Театр • 01 Қаңтар, 2022

Қандай премьераға барамыз?

638 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жылдың жаңа күнтізбесі басталысымен-ақ өнерсүйер көрерменді театрларда қандай премьералар болатыны қызықтырады. Театр репертуарында жылда қойылып жүрген классикалық спектакльдерден бөлек жаңа туындының тақырыбы, мазмұны, идеясы, актерлердің шеберлігі, режиссерлік жұмыс көрермен мен театр сыншылары үшін орны бөлек оқиға. Сонымен осы жылы көрерменді қандай премьералар күтіп тұр?

Қандай премьераға барамыз?

Қ.Қуанышбаев атындағы мем­лекеттік академиялық қа­­зақ музы­калық драма театры 2022 жылға екі премьера дайын­дап отыр. Бірі Мигель де Сервантестің  әлем әде­бие­тінің жақұтына айналған «Дон Ки­хот» романының желісімен сахна­ланбақ. Режиссері – ха­лық­аралық түрлі театр фес­тивальдерінде үздік режиссер­лік жұмыс жүлдесінің иегері Әлібек Өмірбекұлы.

Сондай-ақ Уильям Шек­с­пир шығармаларының негізін­де «Шекс­пирмен бетпе-бет» спек­­­таклі дайындалып жатыр. Бұл қойылымды Мәскеу қала­сындағы Е.Вахтангов атын­дағы театр режиссері, Ри­мас Туминастың шәкірті Гүлназ Балпейісова қоймақ.

Ал М.Әуезов атындағы Ұлт­­тық драма театры алда­ғы уа­қыт­та Әбдіжәміл Нұрпейі­совтің шы­ғармасы желісімен «Қан мен тер. Ақбала», Рах­мет­олла Райым­құлов­тың шығар­масы желі­сі­мен «Мақшар түнгі махаббат» спек­такльдерін көрер­менге ұсын­бақ. Бұдан бө­лек Бернард Шоудың «Пигма­лион» комедиясы мен Мұхтар Әуезовтің «Ақан-Зайра» драмасы жоспарланып отыр. 

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрын да қадам басқан жаңа жыл өте мазмұнды болмақ. Мәселен, Иржи Килианның «Алты би» балеті және өзінің өте жеңіл сал­мағына қарамастан, үл­кен алыптарды жеңіп, алаяқ түл­кі­ден қулығын асырып, тұт­қындарды босататын Қаңбақ шал оқиғалары туралы Жолан Дәстеновтің «Қаңбақ шал» балалар операсының премьерасы жоспарлануда. Бұдан бөлек хореограф Раймондо Ребектің қойылымында Сергей Прокофьевтің «Күлбикеш» ба­ле­ті мен Джоакино Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» атты операсы дайындалып жатыр. Ең бастысы, театрсүйер жандар үшін басты сыйлық – Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» ұлттық операсының премьерасы болмақ.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қала­сы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында да биыл ре­пер­туарға бірнеше жаңа қойы­лым қосылады. Жүсіпбек Аймауы­товтың «Сылаң қыз» сатиралық шығармасы желісімен дайындалып жатқан спектакльдің премьерасы ақпан айына жоспарланып отыр (реж. А.Маемиров). Ал Н.В.Гогольдің  «Үйлену» қойылымы (реж.М.Жұмабаев) мен «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісінің премьералары сәуір-маусым айларында өтпек.