13 Наурыз, 2014

Талғампаздығымен тамсандырады

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
РиммаЖетістіктің жолын еңбек­сүй­гіштік ашатынын анасы Тұр­сынай Жантағұлова өсиет етіп айтып қана қоймай, санасына әбден сіңіргендіктен болар талдықорғандық кәсіпкер келін­шек Римма Салықова қандай жұ­мыс бас­таса да ет жүрегінен өткізіп, беріле істеуге әдеттенген. Бұл екінің бірінің маңдайына жазылмаған һәм қолынан келе бермейтін оң қадам. Иә, Римма Салықова басқа­ратын «Алматы бояулары» ЖШС бүгінде Қазақстан Республикасы аумағында кеңінен танылған фирма. Зауыт 2013 жылы 1200 тонна алуан түрлі жылтыр бояу материалдарын шығарды. Оның қатарында күрежол ережесіне сай ескерту, тыйым салу белгілерін бояйтын «АК-500» эмалінің 600 тоннасы, жол белгісін бедерлеп айқындайтын «ТР-АК» термапластиктің 400 тоннасы және 200 тонна құрылыс, 300 тоннадан астам қашықтықтан жалтырап көрінетін әйнек іспетті жол белгілерінің бояулары бар. Міне, осы материалдар бұл күндері елімізде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Ағымдағы жылы сол үрдіс өзіндік жалғасын табуы үшін зауытта талапқа сай қондырғылар орнатылып, түрлі көлемдегі тапсырыстарды өтеу жалғасуда. Бұл материалдардың бәрі зауыт зертханасында тексе­ріліп, тәжірибеден өткізіліп ба­рып рынокқа шығарылуда. Сон­дай-ақ, ауа райының құбы­лы­с­тарына төтеп бере алатын, яғни өшіп қалмайтын төзімді һәм сапалы өнімдерді молынан шығару үшін қуаттылығы 5000 тонна «ЛКМ» және 6000 тонна термопластик орнатылған. Тағы бір айта кетер жайт, бұл өндіріс орны «Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына енген. Тұрғылықты халықтан құралған қатардағы жұмыскерлер мен мамандардың білмегенін үйретіп, тәжірибе алмасып, санаттарын өсіру үшін шетелдік мамандар да зауытқа тартылған. Нәтижесінде жергілікті мамандар жылтыр бояудың қай түрін болсын шығаруды меңгеріп алған. Зауытта 7 адамнан құралған 5 түрлі техникалары бар екі бригада жасақталып, жұмыс істеуде. Untitled-2 «Елімізде отандық өнім өн­ді­рушілерге ішкі жалпы өнімнің еншісін 50 пайызға жеткізу үшін бірқатар талап қойылғаны мә­лім. Бұл міндеттен шағын және орта бизнес өкілдері де шет қал­майтыны белгілі. Сондықтан мен басқаратын «Алматы бояулары» ЖШС отбасылық бизнестің де тиімділігін дәлелдеп, өнімін арттыруда. Бүгінде бұл компания­да 65 адам жұмыс істейді. Жеке әлеу­меттік бағдарламамызды жүзе­ге асырудамыз. Қатардағы және аса ірі бизнесте отбасылық мүдде үшін бірлесе атқаратын жұ­мысты жүзеге асыру дәстүрге айналған. Мысалы, менің балаларым Мәди мен Сәкен алуан түрлі жылтыр материалдарды, оның ішінде автокөлік жолдарындағы  белгілерге қажет бояуларды өндіру бойынша әріптесіме айналды. Сонымен қатар, Сәкен сам­бо бойынша республикалық феде­рацияның президенті», деді кә­сіпкер келіншек Римма Салы­қова ағынан жарылып. Бұдан түйгеніміз: «Ұяда не көрсең ұш­қанда соны ілесің» деген қазақы даналық болды. «Алматы бояулары» ЖШС-нің барлық өнімдері қажетті CT-KZ сертификатын алған. Зауыт­тың өндірістік қуаттылығы жылына 20000 тонна бояу шығару. Жалпы, СТ РК ИСО 9001-2009 талабына сәйкес келеді. Үш жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жыл сайын 1000 тонна өнімдерін экспортқа шығарады. 2001 жылы Ресей Фе­дерациясында құрылған филиалы «Алматы бояулары» өнімдерін Шығыс Сібір, Хабаров және Алтай өлкелеріне таратады. Астана қаласындағы филиал қарқыны да жаман емес. Қорыта айтқанда, әрқандай істің көзін тауып, жүрек қалауымен таңдаған жұмысыңызды беріле істеп, жетістікке жету бір бақыт қой. Сол жетістік орынды бағасын алып жатса қандай ғанибет. Әйел әлемінің бір артықшылығы әрқа­шан ұқыптылығымен, табан­дылығымен, тиянақтылығымен, бар ынтасымен ертеңгі еңбек­тің негізін бүгін қалай алатын­ды­ғында, нақтылай түссек екі­нің бірі ескере бермейтін жұмыс­тың көзін тауып, содан оң нә­тиже шығаруында жатыр. Тал­дықорғандық кәсіпкер келіншек Римма Салықованың қадамы со­ның бір дәлелі деп білеміз. Нұрбол Әлдібаев, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.