«Құрметті жерлестер! Кеше Тараз қаласындағы орталық алаңға жиналған халықтың алдына шығып, сабырлыққа шақырып, заңсыздыққа бой алдырмауға, ортақ диалогқа келуге өтініш білдіргенмін. Алайда, өкінішке қарай бірнеше жүздеген жастар қаладағы басты көшелермен жүріп өтіп, тәртіпсіздік пен заңсыздыққа, бұзақылық әрекеттерге жол берді. Соның салдарынан 10-нан астам полиция көлігі аударылып, өртеніп, облыс әкімінің аппаратының ғимараты, орталық аумақтағы (Атшабар) «Каспий банк» бөлімшесі айтарлықтай зардап шекті.
Заң, тәртіп сақталу керек! Мемлекет мүлігіне зиян келтіру, қоғамдық тәртіпті бұзу заңмен қудаланады. Біздің ойымызша, бұзақылық сипаттағы жүздеген жастар қандай да бір топтың айтағына ергендер. Баршаңызды араңдатушылыққа бой алдырмауға, іріткі салудан аулақ болуға шақырамын! Қандай да бір заңсыз әрекеттердің барлығы үшін жауап беретіндіктеріңізді қатаң ескертемін», делінген Жамбыл облысы әкімінің үндеуінде.