Әдебиет • 31 Желтоқсан, 2021

Ұлт тұлғалары ұлықталады

10099 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Есігімізден енді аттаған жаңа 2022 жыл қазақ руханияты үшін елеулі жыл болуға тиіс. Бұл орайда, тұтас ұлттың ұстазына айналған Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуын, сондай-ақ заманымыздың заңғары – ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын тағылымды іс-шаралармен жоғары деңгейде атап өту парызымыз болмақ.

Ұлт тұлғалары ұлықталады

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл

Мәселен, жылнама бойынша биыл ұлт тұлғаларының мерейтойлары атап өтіледі. Ең алдымен, әмбебап ғалым, ұлт ұстазы, реформатор Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын айтамыз. Айта кетейік, бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлы тұрған музей-үй мемлекет қарамағына өтпе­гені, тұрақты қаржыландыру көзі жоқ­тығы қоғамда жиі айтылатын. Алайда былтыр  тұғырлы тұл­ға­ның 150 жылдық мерейтойы қар­саңында бұл мәселе шешімін тауып, музей қала қамқорлығына өтті.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес, Алаш қозға­лы­сының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын 2022 жылы мем­лекеттік деңгейде атап өту мақ­са­тында Үкімет тарапынан тиіс­ті жұмыстар қолға алынып, жал­пы­республикалық жоспар әзірлен­ген еді. Жоспарға сәйкес мерей­той жылы аясында «Ахмет Бай­тұр­сынұлы» энциклопедиясын, ғалымның еңбектерінің толық жина­ғының көптомдығын әзірлеу және баспадан шығарып тарату; Ахмет Байтұрсынұлының қа­зақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы қойылымдық-дерек­ті фильм түсіру; Қазақ әліпбиі­нің тұң­ғыш реформаторы Ах­мет Байтұр­сын­ұлы­ның 150 жыл­­дық мерейтойы­на арналған Халықаралық түркологиялық конгресс өткізу; Қазақ тілі мен әдебиетін үйретуге арналған «Тіл – құрал» атты арнайы танымдық, зияткерлік теле­бағдарлама ұйымдастыру жос­пар­ла­нған. Нұр-Сұлтан қала­сы әкімдігі ғалым ескерткішін елор­дада орнату мәселесін қарасты­руда. Ұлт­тық банк Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдығына ар­нал­ған мерейтойлық монеталар, «Қазпошта» АҚ мерейтойлық маркалар шығарады. Аталған мерейтойды ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атау­лы даталар күнтізбесіне енгізу туралы өті­нім Ұйым хатшылығына 2020 жылы 25 қара­шада ресми түрде енгізілген еді.

Айта кетейік, былтыр ғалым­ның 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген, режиссер Мұрат Есжанның «Ахмет. Ұлт ұстазы» телесериалы жарыққа шыққан еді. Бұдан бөлек Мәдениет және спорт министрлігі  «Соңғы үкім» атты толықметражды көркем фильм түсіруді жоспарлап отыр.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл

Сондай-ақ биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толады. Еске салсақ, былтыр жазушының ұлы Мұрат Әуезов мерейтойға орай Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы хат жазған еді. Онда 2014 жылы жарық көрген 50 том­дық шығармалар жинағына ен­бей қалған қолжазбалары толық­­тырылып, академиялық 55 том­дығын қайта шығару ұсыныл­ды (жаңа технологияға сай аудио нұсқасы мен QR код арқылы сайтқа кіріп, онлайн оқу мүмкіндігі қарастырылған). Әуезовтің таң­да­малы шығармаларының 10 том­дығы жарияланып, әлем тілдеріне аудару мәселесі көтерілді. Сондай-ақ «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына «Ұлттық» мәртебесін беру сұралды.

Бұған дейін газет бетінде «Әуе­зов музей-үйіне күрделі жөн­деу жүргізіле ме?» деген тақы­рыппен мақала жарияланған еді. Онда қазіргі уақытта музейдің ғылыми әлеуеті тәуір болғанымен, мате­риал­дық жағдайы қиындап тұрғаны һәм ширек ғасыр бойы мұражайға күрделі жөндеу жұмыс­тары жасалмағаны айтылды. Алайда ол мәселе мемлекет тарапынан қолдау тауып, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңғырту» мекемесі жүзеге асырып жатыр. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенже­хан Матыжановтың айтуынша, жұмыстың күрделілігіне байланыс­ты күрделі жөндеу толық аяқталмаған. Сондай-ақ музейдің ірі экспозиция жұмыстарын қайта музейлендіру ісіне Білім және ғылым министрлігінен қаржы сұ­рал­ғанын айтты. Айта кетейік, Әуе­зовтің 125 жылдық мерейтойы­на байланысты мемлекеттік комиссия әлі құрылған жоқ. Ал М.Әуе­зов атындағы Әдебиет жә­не өнер институты ұсынған іс-шара­лар Мемлекеттік хатшыға жолданған.

t