Қазақстан • 09 Қаңтар, 2022

ҰҚШҰ әскері елден қашан шығарылатыны айтылды

531 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұжымдық қауіпсіздік келісім туралы шарт ұйымының әскері бір аптаның айналысында елден қайтады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

ҰҚШҰ әскері елден қашан шығарылатыны айтылды

«Ұжымдық қауіпсіздік келісім туралы шарт ұйымынан кірген күштің негізгі миссиясы - елімізде стратегиялық нысандарды күзету. Тағы қайталап айтамын, стратегиялық нысандарды Ұжымдық қауіпсіздік келісім туралы шарт ұйымының әскері қорғағандықтан, біздің қарулы күштеріміздің, Ұлттық ұланның әскерлері террористер көп шоғырланған Алматы қаласы, Алматы облысы және басқа да өңірлерде солардың көзін жоюға еркін мүмкіндік алды. Яғни, біздің стратегиялық нысандарды Ұжымдық қауіпсіздік келісім туралы шарт ұйымының әскері қорғайды да, өзіміздің әскерилер барлық террористердің көзін жоюға әрекеттенді. Бұл бізге үлкен көмек болды», деді Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша жалпы жағдай тұрақталған соң, ҰҚШҰ елдері әскерлерінің миссиясы аяқталатынын айтты.

«Олардың ешқайсысы қалмайды. Бірден өз елдеріне кетеді. Ұжымдық қауіпсіздік келісім туралы шарт ұйымы деген жалғыз Ресей ғана емес, өздеріңіз білесіздер. Биыл төрағалық етіп отырған Армения бар, Беларусь, Тәжікстан бар. Бұл әскердің бәрі көп тұрақтамайды. Ары кетсе бір апта көлемінде кетеді. Мүмкін, оған да жетпейді. Бәрі қайтарылады. Оның үстіне қазір біліп отырсыздар, жағдай тұрақталып келе жатыр», деді Берік Уәли.