Бұл ретте бір ғана Magnum Cash&Carry сауда желісінің өзі шамамен 11 млрд теңге шығынға ұшыраған. Компанияның PR-менеджері Дмитрий Шишкиннің хабарлауынша, тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласындағы Magnum-ның 15 дүкені толықтай тоналған. Ал 11 дүкен ішінара шығынға батыпты.
– Қазір мүмкіндігімізше дүкендерді қайта ашып жатырмыз. Мәселен, 10 қаңтар күні Алматыдағы 56 дүкен жұмысқа кірісті. Жұмыс уақыты дүкендердің орналасқан жеріне байланысты кешкі 18.00-19.00-ге дейін деп көрсетілген, – деді ол.
Компания өкілі тәртіпсіздіктер кезінде компания қызметкерлерінің зардап шеккенін, иә шекпегенін нақты айта алмады. Тек бұзақылар келген кезде қызметкерлердің бәрі дерлік қауіпсіз жерге жеткізілгенін айтты.
– 15 дүкендегі тауарлардың бәрі тоналды. Төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап дүкен сөрелерінен арақ-шарапты толықтай алып тастадық. Техникалар да қолды болды. Кассаларды қиратты. Бәрін қалпына келтіру өте қиын. Сондықтан мемлекеттен қолдау күтеміз. Зардап шеккен бизнеске «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Сауда және интеграция министрлігі тарапынан қолдау көрсетіледі деген сенімдеміз. Қазір жұмысты өз күшімізбен қалпына келтіріп жатырмыз. Алматыдағы қорымызда тауар жеткілікті. Жақын күндері тауар тасымалдары қалпына келеді деген сенім бар, – деді Дмитрий Шишкин.
Ол компания қыруар шығынға ұшырағанына қарамастан, жергілікті тәртіп сақшыларына, әскерилерге, өрт сөндірушілерге көмектесіп жатқанын, ауруханаларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді.
– Компания орын алған жағдайларға қарамастан жұмыс орындарын толық сақтайды. Қызметкерлердің жалақысы уақтылы төленеді. Компания қаржылық жағдайды реттеу үшін тиісті шараларды қабылдайды. Әзірше дүкендердің жұмыс кестесі бір қалыпты емес. Өзгеріп тұрады. Сондықтан толық ақпаратты компанияның ресми сайтынан алуға шақырамыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күзет қызметі күшейді. Бұл тұрғыдан бізге Алматы қаласының әкімдігі үлкен қолдау көрсетіп отыр. Қауіпті аумақтардағы дүкендерді әлі ашпадық, – деді Magnum Cash&Carry сауда желісінің өкілі.
Өткен нөмірде хабарлағанымыздай, қазіргі уақытта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне қолдау көрсету желісін іске қосты. Ол бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен, 10 қаңтардағы дерекке сүйенсек, тікелей желіге кәсіпкерлерден 2 774 қоңырау түскен. Оның 1 406-сы мародерлық әрекеттерге байланысты.
39 қоңырау форс-мажор куәлігін рәсімдеуге арналған. Бұдан бөлек, блок-бекеттердің жұмысына қатысты 2 қоңырау, зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау қоры бойынша
3 қоңырау түскен. Жеке тұлғалардан түскен қоңыраулардың саны – 1 324.
«Атамекеннің» хабарлауынша, еліміздің 9 өңірінде 1 488 нысанда орналасқан 1 319 зардап шеккен бизнес субъектісі анықталған. Оның ішінде Алматы қаласында 1 234 субъекті зардап шеккен. Бұл ретте 1 245 сауда орнына, 25 қоғамдық тамақтану орнына залал келген. Сондай-ақ қаржы секторының 37 субъектісі, логистика қызметінің 9 субъектісі, БАҚ саласының 2 субъектісі залал көрген.
Осы орайда зардап шеккен бизнесті қолдау мақсатында «Күшіміз бірлікте» – «Сила в единстве» қоры құрылды. Оны Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев басқарады. Қаржылай қолдау көрсетемін деген азаматтар ұлттық палатаның сall-орталығына және Алматы қаласының өңірлік кеңесіне хабарласа алады. Келесідей телефон нөмірлері тәулік бойы қызмет көрсетеді: +7778 4101758; +7775 1261839 және +7777 79470077 (Бауыржан Оразғалиев, Алматы өңірлік кәсіпкерлер палатасы).
«Күшіміз бірлікте» – «Сила в единстве» қорына түскен қаражат Алматы қаласы және басқа да аймақта зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімінен кейін бөлінетін болады. Қор қаржының түсуі және бөлінуі ашық болатынына кепілдік беріп отыр. Барлық қаржы операциясы цифрландырылған және жұртшылыққа жарияланып отырады.
Аталған қорға қомақты қаржы аударған кәсіпкерлердің бірі – белгілі меценат, «ҚазАзот» АҚ басшысы Бахаридин Аблазимов. Ол зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдап, 500 млн теңге көмек көрсетті. Бұл қорға түскен алғашқы қомақты қаржы.
– Алматыда шағын кәсіпкерлердің асханалары, дүкендері, шаштараздары қиратылып, өртелді. Қаншама зат қирады. Оларға көмектесетін қор ашылды деген соң, өзімнің азаматтық борышымды осылай өтегім келді. Өзге де кәсіпкерлерді бұзақылардың әрекеттерінен кейінгі шығынды қалпына келтіруге атсалысуға шақырамын. Біздің күшіміз – бірлікте, – дейді Бахаридин Аблазимов.