Қоғам • 11 Қаңтар, 2022

Шекарашы ардагерлер жас жауынгерлерге алғыс айтты

1190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сын сағатта ешкім де, ештеңе де көзден таса қалмайды. Жақсылық та, жамандық та. Бейбіт шерудің соңын бүлікке айналдырып, бейбіт адамдардың өміріне қауіп төндірген содырлардың сұрапыл соққысын еліміздің күштік құрылымдарының қатарында шекарашылар да қарсы алып, лайықты тойтарыс берді. Тәуелсіз Қазақстан елінің тыныштығын ешкімнің бұзуға қақысы жоқ екенін көрсетті.

Шекарашы ардагерлер жас жауынгерлерге алғыс айтты

Жаумен жағаласу кезінде жараланды. «Жаны – арының садағасы». Қаза тапқан қос әріптесімізді, болашақ офицер атануға тиіс болған үш шекарашы курсантты  жер қойнына арулап тапсырдық. Өкінішті. Отанына берген анттарына адалдық танытқан қаруластарымыздың ең кішісі небәрі 19 жаста болатын...

Жараланған әскери қызметшілер қазіргі кезде ҚР ҰҚК Алматы қаласында емханасы бар өңірлік әскери госпиталінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жараланғандардың арасында жағдайы тұрақты ауырлары да бар.а

– Алматы қаласының ішінде дүрбелең басталған сәтте біз өзіміздің алдағы қызметімізге тас-түйін дайын болдық, – дейді аталған әскери госпиталдің бастығы ұ.қ. подполковнигі Әнуар Ахметжан бізбен сұхбатында. Алғашқы күні-ақ 80-ге тарта жаралы әскери қызметшілерді қабылдап, бірден медициналық көмек көрсетуге кірістік. Олардың ішінде көбінесе ҰҚК Шекара академиясының курсанттары, сондай-ақ Ішкі істер және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері болды. 

Келесі күні де қарулы қақтығыс кезінде оқ тиіп, жараланғандар легі аз болған жоқ. Шұғыл ота жасалып, өмірлерін сақтап қала алдық.

Барлығы 120-ға тарта жаралы келіп түскен болатын. Олардың 80-нен астамы шекарашылар.

Бүгінгі таңда түрлі дене жарақатын алған 75 әскери қызметші дәрігерлердің жіті қадағалауында. Қалғандары амбулаториялық емдерін үйлерінде жалғастырады.

Қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті.

Бүгінде әскери госпиталдің әрбір шаршы метрі ҰҚК Шекара академиясының қорғауында.

Әнуар Дулатыұлымен болған сұхбаттан кейін шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық және облыстық филиалдары алғыс, құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырған шараға қатыстық.

Атап айтар болсақ, запастағы генерал-майор М.Мәжитов, запастағы полковниктер: А.Дубов, А.Горячко, С.Анисимовтар палаталарға кіріп, жаралы әскери қызметшілердің жағдайын білді. Қызмет атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен мемлекет мүддесін қорғау барысында жасаған ерліктері үшін алғыс айтты.

Саңлақ сардарлардың өздері де Ауған соғысын бастарынан өткеріп, тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған. Сондықтан, лаңкестерге қарсы тұрып, нағыз от пен оқтың ортасынан шыққан әскери қызметшілердің жағдайын сұрап, олардың рухын көтеруді өздерінің азаматтың һәм ар алдындағы борыштары санағандары хақ.

«Застава тарландары» республикалық қоғамдық ұйымының Алматы қалалық филиалының төрағасы отставкідегі генерал-майор М.Мәжитовтің айтуынша, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі ҰҚК Шекара қызметінің қаза тапқан бес әскери қызметшінің отбасына материалдық көмек ретінде 100 мың теңгеден қаржы бөлді.а

Ардагерлер әскери госпиталға да құр қол келген жоқ. Жаралыларға шырын, жеміс, тәттілер салынған пакеттерді табыс етті.

Еске сала кетсек, отставкідегі генерал-майор Т.Уажанов басқаратын «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі «COVID-2019» індеті кезінде де Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірдегі әскери госпитальдарына мүмкіндігінше шефтік көмектерін көрсеткен болатын.

- Қажет болса, ерікті жасақ құрып, әсем қаламыздың тыныштығын қорғауға даярмыз, - дейді Шекара қызметінің ардагері Марат Әлімжанұлы Мәжитов.

Иә, «Жау жағадан алып, бөрі етектен тартқан» тар заманға тап болған еліміз үшін бұл да болса қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек.

 

Т.ДӘУЛЕТБАЕВА.  

Шекара қызметінің запастағы подполковнигі