Медицина • 30 Желтоқсан, 2021

Жыл басынан бері 1200-ден астам бала қызылшамен ауырды

1238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда 2021 жылдың 11 айында қызылша жұқтырғандар саны 1282-ге жетті. Бұл туралы Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жыл басынан бері 1200-ден астам бала қызылшамен ауырды

Санитария дәрігерлері қала бойынша 2021 жылдың 11 айында қызылша ауруын жұқтырған 1282 дерек тіркелгенін айтты. Кейінгі жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұқтырғандар 30 пайызға төмендегені байқалады. Алайда бұл статистикада желтоқсан есепке алынбаған.

«14 жасқа дейінгі балалар әлі де қызылшамен ауырады, олардың үлесі - 87,4 пайыз, жасөспірімдер - 1 пайыз, ересектер арасында - 11,6 пайыз. Мегаполисте қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты», деді департамент өкілі.

Департамент тарапынан барлық ошақта эпидемияға қарсы іс-шаралар, соның ішінде халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Медициналық ұйымдардың қызметкерлері ауырған адаммен байланыста болғандарды бақылап, барлық науқасқа симптоматикалық емдеу тағайындаған.

«Ауруға қарсы нақты шара жоқ. Халыққа спецификалық емес профилактиканың жалпы шараларын сақтау қажет: адам көп жиналатын орындарға бармау, қоғамдық орындарға барған кезде бетперде тағу, үй-жайды жиі желдету және қол жуу. Сондай-ақ, ата-аналарға ауру белгілері бар балаларды көпшілік жерге, мектептерге жібермеуге кеңес береміз», деп ескертті санитария дәрігерлері.