Экология • 04 Қаңтар, 2022

Кербұлақ тұрғындары ілбісті табиғи ортасына қайтаруға себепші болды

457 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Кербұлақ кентінің тұрғындары жалғыз қалған таутанның үйреншікті мекеніне аман жетуіне себепші болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кербұлақ тұрғындары ілбісті табиғи ортасына қайтаруға себепші болды

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.

Оқиға 3 қаңтар күні болған. Сағат 12:00-лер шамасында Кербұлақ кентінің Әмірхан Ағамбаев, Саят Әктай және Бекдәулет Жеңісұлы дейтін тұрғындары елді мекен маңындағы далада жалғыз қалған ілбісті (қар барыс) байқайды.

Таутанның адам жақындаса да қашпайтынын, тіпті бой тасалауға да тырыспағанын байқап, тұрғындар тиісті мамандарға хабар берген.

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Охотзоопром» РМҚК инспекторлары келгенше тұрғындар жыртқышты таса қылмай күткен.

«Табиғи парк инспекторлары Зоология институтының ғылыми қызметкерлерімен бірлесіп, жыртқышты «Алтынемел» паркінің аумағына жеткізді. Сағат 20.00 шамансында таутанның мойнына спутникке жалғанған мойынбау тағылып, үйреншікті мекеніне қоя берді. Айта кету керек, бұл «Алтынемел» аумағында тұратын ілбістерге тағылған үшінші мойынбау.

Фототұзақ көмегімен алынған мәліметтер бойынша, саябақта 10-ға жуық ілбіс мекендейді. Ұлттық парк осы сирек кездесетін жануарларды сақтау үшін барлық қажетті шараларды қолға алады», деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Ілбіс (қар барысы) ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы N 1034 қаулысы бойынша, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнгіп тұрған жануарлардың тізбесіне енгізілген.