Мәдениет! Осы сөзді күнделікті өмірімізге байланыстырып қолдансақ, мәдениетті, мәдениеттілік, мәдениетіміз деген кең ұғымдарға еніп кетеміз.
Елбасы соңғы Жолдауында елімізде осы мәдениетті дамытуға да жаңаша серпін берді. Сол үшін де Үкіметке мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Өркениеті озық 30 елдің арасынан орын алу үшін мәдениетіміз де соған сай болу керек екендігіне Елбасы баршамыздың назарымызды аударды. Себебі, адам баласының атам заманнан бері талпынғаны сол мәдениеттің шын мағынасындағы дәрежесіне жету. Мәдениетті болу, оның белгілі сатысына табан тіреп, ілгері өрмелей беру заманымыздың және өмірдің алдымызға қоятын негізгі талабы. Адамның мәдениетті болуы қай кезде де маңызын жоғалтқан емес және жоғалтпайды да.
Соңғы кездерде көпшіліктің ойына жиі оралып жүрген, арамыздағы өсіп келе жатқан кейбір жастардың бойындағы біршама келеңсіз көріністер – құқықбұзушылық, әртүрлі қатыгезділік, әдепсіздік. Әдепсіздік дегенде, әсіресе, қыз балалардың бойындағы төсін ашып, кіндігін бақырайтып, санын жарқыратып, ашықтан-ашық қымсынбай, қоғамдық жерлерде ерекше көзге түсуі. Бұл көріністер біздің дәстүрімізде әдепсіздік екендігі атап көрсетіліп, қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында сын-ескертпе айтылып, талқыланып жатыр. Келешекте осы іс-шаралар нәтижесін де берер деген ойдамын.
Дегенмен, бұл жерде жастардың жас ерекшелігін ескеріп, біршама кешірімділікпен де қарайтынымыз жасырын емес. Солай деп бұл көріністі жастардың арасында атқарылатын іс-шаралардың еншісіне қалдырайық.
Ал енді осындай әдепсіздік көріністері өнер саласында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектердің бойынан да кездесетіндігіне не жорық. Нақтылай айтсам, соңғы кездері киелі сахнаның төрінде, теледидар экрандарында жарқыратып ашық қалдырып, көрермендердің көз алдына тосып, қарынын, белдерін ашып қойып би билеп, ән шырқайтын әншілердің саны күннен-күнге көбейіп келеді. Сахнада тұрып, өздерінің осындай көріністерін ыңғайсыз деп санамайтындығына жаның ашиды. Бұл қандай әдептілікке, қандай мәдениеттілікке жатады деп ойға қаласың.
Бұның бір себебін еліктеушіліктен іздеп табуға болады. Біздің бір кемшілігіміз, еліктеуге жақын тұрамыз ғой. Осылай көрінісімен ән салып, би билеп, өнер саласында жүргендер, арнайы оқу орындарында дәріс алып сахнаға шыққандар біздің қазақтың атын дүние жүзіндегі сахналарда паш етіп, өнер көрсеткендердің, бұл күндері арамызда жоқ, халықтың құрметіне бөленген Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Роза Бағланова сияқты өнер тұлғаларының, қазіргі кезде көзі тірі, арамызда биік сахналарда өз әндерімен халыққа қызмет етіп жүрген, халықтың құрметіне бөленген Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Тамара Асар, Қарақат Әбілдина сияқты өнер саңлақтарының өмір жолынан өнеге алмағандары ма деген ой келді.
Қорытып айтқанда, өнер деген құбылыс – мәдениеттің бір саласы. Өнер адамдарының, әсіресе, қыз-келіншектердің, алдымен, әдепті, мәдениетті болуларын алдына мақсат етіп қойғандары абзал шығар!
Батырхан ӨМІРЗАҚОВ,
отставкадағы милиция полковнигі,
Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері.
ШЫМКЕНТ.