Ғылым • 31 Желтоқсан, 2021

Қазақстандық үздік ғалымдар 5 млн 834 мың теңге сыйақы алады

943 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР БҒМ 2021 жылғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығының қорытындысын шығарды. Нәтижесінде, еліміздің ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-ның 50 ғалымы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық үздік ғалымдар 5 млн 834 мың теңге сыйақы алады

Олардың әрқайсысы 2000 АЕК - 5 млн 834 мың теңге көлемінде сыйақы алады.

Конкурсқа қатысу үшін барлығы 7 бағыт бойынша 575 өтінім келіп түсті: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары», «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».

Нәтижесінде, комиссия 6 ҒЗИ мен 16 ЖОО-дан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер-2021» сыйлығын беру туралы шешім қабылдады.

Олардың арасында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рахметқажы Берсімбай, Ядролық физика институты филиалының жетекшісі Максим Здоровец, Қарағанды техникалық университетінің профессоры Аристотель Исагулов, Онкология және радиология ҒЗИ Басқарма төрайымы Диляра Қайдарова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қайрат Дәулетов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Қайсар Табынов және басқалары қатысты.

Жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға және көтермелеуге бағытталған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне назар аударады. Осы жылы министрлік алғаш рет еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйлықтар тағайындады. Конкурсқа қатысуға өтінімдер осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде сегіз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды», деді ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.

Ол бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз еткенін атап өтті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды.

«Байқаудың барлық қатысушылары өтінім беру кезеңінде өз ұпайларын көре алды. Оларды комиссия қарап,сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді», деп қосты Жанна Құрманғалиева.

Комиссия мен сараптамалық топтардың құрамында жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас ғалымдар кеңесі мен жас ғалымдар альянсының мүшелері жұмыс істеді.