Қоғам • 04 Қаңтар, 2022

Карамат Шалабаева: 2022 – береке мен отбасы жылы

322 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ халқының өмірінде әртүрлі мәнге ие әрі жиі қолданылатын сандар тізбегі көп. Тәжірибелі нумеролог, психолог Карамат ШАЛАБАЕВА сандардың адамзат өміріне әсері туралы әңгімелеп, барыс жылында қалай табысқа жетудің, денсаулықты жақсартудың құпиясымен бөлісті. Он бес жылға жуық нумерология саласын зерттеп жүрген ол Қазақстанда, кейіннен Ресей, Украина, Үндістан мен Тибетте білім алған. Былтыр Muzzone телеарнасының жобасы аясында нумерологтардың алғашқы ондығына енді. «2020 – жыл нумерологы» атағын жеңіп алған.

 

Карамат Шалабаева: 2022 – береке мен отбасы жылы

– Карамат Саттарқызы, Сізді жаңа келген жылмен және Muzzone телеар­насы жобасының жеңімпазы болуы­ңызбен құттықтаймыз. Соңғы жыл­дары ну­мерология арқылы іс жоспарлау, тіп­тен жеке өмірге қатысты өзгеріс­терді болжауға жиі жүгінетіндер қатары көбеюде. Ну­мерологияны бірқатар зерт­теушілер көне ғылымға жатқызса, енді бірқатары оның жағымсыз жақ­тарын тілге тиек етеді. Жал­пы, биыл қа­зақстандықтардың өміріне сандардың әсері қандай болмақ?

– Біздің жыл санауымыз бойынша биыл барыс жылы. Барыс – қазақы ұғым­да киелі аң. Бұл жылы үлкен бет­бұрыстар, кванттық серпіліс пен түр­лену жылы жалғасын табады. Барыс жылында туғандар тынымсыз болғанымен, қажырлы, қайратты болып келеді. Жылдың табиғи белгісі ағаш болғандықтан, ағаштай мығым, иілмейтін күш керек. Жыл қуаныш пен жақсылыққа толы болады. Көптеген жұптар отбасын құрып, бақытты неке құрады. Әдемілік, молшылық ұғымы да осы жылға тән. Астрология бойынша қою көкшіл, қоңыр, жасыл түстер тартымды болмақ. Екі жыл қатарынан әлем COVID-19 пандемиясының зардабын шекті. Салдарынан жақын адамдарымыздан айырылдық. Әлі де пандемияның әсерінен арыла қойған жоқпыз. Сондықтан денсаулыққа мұқият болу маңызды. Әсіресе, әйел адамдардың өз ден­саулығына сақ болғаны жөн. Осы күр­делі кезеңде адамзат мейірімділікке, қайы­рым­дылыққа мұқтаж екеніне көз жеткізді. Биыл ру­хани дүниемізге көп көңіл бөлетін жыл. Жа­һандану – жаңа мүм­кіндіктер кезеңі. Ал оның жаңа­лық­тарын меңгеру үшін адамзат та жаңа­рып, өз бағдарын дамытып отыруы заң­дылық. Бұл – жаңа дағдыларды меңгеретін кезең.

– Қазақ халқы сандарға аса мән бер­гені белгілі. Сандардың ғажайып ерек­шелік­тері, математикалық мәні туралы ға­лымдар көптеген зерттеулер жүр­гізді. Бір­ақ нумерологияны көп­ші­лік табыс табуға негізделген әдіс ре­тінде ғана қабылдайды.

– Нумерологияны көне ғылым десек қателеспейміз. Бүгінде нумерологияны дінге қайшы деп қабылдайтындар бар. Әбжад есебіне сәйкес ертедегі ғылыми табиғи, діни түсініктер бүгінгі ғылым тұрғысынан терең зерттелді. Әр нәрсенің өз өлшемі бар екені анықталды. Адамзат өмірін сандарсыз елестету қиын. 1-ден 9-ға дейінгі сандар күнделікті тіршіліктің барлық саласында қол­данылады. Ежелгі дәуірлерде де әртүрлі құбылыстарды сандар арқылы сипаттап, уақытты, кеңістікті анықтау үшін ерекше мәнге ие болғанын білеміз. Мысалы, киелі Түркістан 13 деген санға ие. Соңғы кезде «жомарт жұма» дегенді жиі қолданып жүрміз. Жұманың бұлай аталуының да өзіндік мәні бар. Осы тұста айта кететін жайт, адамның рухани болмысының сандармен үйлесім табуы маңызды болмақ. Егер адам рухани кемелденсе, білімге кеңінен жол ашылады. Адамның осы бір қиын кезеңде өзін-өзі тануы маңызды. Білім алу, денсаулығын жақсарту, жақсы дағдыларға машықтану уақыт талабы. Жаратушы адамзат баласына қандай қиындық жүктемесін, соны саналы түрде қабылдай біліп, ары қарай жақсарудың жолын іздеу еңбекті, жауапкершілікті талап етеді. Әрқайсымыз үшін рухани және материалдық үйлесім маңызды. Екі дүниенің рахаты адамзат үшін мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарымен ғана жарасым табады. Мұқ­таж­дарға, жетімдерге, қарттарға көмек­тесу – әр адамның осы өмірдегі басты миссиясы.

– Нумерологияны жастайыңыздан зерттей бастаған екенсіз. Оның қыр-сы­рын меңгеру үшін қандай талаптар қажет?

– Мен мектепте оқып жүргенімде сандар арқылы көп нәрсені болжай алатын болдым. Бала жастан дәрігер болуды армандадым. Бір жылдай осы салада білім алып, кейіннен отбасы жағдайымен оқуды жалғастырмадым. Жиырма жасымнан бастап, әсіресе кішкентай балалардағы көз тигенді емдей бастадым. Кейіннен нумерологияны тереңдете оқып, зерттеу өте қызықты болды. Ғарыш пен жер кеңістігі арасындағы тығыз байланыс маған ерекше бір энергия тарту еткендей әсер етті. Осылайша, адамдарға көмектесу өмірлік ұстанымыма айналды.

– Сіздің Үндістанда, әлемнің ең жұм­бақ өлкесі болып табылатын Тибетте білім алға­ныңыздан хабардармыз. Тета-хилинг техникасын меңгерудің ерекшелігі туралы жиі айтып жүрсіз. Бұл әдіспен емдеудің қандай пайдасы бар?

– Жалпы, бұл бағыттағы алқашқы білімімді елімізде бастап, Үндістанда жал­ғастырдым. Тета-хилингті Мәскеуде меңгердім, ал Ти­бетте «рейки» энерге­тикалық күш пен сан­дардың адам өміріне әсері туралы білімді жетілдірдім. Тибетте түрлі ауруларды емдеу техни­­ка­сының 4 кезеңінен өттім. «Рейки-ем» медицинаның балама түрі, мұнда ала­қан арқылы қашықтықта тұрып емдеу әдісі қолданылады. Энергияны дұрыс бағыттауға, денсаулықты жақсартып, мол қаржы табуға ықпал етеді. Өмірлік энергиясы аз адамдарға пайдасы зор. Кез келген адам өмірінде сәтті және сәтсіз кезеңдерді бастан кешіреді. Тета-хилинг көмегімен өмірдегі сәтсіздіктердің себебін анықтауға болады. Адамдарды бір-біріне жақындатып, денсаулығын жақсартып, табыс табуға ынталандыратын тета-хилинг техникасының маманы Вианна Стиблдің шәкіртінен сабақ алдым. Бұл адамды сауық­тырудың және оның өмірлік энергиясын белсендірудің ерекше әдісі.

– Ал бизнесті дамытуға сандардың қандай әсері бар? Кәсіп табысты болуы үшін қандай есептерге жүгінген жөн?

– Нумерологияда инвестиция салуды, қоныс аудару және бизнесті қандай орында бастауға болатынын анықтауға болады. Әр адам­ның сәттілік сандары бар. Осы тұста тағы да айта кететін мәселе, қайырымдылық жа­сау арқылы адам өз өміріндегі жағымсыз кезең­дерден арыла алады. Бұл бір күнгі акция емес, өмір бойы жалғасып отыратын игі іс. Биылғы жыл жұп сандардан тұратындықтан, жұп болып жұмыс істеген тиімді. Кез келген адам бойдағы мүмкіншілігін тұсап тастамай, үлкен табысқа жету мүмкіндігіне ие. Мен негізінен Пифагор матрицасы арқылы классикалық нумерология бойынша кеңес беріп келемін. Бизнес бастап, дамыту үшін ол адамның ішкі кодымен ерекше үйлесім та­буы қажет. Кеңес сұрап келгендерге дұрыс жоспар түзуге байланысты жөн сілтеймін. Қазақта «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген ұғым бар. Ал қазақы ұғымдағы кез келген тір­кестің философиялық мәні тереңде жатыр. Сон­дықтан әр адам өз өміріне жауапты бола оты­рып, денсаулығына, істеген ісіне байыппен қарап, барыстай сақ қимылдап, жоспарлы қа­дам жасай білсе, өмірінің жақсара түсетіні анық.

– Әңгімеңізге рахмет.