Алматыда тұратын Жанша Жанасов ақсақалмен үйіне әдейілеп барып сұхбаттасудың орайы келді. Тоқсанның торына түспей, әлде де тұғырында тұрған ардагер бойын тік ұстайды. Аққұба жүзінің сәл көнерген әжімді ажары, қаршыға көздің байсал қабағы байыптағанға көмбелі сырды да, сақталған сынды да аңғартып баққандай. Мұндай адамдарды «сүйегі асыл» десек керек. Сөйлесе келе ағаның сүйегі ғана емес, тілегі, жан-жүрегі, өмір бойғы мақсат-мұраты да асыл болғанын шама-шарқымызша шамалағандаймыз.
Алдын ала алған ақпаратымызға қарағанда бұл ақсақал Рейхстагқа ту тіккен батырымыз Рақымжан Қошқарбаевпен майданда бірге болыпты. Одан кейінгі бейбіт уақытта металлургия, мұнай-газ, химия саласындағы ірі құрылыстарды жүргізген, өндіріске жаңа техника мен технологияларды енгізудің алғы шебінде болған өз заманының жаңашыл тұлғасы, үлкен лауазымды қызметтер атқарған қайраткер ұйымдастырушы. Соған қарамастан, қарт қыранның жүзінен титтей де мақтан табы білінбейді, болғанды болғандай ғана айтып, артық қоспай, шынайы сөйлейді. Алдыңғы толқын ағаларға айрықша тән қасиет осындай шынайылық қой деймін. Сөйтіп, жақын таныса, жітірек үңіле келе Жанша Жанасұлының жүріп өткен өмір жолын кейінгіге ғибрат, ұрпаққа өнеге боларлық өзінше бір баяндылық белестері деп бағамдап едік.
Кейіпкеріміз атақты ғалым Қаныш Сәтбаевтың қайрат-жігерінің арқасында көтеріліп жатқан Қарсақпайдың жанында, Балажезді деген жерде дүниеге келіпті. Қарсақпайдағы қарбалас тіршілік, зауыт, көше мен мектепте орыс жұмысшыларының балаларымен де бірге ойнап өсуі жас Жаншаның ой-өресіне, еті тірілігіне ықпал етіпті. «Он сегізде солдатпын, Волховта келемін», деп Сырбай ақын жырлағандай, бұл ұрпақтың маңдайына он сегізінде от кешу жазылыпты. Жанша да осы жазмышынан құр қалмады. 1942 жылы Көкшетауда жасақталып жатқан полк сапына келіп қосылды. Кейін Рақымжан Қошқарбаевпен танысып, дәм-тұзы араласқан достардың жұбы өмір бойы жазылмады. Майданға кірмес бұрын Бішкектегі әскери училищеге іріктеліп, одан кіші лейтенант атағын алып шыққан-ды. Бірінші Белорус майданында, Варшава бағытында ауыр ұрыстарды бастан өткерді. Жау ордасына 30 шақырым қалғанда Альт-Одерде жараланды. Оқ денесін тесіп өткен екен. Осы күн, 1945 жылдың 17 сәуірі әлі есінде.
Қырық шақты жауынгердің тағдырына жауапты взвод командирі, лейтенант Жанасов керемет ерлік жасады, әйтті-бүйтті деген жылтырақ арзан сөздердің жетегінде кетпейік. Алайда, сол бір сойқан соғыс кезінде «Бірінші дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталуы жайдан-жай емес болар. Сонымен бірге, Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің үш бірдей Алғыс хатын алыпты. Десек те, Жанша ағаның өзі соғысқа қатысқанын мақтан көретін, сонда ерлік, қайрат жасағанын айтыңқырайтын ақсақалдарды онша құптай қоймайды. «Соғыс деген қасірет пен қайғы ғой. Құрбан болған жастық өмір. Қанша азаматтар қыршын кетті, қайтпай қалды. Ауылдан келіп жүріп-тұруға да үйренбеген, мылтықты ұстап та көрмеген, атуға икемделмеген қанша қазақ жастары босқа қырылды. Екі баласын соғысқа аттандырған менің шешем, еңгезердей қазақ әйелі жылай-жылай бүкірейіп шөгіп қалыпты», дейді.
Ананың көз жасына иді ме, ағайынды Жәңгір мен Жанша сұрапылдан аман оралды. Сол амандықтың арқасында тынымсыз тырбанып кешкі мектепте оқып аттестат алды. 1958 жылы Қарағанды тау-кен институтының электромеханикалық факультетін бітіріп, сирек саланың жоғары білімді маманы болып шықты. Сол кездегі ректор академик Әбілқас Сағыновтың ақылгөй дәрістері әлі күнге есінде.
Ол кезде Қазақстан экономикасының тірегі саналатын тау-кен өндірісінде қол жұмысы басым еді. Негізгі құралдар қайла, күрек, бұрғы болатын. Руда вагонеткамен шығарылатын. Шетелден әкелінген жаңа техника 50-60-жылдардың тоғысында кіре бастады. Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазған металлургия комбинатының құю-механикалық зауытында еңбек жолын бастаған инженер Жанасовтың еншісіне осы жаңашылдықты өндіріске енгізу бұйырыпты. Ол осы жылдарда шетелдік «Джой», «Катерпиллер», «Клаймакс» фирмаларынан әкелінген өздігінен жүретін, руда тиейтін, бұрғылайтын жоғары өнімді импорттық техниканы игерудің тізгінін ұстады. Әлбетте, жаңа техниканы жезқазғандық шахтерлердің бірден игеруі оңайға түскен жоқ. Оны қолданудың көптеген тамаша шешімдерін Жанша Жанасов тауып, іске қосып отырды. Келген техника әуелі жәшіктерден шығарылып, құрастырылады. Одан соң қайта бөлшектеліп, жер астындағы – шахтаға түсіріледі. Сол арада қайтадан құрастырылып жүргізіледі. Жанасов жасампаздығы осы қиын да күрделі істе танылды. Осындай бесаспап та жауапты маманның көп ұзамай құю-механикалық зауытының директоры болып тағайындалуын кеншілер қауымы құп көргені де рас-тын. Жаңа техника мен технологияны енгізудегі абыройлы жұмысы үкімет тарапынан «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен аталып өтілді.
Алпысыншы жылдардағы Жезқазған Жанша ағаның жан-жүрегіне соншалықты қымбат. Ойласа-ақ ой көзіне оттай басылады. Алғашқы қазақ инженерлерінің жұлдызды шоғыры осында еңбек етіп, өндірісті қайта жарақтауға үлес қосты. Күллі қазаққа мағлұм Шахмардан Есенов, Кәкімбек Салықов, рудник директоры, кейіннен Балқаш мыс қорыту комбинатының директоры дәрежесіне көтерілген Далабай Ешпанов, Мәскеуде Дінмұхамед Қонаевпен бірге оқыған рудник директоры, кейіннен республика түсті металлургия министрінің бірінші орынбасарлығына жоғарылаған Мұхит Бөпежанов. Осы шоғырдың ішінде Жаншаның өзі де, оның туған ағасы, Жезқазған қалалық кеңесінің төрағасы Жәңгір Жанасов та жарқырап жүргенін айтқан ләзім. Осындай азаматтар Жезқазғанның өмірін көркейтті, оқыған келіншектерімен бірге тамаша тұрмыстық мәдениет әкелді. Жастар солардай болуға ұқсап бақты.
Тұлғаланып өсіп келе жатқан ірі ұйымдастырушы, өндіріс сардарын жоғары жақтан байқамай қалмады. 1966 жылы Одақтық Түсті металлургия министрлігінің бұйрығы бойынша Ж.Жанасов Алматыдағы «Казцветметремонт» тресінің бас инженері болып ауыстырылды. Бұл мекеме қарауында 7 мыңға жуық адам жұмыс істейтін. Бүкіл Қазақстандағы түсті металлургия саласының барлық кеніштері, зауыттары мен фабрикаларындағы техниканы жаңартып, ескісін жөндеп, жаңасын жүргізу, жаңа технологияларды іске қосу міндетін осылар арқалады. Әлбетте, осы орайдағы негізгі басшылық тізгінін бас инженер бекем ұстады. Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының бас инженері Сауық Тәкежанов, Зырян тау-кен комбинатының директоры, Социалистік Еңбек Ері Нәби Жақсыбаев сияқты қарым-қажыры мол басшылармен жұмыс барысында білісіп, өнеге алды, тәжірибесін молайта түсті. Осы тұстағы еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасын еншіледі.
Осында жинақталған тәжірибе одан кейінгі кезеңде «Казмеханомонтаж», «Казхиммонтаж», «Казмедстрой» трестерінде тізгін ұстап, күрделі құрылыс саласын көтерген жылдарда кәдеге асты. Ж.Жанасов басқарған осынау трестер Қазақстанның ауыр индустрия кәсіпорындарында, әсіресе, қара және түсті металлургия, мұнай-химия саласы нысандарының құрылысында жаңа технологиялық жабдықтардың орнатылуы мен құрастырылуын білгірлікпен жүзеге асырды.
Иә, кең-байтақ Қазақстанды шарлаған қилы жолдар. Естен кетпес жылдар. Қарағанды металлургия комбинатының 4-ші толағай домнасы мен 2-ші агломерациялық фабрикасын салуға қарауындағы үш басқарма, мың адам қатарынан қатысқан еді. Сол кездерде Теміртауда партиялық қызметте жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен де жұмыс бабында жиірек кездесудің сәті түсіп, ол кісі құрылыстың екпінді әрі нәтижелі жүргізілуіне үлкен ықпалын тигізген болатын.
Істелген басқа да жұмыстар неше сан. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын салу бастан-аяқ Жанша Жанасұлының қолынан өтті. Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарының реконструкциясын, басқа да көп жұмыстарын атқарып берді. Бұл өрт пен жарылыс қаупі жоғары, ерекше жұмыстар болатын. Жұмыс техникалық жағынан сенімді, талапқа сай болуы керек-тін. Сол үдеден табылды. Бұған қоса, осы уақытта Қазақстанда химия өнеркәсібін өркендетуге бет бұрғанда Жамбыл және Шымкент фосфор зауыттарын Жанасов басқарған трест салып шықты. Одан әрі Жезқазғандағы №3 кен байыту фабрикасы, мыс қорыту зауытының екінші кезегі де Жанасовтың перзенттері. Оның басшылығындағы ұжымдардың қолтаңбасы «Медеу» мұз айдынында, Алматыдағы зәулім «Қазақстан» қонақ үйінде, Республика алаңындағы ғимараттар кешенінде айшықталып қалды. Медеу шатқалындағы селге қарсы негізгі гидротехникалық жұмыстарды да ойдағыдай атқарып, апаттың алдын алған Жанасовтың жігіттері еді. Сол абыройлы жұмыстары үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағын алды.
Қазірде Жанша Жанасұлы қазыналы қарттарымыздың бірі, үлкен әулеттің терең тамырлы бәйтерегіндей атасы. Егемен елінің игіліктеріне қуанады. Интеграцияға, жаңа техника мен технологияға бетбұрыс жасалып жатқанын құп көреді. Марқұм досы Рақымжан Қошқарбаевтың Халық Қаһарманы атағын отбасына тапсыру рәсімі кезінде Елбасымен тағы да жүздескен болатын. Жетпіс жылға жуық бірге өмір кешіп келе жатқан Хадиша апай екеуін баянды бақыт нұры, қауым құрметі, ұрпақ махаббаты аялайды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.