Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Алматыда Нұр-Мүбәрак университетін исламтану мамандығы бойынша биыл бітіретін түлектерді қызметке бөлді. 2001 жылы 1 қыркүйекте студенттерге есігін ашқан республикадағы бірден-бір жоғары білімді дін мамандарын даярлайтын оқу орнында фиһқ (мұсылман заңы), ақида (діни сенім), қасиетті Құран ілімдері, ислам философиясы, араб тілі, араб мәдениеті тілін оқыту әдістемесі секілді т.б. пәндерден египеттік және қазақстандық профессорлар дәріс оқыды. Күні бүгінге дейін осы оқу орны еліміз өте мұқтаж 150 имамдар даярлап, қызметке аттандырды.
Ал биыл университеттен аталмыш мамандық бойынша 40 студент диплом алмақ. Соның екеуі қазірдің өзінде имамдық қызметті қоса атқарып жүр. Түлектердің дені Алматы, Павлодар, Қарағанды, Талдықорған қалалары, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарына имамдық қызметке жіберілетін болды. Университетті 5 үздік бітірушіге оқу орны жанындағы магистратураға құжаттарын тапсырып, бағын сынау мүмкіндігі жасалды. Университет қабырғасында мүбарак Құранды толық жаттап, шетелдердегі қасиетті Құран жарыстарына қатысып жүрген үздік шәкірт Құрмет Смағұлов Нұр-Мүбәрак университетіне қызметке қалдырылды.
Дінбасы Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетін бітіруші шәкірттерді жеке-жеке қабылдап, сұхбаттасты.
Сөйтіп, еліміздің бар аймағына болашақ имамдарды жіберуге шешім қабылдады.
Бас мүфти студенттерге республикада атқарылып жатқан діни жұмыстар, имам қандай болу керек, дін қызметінің жауапкершілігі, ислами ғылым, білім туралы әңгімелеп, ақыл-кеңестер берді.
Дінбасы сондай-ақ, елімізде 2007 жылы ашылған “Астана” және Шымкент медреселерінің тұңғыш түлектерімен де кездесті. Ұшырасудың мақсаты – түлектер білімін тексеріп, жоғарыда айтылғандай қызметке бөлу. Алдымен ол Шымкент медресесінің шәкірттерімен кездесті. Оңтүстіктік болашақ имамдар да, облыстарға аттанатын болды.
Бір айта кететін жәйт, ҚМДБ мен Монғолия діни басқармалары өзара ынтымақтастық келісімі негізінде келген 2 шәкірт өз еліне жіберілді.
Дінбасы “Астана” медресесінің де алғашқы бітірушілерімен кездесті. Олар да еліміздің әр аймағына имамдық қызметке бөлінді.
Шәкірттердің басым бөлігі аталмыш оқу орындарын “өте жақсы”, “жақсы” деген бағамен тәмәмдаған. Атап айтар болсақ, Шымкент медресесінің 41 түлегінің 20-сы “өте жақсы”, ал 10-ы “жақсы” деген баға алған екен. Ал Астана медресесін 24 шәкірт бітірсе, солардың 7-уі “өте жақсы”, ал 10-ы “жақсы” деген бағаға ие болған. Атап өтерлік жәйт, барлық түлектер араб тілінің грамматикасын ойдағыдай меңгерген, қасиетті Құранды да жақсы оқиды. Үш оқу орны түлектері арасында қасиетті Құранның біраз бөлігін жақсы білетіндер көп боп шықты. Бір сөзбен айтқанда, болашақ дін қайраткерлері көңілден шықты. Бұл рухани өміріміздегі есте қаларлық елеулі оқиға болды.
Дінбасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет облыстардағы өкіл имамдарға жауапты қызметке аттанғалы отырған білімді жас мамандарға тиісінше жағдай жасап, халықпен қалай тығыз қарым-қатынас орнату жолдары мен жүйелі жұмыс жасау әдістерін үйретіп, қолғабыс етуді тапсырды. Сөз соңында Бас мүфти медресе басшыларына алғысын білдіре келе, алғашқы түлектерге ел ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, асыл дініміздің өркениетті жолмен кең қанат жаюына аянбай қызмет ете беруге деген тілектестігін жеткізді. Сөз соңында Елбасы мен ел қамында жүрген азаматтарымызға амандық тілеп, Алла тағала елімізге абырой, ауызбірлік, бейбітшілікті нәсіп еткей деп бата берді.
“Егемен-ақпарат”.