Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская 30 жыл ішінде Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ірі және қарқынды дамып келе жатқан елге айналғанын, сондай-ақ әлемнің 180 елімен өзара сауда жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Инвестициялар тарту және инвесторларды қолдау ұлттық басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынын 30 млрд долларға жеткізу міндеті тұр. Салалар мен өңірлер бойынша бөлінген инвестиция көлемінің тиісті нысаналы индикаторы әзірленіп, белгіленді. Отырыстың күн тәртібінде облыстар мен орталық мемлекеттік органдардың белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуінің алдын ала қорытындылары, сондай-ақ инвестордың өңірге келуі азаматтарды жұмыспен қамту, олардың кірістерін қаншалықты шешетінін қарау, сондай-ақ жалпы елді мекендерді дамыту мәселелері бар», деді Ю.Кучинская.
Сыртқы істер вице-министрі Алмас Айдаровтың айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының 2021 жылы шетелдік инвестиция тарту жөніндегі көрсеткіші айтарлықтай деңгейде орындалған. «Өткен жылмен салыстырғанда инвестициялар ағыны 30%-ға өскенін көріп отырмыз. Мәселен, Қостанай облысында ет өңдеу зауыты, Атырау облысында техникалық газдар өндірісі, түрлі өңірлерде жаңартылған энергия көздері бойынша 7 жоба пайдалануға берілді. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша шетелдіктердің қатысуымен 19 инвестициялық келісімшарт жасалды», деді вице-министр.
А.Айдаров сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде шетелдік кәсіпкерлер үшін Сыртқы істер министрлігі 171 инвестициялық ұсыныс дайындағанын, олардың көпшілігі агроөнеркәсіптік кешен мен металлургияға қатысты екенін айтты.
Өз кезегінде Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров инвестициялық жобаларды қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы айтып берді. «Ірі инвесторлармен инвестициялар туралы келісімге қол қою кезінде кедендік баждардан және импортқа қосылған құн салығынан босату, түрлі салық жеңілдіктері, оның ішінде 10 жылға дейінгі мерзімге жер салығы мен корпоративтік табыс салығын, 8 жылға дейін мүлік салығын төлеуден босату сияқты шаралар көзделген. Жаңа енгізілген қолдау шараларының ішінде басымдық берілген салалар бойынша келісімшарттар жасасу үшін инвестициялар бойынша ең төменгі шекті көлемдердің азаюын атап өткен жөн», деді Ә.Әбдіқадыров.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ел көлемінде шетелдік инвестицияларды тартудың жеткілікті деңгейде жоғары көрсеткіштері болса да, өңірлердің белгіленген индикаторларға қол жеткізуінде елеулі сәйкессіздіктер байқалады. Мәселен, Қызылорда облысы өз жоспарын 2 есеге асыра орындаса, ал Қостанай облысы 6 айда жоспарды 100% жүзеге асырды. Әйтсе де, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары орындауда олқылық танытқан аймақтар қатарында. Аталған өңірлер бойынша жоспарланған көрсеткіштер тиісінше 9,1%-ға және 7,5%-ға ғана орындалды.
Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Әмірхан Рахымжанов мақсатты көрсеткіштерді нақты жоспарлаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ өңірлердегі инвестицияға жауаптылардың жиі ауысуының жүйелі проблемаларына және бірқатар мамандардың құзыреттерінің төмен екеніне назар аударды.
Кеңестің тағы бір мүшесі, Мәжіліс депутаты Аманғали Бердалиннің пікірінше, инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігіне объективті баға беру үшін тек келген инвесторларға ғана емес, Қазақстан нарығынан кеткендерге де талдау жүргізу қажет. Сондай-ақ өңірлердегі ағымдағы және болжамды энергетикалық қуаттарды (газ құбырлары мен электр энергиясы) және инфрақұрылымдық жобаларды ескере отырып, шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өңірлік мақсатты көрсеткіштерді де талдау қажет.
Өз кезегінде Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева инвестициялық саясатты қалыптастыру кезінде шетелдік инвестор үшін артықшылықтарды ғана емес, сонымен бірге оның әлеуметтік міндеттемелерін де ескеру қажет екенін атап өтті. «Бұл – инвестордың сол аймаққа, сол жердің халқына деген дұрыс көзқарасы. Ең бастысы – тұрақтылықты, әділ еңбекақы төлемін, әлеуметтік пакетті, қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуді, біліктілікті арттыруға мүмкіндікті көздейтін сапалы жұмыс орындарын ашу. Өкінішке қарай, бізде адам капиталына инвестиция салуға дайын кәсіпорындар көп емес. Оқу орталықтары және тағы сол секілді орындардың ашылуы бойынша мысал бар, бірақ бұл сирек кездеседі. Осы тармақтардың барлығы инвестициялық келісімдерде көрсетілуі тиіс және оған нақты мониторинг қажет», деп есептейді ол.
Кеңес мүшелері мен отырысқа қатысушылар инвестициялық саясатты одан әрі дамыту бойынша басқа да ұсыныстар айтты.