабель» кабельдік-өткізгіш өнімдерін шығаратын зауытты іске қосқан болатын. Кейінгі жылдары инвестициялық компания Алматы индустриялық аймағында полиэтилендер мен пропилендер, қорытпалардан жасалған аса жеңіл кабельдік науалар өндірісін жолға қойған. Сонымен қатар инновация бойынша ғылыми-зерттеу институтын ашуды жоспарлап отыр.

Индустриалды аймақта астана күніне орай ашылған автоклавты газобетон өндіретін екі кәсіпорын – «СК Рахат» ЖШС және «Г.С.Г. Высотник» ЖШС қазіргі уақытта әлеуметтік және коммерциялық тұрғын үйлер алаңдарын сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келеді. «СК Рахат» ЖШС өндірісінің бірінші кезеңінің құрылысына 1,5 млрд теңге инвестиция салынса, онда жылына 180 мың текше метр өнім шығару жоспарланып отыр. Мұнда жаңадан 40 жаңа жұмыс орны ашылған. «Г.С.Г. Высотник» ЖШС инвестиция сомасы 1,4 млрд теңгені құрайды. Ашылған жұмыс орындарының саны – 85, мұнда жылына 100-120 мың текше метрден астам өнім шығады.

Ә.Амралин сонымен бірге шағын және орта бизнесті жүргізуге арналған ең үздік форматтардың бірі – шағын өндірістік парктерді іске асыру жөніндегі жобалар екендігіне тоқталды. «Олар Индустриалды аймақта да, Алматы қаласында да ашылды. Биыл Алатау ауданында «Asia Prom Textile» ЖШС және Индустриалды аймақта «ADS Industries» ЖШС екі өндірістік парк іске қосылған. Инвестиция сомасы 500 млн теңгеден асады. Ал ашылған жұмыс орындарының саны – 170.

Алдағы күндері қосымша 3 өнеркәсіптік парк іске қосу жоспарланып отыр, оның ішінде индустриялық аймақ аумағында «ALAESTATE» ЖШС және «KazStroyTrade» ЖШС және Түрксіб ауданында «CityBus» ЖШС, жалпы Инвестиция сомасы – 980 млн теңге. Сонымен қатар мұнда 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Бүгінде Алматының өнеркәсіптік парктеріндегі өндіріс орындарының жалпы алаңы – 17 435 шаршы метр, ал инвестициялардың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайды.

 

АЛМАТЫ