Еуропа халықтық партиясының (ЕХП) шақыруы бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бастаған делегация Дублинде өткен XXIІ конгреске тұңғыш рет қатысты.
Еуропа халықтық партиясы жалпыеуропалық консервативтік центристік саяси партия болып табылады. Бүгінгі таңда ол – Еуроодақтың билеуші саяси партиясы. ЕХП Еуропа Одағының, сонымен қатар, Еуропа Кеңесінің барлық саяси институттарында өкілдік етеді. Партия құрамына 40 елдің ұлттық партиялары енген. Еуропа мемлекеттері мен үкіметтерінің 21 басшысы, Еуропа комиссиясының 13 мүшесі ЕХП мүшесі болып табылады.
Конгресс жұмысына 39 елден 2000-нан астам өкіл келді. Дублинге күллі Еуропа бойынша ЕХП-ға мүше партиялар атынан делегаттармен қатар, Еуропа Одағы институттарының басшылары, мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, ұлттық және Еуропа парламентарийлері жиналды. Аталған съезд Еуропа Одағын одан әрі институттандырудың жаңа кезеңін белгілеп берді. Съезде алғаш рет Еуропа комиссиясы Президентінің орынтағына партия атынан жалғыз кандидат сайланды.
Конгресс жұмысы аясында Б.Байбек ЕХП Вице-президенттері Марио Дэвидпен және Германия Бундестагының вице-президенті Питер Хинтцемен кездесті. Сондай-ақ, Еуропа зерттеулер орталығының төрағасы Вернар Фасслабендпен, Германия Христиан-демократиялық одағының (ХДО), яғни билеуші партиясының басшылығымен, ЕХП көшбасшыларымен келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында центристік идеологиядағы еуропалық партиялармен ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.
«Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы шеңберінде қойған жаңа стратегиялық міндеттері «Нұр Отанның» стратегияны жүзеге асыруда саяси көшбасшылық жүктелген партия ретіндегі рөлін арттырып отыр. Бүгінгі күні «Нұр Отан» сайлаушылардың мүдделеріне, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға көбірек назар аудару арқылы қоғамды тұрақтандыру мен біріктірудің негізгі құралдарының біріне айналды. Біздің партияларымызды центристік идеология мен «Нұр Отан» партиясының Доктринасында, сондай-ақ, Еуропа халықтық партиясының тұғырнамасында белгіленген ортақ консервативтік құндылықтар біріктіреді», – деп атап өтті Б.Байбек.
Екіжақты кездесулер барысында Б.Байбек Қазақстан Республикасының интеграциялық үдерістерге қатысуының жоғары маңызын атап өтті: «Мемлекет басшысы белгілеген ішкі саяси күн тәртібі әріптестерімізбен екіжақты мүдделер тұрғысынан тең дәрежелі әріптестікке Қазақстанның ашық екендігін меңзейді. Біз үшін интеграциялық бірлестіктерге қатысу экономикалық құрылысы ұқсас үлкен нарыққа жол ашып, елімізге, оның ішінде инновациялық өндірісті дамытуға ірі инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
«Егемен-ақпарат».