Аймақтар • 30 Желтоқсан, 2021

Өскеменнің шыршасы да өзгеше

766 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесінің ертесін­де-ақ Өске­мен­дегі орталық алаңға шыр­ша тіктеліп, безен­діруге кіріскен. Бірақ бұл жолғы жасанды шы­рша бұрынғыдан өз­герек. Әлем-жәлем ой­ын­шығы жоқ. Жан-жағына қазақтың қош­қар мүйіз оюы жапсы­рылған.

Өскеменнің шыршасы да өзгеше

Суретті түсірген Тлеубек ШАЯХМЕТ

Жаңа жыл қарсаңында Өскемен шаһары жалт-жұлт етіп, ертегідегідей ерек кейіпке енеді. Әсіресе ор­та­лық алаң өзгеше құл­пы­рады. Жасыл желекті орманнан қиып әкелмейді, жасанды. Дұрыс та бұл. Бес күн­гі қызыққа бола жайқалып тұр­ған шыршаға балта шабу – қиянат. Дегенмен, кейбір ауылдарда шырша кесіп, алаңға орнату әлде де тыйылмай тұр. Ал облыс орталығында неше жылдан бері мерекені жасанды шыршамен-ақ өткізіп жүр. Ал биылғы сәукеле тәрізді шырша елді елең еткізбей қоймады. Қоғам пікірі де екіге жарылды. Бірі шырша жаңа жылдық көңіл күй сыйлауы керек десе, енді бірі оюлы шырша қазақы рухымызды көтеріп салды десті.

– Өскемендегі алаңға ор­натылған жаңажылдық шырша біразының бетпердесін шешті. Ұлтаралық тату­лықты қолдамайтын, керісінше өр­шіте түскісі келген өзге ұлт өкіл­дері су бетіне қалқып шыға келді. Ал қала басшылығы биыл батыл қа­дамдар жасай білді. Дәл Өскеменге орнатылған шырша Қазақстанның ешбір қаласында жоқ. Шыршаны қазақыландырдық. Ертең Аяз атаға да қазақтың шапанын кигізсек, артық болмайды, – дейді қоғам белсендісі Аян Қалымбек.

Иә, сәукеле іспеттес шыршаны кем­сітіп, келеке еткен ел де жоқ емес. Қалай болғанда да, Өскеменнің өзгеше шыршасы көпшіліктің назарын өзіне аудармай қоймады. Шыршаны қызықтап суретке түсіп жүрген жұрт­тың қатары қалың...

 

ӨСКЕМЕН