«Алматыда полицияның арнайы жасағы жүргізген операция барысында «Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмакелдиев бастаған қылмыстық топтың 6 өкілі ұсталды», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
ҚР ІІМ-нің дерегінше, қылмыскерлер оларды ұстау кезінде қарсылық көрсетуге тырысқан.
«Алайда, полицияның табанды әрекеттерінің нәтижесінде қылмыскерлер ойлаған мақсатына жете алмады. Ұстау барысында күдіктілерден маркалары мен калибрі әртүрлі 4 жартылай автоматты тапанша және олардың оқ-дәрілері, суық қару мен брондалған автомобиль алынды», деп нақтылады министрлік өкілдері.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде Алматы, Ақтөбе қалалары мен Алматы облысындағы жағдай қалпына келтірілгенін атап өткен еді.