Аманатты ақтаған, салт-дәстүрді сақтаған мәңгілік Қазақ елі жақсылықтың жаршысындай болған бойтұмар құжатты қуана қабылдады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – бірлік пен келісімнің кеңістігінде өмір сүріп, еңбек етіп отырған тәуелсіз мемлекетіміз үшін алысты жақындатқан, мүддені биіктетіп, мақсатты асқақтатқан болашақтың шамшырағындай жарық әрі нұрлы жол. Ертеден-ақ ертегі арқылы еңселі елдің ертеңін көркем елестетіп өскен ұлт қиялындағы Қазақ елі ақиқатқа айналды. Елбасының биылғы Жолдауын халық жасампаздық алауындай қабылдады.
Қоғамның ілгерілеуі – білімге тәуелді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Білім – адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі. «Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек» екенін өткен ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы көрегенділікпен айтып кеткен. Жас ұрпаққа саналы білім беріп, саламатты өмір салтын үйрету қазіргі қоғамның басты мәселесі. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, іргесі берік болуына білім саласының сапасы тыңғылықты ықпал етеді. Осы бағытта Елбасының бастамасымен білім саласында қажырлы еңбектер жалғасуда. Еліміздің білім және ғылым саласын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттары талқыланып, білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінің негізгі бағыттары Үкіметтен қолдау тапты.
«Бала – болашағымыз» дейтін дана халқымыз ұрпақ тәрбиесіне, өнегесіне ертеден үлкен мән берген. Осы ұстаныммен құрылған «Балапан» бағдарламасы бүгінгі таңда 3-6 жастағы балалардың 71,5 пайызын қамтыса, бұл көрсеткіш үш жылдан соң 80,5 пайызға жетпек. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны да бүгінгі күнмен салыстырғанда бірнеше пайызға артпақ.
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша алдағы оқу жылында 1128 балабақшада 11 мың 637 балдырған болса, биылғы оқу жылында мекеме саны 5%-ға, ал тәрбиеленушілер саны 106%-ға өскен. Жаңадан іске қосылған 50 балабақша қамтылуға тиіс сәбилер санын 20% өсірген. Облыс бойынша 1-6 жастағы 133 мың баланы, оның ішінде 3-6 жастағы 214 мыңнан астам балаға арналған 1256 мектепке дейінгі ұйым халық игілігіне қызмет көрсетуде. Соңғы төрт жылда балаларды балабақшаға қамту 36,8 пайызға артқан. Халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсу жағынан алдыңғы орындағы оңтүстік өңіріндегі бұл жағдай Жолдауда белгіленген «Таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек» деген межелі міндеттің өзектілігін көрсетеді. Саннан сапа шығатынын ескерсек, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны өскен сайын, онда қызмет жасайтын мамандардың біліктілігін арттырып, бағдарламалар жаңартылуы қажет. Сол себепті 2016 жылға дейін жоғары мектепке дейінгі білімі бар мамандар санын 9 пайызға, жоғары педагогикалық білімі бар кадрлар санын 6 пайызға өсіру жоспарланып отыр. Бұл Мемлекет басшысы атап өткен мектепке дейінгі мекемелерге заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңыздылығының айқын дәлелі.
Орта білім беруде оқушылардың құзіреттілігін дамыту үшін білім беру мазмұнын жаңарту өзекті мәселе. Оқушылардың құзіреттілігін дамыту үшін оларға сабақ беретін педагогтардың құзырлылық қабілетін қалыптастыру қажет. Яғни, Жолдауда айтылғандай, «Орта білім беру жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін толық меңгеруі тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі» қажет. Қазіргі таңда кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту, біліктілік берумен шектелсе, ал әлемдік білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну болып тұр.
Білім және ғылым министрлігі орта білім мазмұнын жаңартуды кезең-кезеңімен енгізіп, 2015 жылы 1-сыныптан бастап барлық пәндер бойынша жаңартылған бағдарламаға сәйкес оқыту белгіленуде. Атап айтқанда, оған тілдер (қазақ, орыс, ағылшын), ақпаратты-коммуникативті технология 2016 жылы – 5 және 8-сыныптардан, сындарлы ойлау элементтері және 11-сыныптан кейін жоғары оқу орындары базасында дайындық курстары жатады.
Бұл өзгерістер сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан және жаңаша ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын зиялы азаматты дайындауға бағытталған. Бүгінгі мектептердің мақсаты – жоғары білімді, шығармашыл адамның үйлесімді дамуы үшін қолайлы білім беру кеңістігін жасау. Мектеп түлегі сын тұрғысынан ойлай алуға, білімін шығармашылықпен пайдалана білуге, зерттеушілік және ақпараттық-коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруға, топта және жеке жұмыс істеуге, қарым-қатынас пен қойылған міндеттер мен күрделі мәселелерді шеше білуге дағдыланады.
Ерекше назар аударуды қажет ететін екі мәселе бар. Оның бірі – қазақ тілінде оқытуды дамыту болса, екіншісі – ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықты жою. Бұл – Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға ықпал етуші жетекші факторлардың бірі.
Бүгінгі күні қала мен ауылдық жерлердегі жоғары санатты мұғалімдердің алшақтығы әжептәуір, пайызға шақсақ ауыл мектебінде – 11,5, ал қала мектебінде – 24,4%-ды құрайды. Бұл, әрине, білім сапасына өз әсерін тигізеді.
Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану – қала мен ауыл арасындағы сандық ақпараттық теңсіздікті жоюға жол ашады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында былтырғы оқу жылында 1019 мектепте 534 мың 195 оқушы білім алса, биылғы оқу жылында бала саны 2%-ға өскен.
Өткен оқу жылында оңтүстікте мектеп табалдырығын алғаш рет 58 мың 720 бүлдіршін аттаса, осы жылы олардың саны 11%-ға артқан. Ауыл – қаймағы бұзылмаған қазақы тірліктің ордасы, әрбір қазақтың ата-тегінің бесігі, бақытты балалық шақтың мәңгілік мекені. Ауыл – тарихи сананы қалыптастыратын ұлттық тәрбие отаны. Ел билеген хандар мен жерді жаудан қорғаған батырлар, ойшыл ғалымдар, қалам ұстаған қайраткер қаламгерлер де осы ауыл даласынан қанат қағып, қияға ұшқан. Қазақ үшін ауылдан өткен құтты да киелі мекен болмақ емес, болмайды да. Ауыл мектебінің жағдайын жасап, алшақтықты жоюды жоспарлау мен қазақ тіліне деген жанашырлық ұлтқа, елге деген сүйіспеншіліктің, Елбасы идеясын қолдаудың, отаншылдықтың айғағы.
Соңғы кезде білім беру үрдісіне отбасын, мектепті, қоғамды тартып, қамқоршылық кеңестерін құру, жан басына шаққандағы қаржыландыру және дербестік арқылы басқару әдісі ұсынылып жүр. Бұл – замана талабы. Бүгінде мектеп директоры «өзі қожа, өзі би». Бұған «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенді және қосыңыз. Ауылдық жердегі мектеп директорын аудандық оқу бөлімі тағайындаса, ал оқу бөлімінің бастығын аудан әкімі тағайындайды. Мектепті сырттан келген кадр басқару тәжірибесі жалғасып келеді. Ол білім саласының маманы болмауы да мүмкін. Аудан әкімі ауысса, оқу бөлімінің бастығы, оған қоса мектеп директоры қоса өзгереді. Мектеп директоры болу үшін кемінде үш жыл директордың орынбасары болу керек деген кеңестік кезеңнің тәртібі керек-ақ. Бұл – өткенді көксеу емес. Ел болашағы – жас өскіндер білім алар өркениет ошағының ісі – мектепті басқарушыларға тікелей байланысты екенін айтқымыз келгендіктен туған ойдың жемісі. Әр мектептің директоры, сол мекемедегі ұстаздардың ғана емес, бүкіл оқушылардың, ауыл-аймақтың үлгі алар негізгі ұстыны, тұлғасы болуы тиіс. Ендеше, келешекте осы мәселеге назар аударып, немқұрайлылық танытпағанымыз жөн.
Техникалық және кәсіптік білім беруде білім мен бизнестің әріптестігі ауадай қажет. Бұл ойды Елбасы Жолдауындағы «Таяудағы 2-3 жылда дуалдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет» деген Үкіметке берген тапсырмасы да қуаттайды. Осы міндетті жүзеге асыру үшін салаға қажет кадрлар даярлауды Үкіметтің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы басымдықтарымен байланыстыру өтімді болмақ.
Бүгінгі күні еліміздегі жоғары оқу орындары жоспарлы жүйе қағидалары негізінде жұмыс жүргізетіні баршамызға мәлім. Ұлттық және мемлекеттік ЖОО барынша төмен бағамен оқытады. Мемлекеттік кәсіпорын және акционерлік қоғам түріндегі ЖОО-лардың шаруашылық қызметі 16 кодекспен және 48 заңмен қадағаланады. Бұл жағдай жоғары оқу орындарының өз бетінше дамуына мүмкіндік бермей отыр. Бұл тығырықтан шығудың жолын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында атап көрсетті: «Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық академияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет». Нарықтық бәсекелестік жағдайында ЖОО-ларды мемлекет иелігінен алу және оларға дербестік беру – профессор-оқытушылық құрам мен студенттер үшін бәсекелестікті арттырады. Ал оған жету үшін жаңа ұйымдық-құқықтық форма, ЖОО-лардың дербес даму бағдарламалары, нәтижеге бағытталған қаржыландыру, алқалық басқару, жемқорлықпен күрес жүргізу қажет. 2014 жылдан бастап жоғары оқу орындарының басқару кеңестері арқылы корпоративті басқаруды енгізу көзделуде. Білім және ғылым министрлігі экономиканың инновациялық дамуына және бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін білім сапасының жетістігін арттыруды мақсат ете отырып, «Білім туралы» заңды жетілдіру, ЖОО-ларға автономия беру, білім орындарына қабылдаудың жүйесін жетілдіру сынды бастамалары көңілге сенімділік орнатады.
Сонымен бірге, ЖОО-да көп салалы қаржыландыру үлгісі, заманауи оқу-зертханалық базалары өндіріске енбек. Бұл 2016 жылға қарай, Бүкіләлемдік экономикалық форумның Ғаламдық бәсекелестікке қабілеттілік индексіндегі жоғары білім саласы бойынша көрсеткіштер жоғарылайды деп күтілуде.
Мемлекеттегі білім беру саласы 2009 жылы Болон процесіне көшкеннен бері жоғары оқу орындары кредиттік технология жүйесімен бакалавриат-магистратура-докторантура бағытында мамандар даярлап келеді. Десек те, кредиттік жүйені толығымен іске асыра алмай келеміз. Оның өзіндік себептері де бар. Жоғары оқу орындарына келген талапкерлерге жаңа жүйені меңгеру қиынға түсуде. Сондықтан 2015 жылы 12 жылдық білім беруге көшу қажет.
Жыл сайынғы Жолдауда Елбасы назарынан тыс қалмайтын тақырып – жастар саясаты. Егемендігіміздің алғашқы жылдарынан іске асқан Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бүгін жемісін беруде.
Жолдауда көрсетілгендей, 2016 жылғы 1 қаңтардан шәкіртақының 25 пайызға, білім беру саласындағы қызметкерлер еңбекақысының 29 пайызға артуы, білім саласын жақсартудағы игілікті бастама. Қалыптасқан тарихи құндылықтар аясында тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын, бірлік пен бейбітшіліктің баяндылығын, жоғары руханият пен экономикалық өсімнің дамуын, тарих, мәдениет, тілдің ортақтығын, ұлттық қауіпсіздік пен әлемдік деңгейдегі биік беделді сақтауымыз шарт. Жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» – баршамыздың бойтұмарымызға айналуы тиіс. Мемлекет басшысы сеніп, үміт артқан жастарды оқытып, тәрбиелеуде олқылықтарға жол бермейміз, қателіктерге кезікпейміз деген үміттеміз. Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясының жемісін көретін бүгінгі жас – бабалар аманатын арқалар, нар жүгін көтерер елдің ертеңгі иесі. Ұлтты ұлт ретінде бар қатерден алып қалатын ана тілінің тазалығын сақтап, «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыратын сол жастардың саяси сауатты, терең білімді, жан-жақты ізденімпаз алғыр болуы – тәуелсіздігіміздің негізгі кепілі. Сондықтан да білім беру ісіндегі жаңа реформаларға сын көзбен қарап, стратегиялық мақсат-міндеттерді орындауда қырағылық пен зеректік танытуды ойлау әрқайсымыздың парызымыз. «Мәңгілік Ел» идеясын түпқазық етіп алған Елбасы Жолдауы – алда атқарылар барша баянды істерде жолбасшы, жарық берер шамшырақ деп білемін. Дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеп отырған тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуына үлес қосам дейтін әрбір азамат Жолдау тапсырмаларын орындауда адалдық пен жанашырлық танытады деп сенемін және соған шақырамын. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек».
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050 бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын талқылап, іске асыру мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар жүзеге асуда. Жаратылыстану мамандықтары бойынша жаңа заманауи зертханалар ашылды. Студенттер мен оқытушылардың ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлығын дамыту мақсатында аталған бағдарлама аясында Балтық халықаралық академиясы (Латвия), Гумбольдт университеті мен Дрезден университеті (Германия), Кембридж университеті (Ұлыбритания), Нова университетімен (Португалия) келісімшарттар негізінде бірлескен жұмыс жүргізілуде.
Институт ғалымдарының еңбектерін шетелдік аренаға шығару жолдарын зерделеу үшін методологиялық көмек алу мақсатында Кембридж университетінің профессоры Сидхарт Саксенамен бірлесіп «Технологиялық сараптау орталығы» құрылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары негізгі үш бағытқа топтастырылып, институттың ішкі қаражаты есебінен үш ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеуде: «Мәңгілік Қазақ елі ғылыми-зерттеу орталығы», «Саламатты өмір ғылыми-зерттеу орталығы», «Көптілді білім ғылыми-зерттеу орталығы».
Көптілді білім беруді жүйелі жүргізу мақсатында барлық мамандықтардан ағылшын тілінде оқитын топтар ашылды. Сондай-ақ, оқытушылар мен студенттерге арналған ағылшын тілін меңгертетін арнайы 3 орталық жүйелі жұмыс жүргізуде. Португалиядағы Нова университеті базасында оқытушылар мен студенттер үшін ағылшын тілін үйрету мектебі өз жұмысын бастады.
Студенттерге болашақ маманға қажетті құзыреттілікті бере алатын дәрістерді енгізу арқылы модульді білім беру бағдарламалары жасалды. Оқу жоспары толығымен модульді білім беру жүйесіне көшірілді. Ең бастысы, институт келешекте автономиялы білім беру мекемесіне айналуды көздеп отыр. Осы мақсатта бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігімен қамқоршылар кеңесін құру жөніндегі келіссөздер жүргізілуде. Ол үшін Назарбаев университеті моделі негізінде институттың дербестігін кеңейтіп, ішкі құрылымына өзгерістер енгізілді. Даярланатын мамандықтар негізгі үш ғылыми мектепке топтастырылды:
Бірінші, жаратылыстану және математика ғылыми мектебі, екінші, гуманитарлық және әлеуметтанудың ғылыми мектебі, үшінші шығармашылық өнер және жаңа технологиялардың ғылыми мектебі.
Ғылыми мектептер басшылығына оқу жоспарын құруда, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда, кадрлық әлеуетті арттыруда, оқу үдерісін ұйымдастыруда ішінара дербестік берілді.
Мемлекет басшысы сенген жастардың бастамасымен облыс мектеп оқушылары мен болашақ ұстаздардан құрылған «Елбасы серіктестері» атты ынталы топ жасақталып, жарғы негізінде өз жұмысын бастап кетті. Республика жастармен бірлесе отырып, стратегиялық жоспарды орындауға азаматтық үлестерін қосуда.
Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық
институтының ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор.