ЭКСПО шежіресі: Сент-Луис, 1904 жыл
Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Луизиана штатын Наполеон Бонапарттан АҚШ-тың сатып алғанына (1803 ж.) 100 жыл толуы құрметіне Сент-Луис қаласында 1903 жылы өткізілуге тиіс еді. Алайда, ол түрлі себептерге байланысты бір жыл кешіктіріліп, 1904 жылдың мамырында ашылып, 1 желтоқсанына дейін өткізілді. Франциядан Луизиана штатын сатып алу АҚШ тарихындағы аса үлкен сауда-саттық оқиғасы болды. Міне, осы тарихи оқиға құрметіне арналған көрме өткізу шарасы да өте үлкен ауқымда жоспарланды. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу шараларын ұйымдастыруға Луизиана штатын сатып алу құнымен пара-пар – 15 миллион доллар қаржы жұмсалды. Көрме қалашығының ауқымы келген қонақтарды ерекше таңғалдырды. Тек ауыл шаруашылығы павильонының өзі ғана 324 мың шаршы метр аумақты алып жатты. Сент-Луис Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі қалашығында барлығы 1500 құрылыс нысаны тұрғызылды. Осы құрылыс нысандарын бір-бірімен жалғастыратын жолдардың ұзындығының өзі 120 шақырымға созылды. Тіпті, негізгі павильондардың өзін сырттай аралап шығудың өзі туристер үшін аптаға жуық уақытты қажет ететін еді. Көрме қалашығындағы құрылыс нысандарының басым көпшілігі уақытша қолданысқа арналып, гипстен салынды. Алайда, сәулет өнерінің озық үлгілері болып танылған, мәңгілік құрылыс материалдарынан тұрғызылған ғимараттар да аз болған жоқ. Мәселен, осындай екі ғимаратта әлі күнге дейін көркемөнер және тарихи мұражайлар орналасқан. Қазіргі Сент-Луис қаласының іргетасын 1763 жылы француздар қалаған болатын. Осы елді мекенді 1766-1768 жылдар аралығында француз губернаторы Луи Сент-Анж де Бельрив басқарған. Одан кейін билік испандық губернаторлардың қолына көшті. 1800 жылы бұл қалада 1000 адам тұрса, бүгінде 320 мыңнан астам халық қоныстанған. АҚШ Сент-Луис қаласын Франциядан 1803 жылы сатып алды. Осы сауда-саттық оқиғасы тарихта «Луизиандық сатып алу» деген атпен мәңгілік қалды. Сент-Луис қаласында өткізілетін осы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шеңберінде 1904 жылғы жазғы Олимпиадалық ойындарды да өткізу туралы шешім қабылданды. 1900 жылы Париждегі ІІ жазғы Олимпиадалық ойындардан кейін Халықаралық Олимпиадалық комитет төрағасы Пьер де Кубертен Грекия мен Франциядан кейін келесі Жазғы ойындарды АҚШ-та өткізу туралы ұсыныс жасады. Жазғы Олимпиадалық ойындарды өткізу бәсекесіне бес қала: Буффало, Нью-Йорк, Сент-Луис, Филадельфия және Чикаго қалалары түсті. 1903 жылы 10 ақпанда Кубертен ІІІ жазғы Олимпиадалық ойындардың Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шеңберінде 1904 жылы Сент-Луис қаласында өткізілетінін жариялады. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу шежіресінде өркениет әлемі адам қолымен жасалған ғылыми-техникалық жетістіктердің тамаша үлгілерімен толыға түскендігін бұдан бұрын да атап көрсеткен едік. Мұндай табыстардан Америка құрлығы да кенде емес еді. Мәселен, 1893 жылы Колумбтың Америка құрлығын ашқанына 400 жыл толуы құрметіне Чикаго қаласында өткізілген ЭКСПО көрмесін ұйымдастырушылар Эйфель мұнарасынан асатын «керемет» ойлап тапқысы келді. Осы мақсатпен инженер Джордж Феррис дүние жүзіндегі алғашқы «сайтан доңғалағын» ойлап тауып, құрастырып, шығарды. Оның биіктігі 80 метрге жетті. Осы «сайтан доңғалақ» 1904 жылы көрме өткізілетін Сент-Луис қаласына көшірілді. Әрине, Джордж Ферристің «сайтан доңғалағы» Эйфель мұнарасынан асып түсе алмағанымен, кейіннен әлемнің барлық ірі қалаларындағы демалыс паркіндегі көңіл көтеретін негізгі қондырғыға айналды. Кейіннен адамзаттың игілігіне айналған мұндай өнертапқыштық жаңалықтан Сент-Луис Бүкіләлемдік көрмесі де құр алақан қалған жоқ. Осы көрме кезінде балмұздақ сататын 50-ден астам сауда нүктесі алғаш рет балмұздақтарды вафельді стақандарға салып сату тәсілін қолданды. Содан бері міне, жүз жыл уақыт өтсе де адам баласы балмұздақтарды вафельді стақандарымен бірге алып жеуді ұнатады. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы Сент-Луис қаласында жеті ай бойы желбірегенде, дүние жүзінен келген туристерді қызықтырудың небір амалдары жасалды. Тіпті, көрме қалашығындағы арнайы павильонда Африканың, Американың және Австралияның ну ормандары мен шөлейт аймақтарында мекендейтін небір жабайы тайпалардың өкілдері қамалған темір торлардан тұратын «адамдар зоопаркі» туристер назарына ұсынылды. Арнайы жасалған үлкен сахнадан әлемдегі ең үлкен органнан концерт берілді. Сент-Луис қаласындағы ең бай және ең ірі ЭКСПО көрмесін ұйымдастырушылар жеті ай бойы төрткүл дүниеден келген қонақтарды таңдандыра білді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».Бокстан бас бапкер Азия чемпионатындағы екі нәтижемен келіспейтінін айтты
Бокс • Бүгін, 11:15
Астанаға миллионнан астам турист келді
Туризм • Бүгін, 11:00
Қазақстан рекорды жүзуден үшінші рет жаңарды
Спорт • Бүгін, 10:50
Ел оқушылары халықаралық олимпиадада жүлделі болды
Білім • Бүгін, 10:40
Ұлытау облысында 1,2 млрд теңгеге мектеп салынады
Аймақтар • Бүгін, 10:25
Отандық өндірушілерді қолдау – экономикалық тұрақты өсудің негізі
Экономика • Бүгін, 10:15