Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі суретші Әубәкір Ысмайылов «Тың игеру. Ерейментау қиырлары» шығармасы арқылы тұмса табиғатымыз кеңестік идеологияның құрбаны болғанын көрсеткісі келгендей. Қараңызшы, тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылып, балалар мектеп-интернаттарда орыс тілінде білім алды. Олар тек топырақты ғана емес, қазақтың санасын улады.
Жалпы, Әубәкір Ысмайылов бейнелеу өнеріне 30-жылдары келген буын өкілі. Оның шығармашылық ғұмыры Қазақстандағы бейнелеу өнерінің басталу және қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Бізге «Хан Тәңірі», «Бартоғай», «Жуалы жазықтарында», «Бес шатыр» сынды ғажайып романтикалық пейзаждары бар көптеген көркем дүние сыйлады. Оның туындылары – қашанда бейнелеу масштабымен, бояуларының ашықтығымен, музыкалық әуенділігімен, екпінді ырғағымен, таңданыс шаттығымен арбап алатын көріністерге толы.
«Тың игеру. Ерейментау қиырлары» картинасы панорамалық пейзаж жанрына жатады. Суретші Ерейментау жерінің көріністерін бейнелегені соншалық, көрермен тау жақтан өзінің алдынан ашылған көрініске қарап тұрғандай әсерде болады.
Қылқалам шебері назарын күн батқан кездегі атырапқа аударған. Картинаның алдыңғы бөлігінде жел тегістеген тау жоталары бейнеленген. Атырап бірте-бірте төмендей береді де, біздің алдымыздан елік табыны жайылып жүрген аласа төбелер шығады. Өзен бұралаңдап барып батқан күннің шұғыласы түсіп тұрған көлге құюда. Тұмса табиғатты тракторлар жыртқан егістік пен тың игерушілердің вагондары бұзып тұр. Суретші көлдің жанына адамдардың сұлбасын қосқан. Олар қосалқы мәнге ие.
Автор жасыл түстің әртүрлі реңкін қолдана отырып, бұлтты жарып шыққан жарықтың шөп түсін қалай өзгеретінін көрсеткен. Күн көкжиекке асылған қалпы төбелердің баурайын қызыл түске, ал бұлттарды ақшыл қызылға, сарыға, тіпті қызғылт түске бояйды. Қоршаған орта жұмбақ әрі тылсым әсемдікке байланып қалғандай.