Коронавирус • 11 Қаңтар, 2022

Батыс Қазақстан облысында жағдай ушығып тұр

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індетін жұқтырған тұрғындардың саны көбеюіне байланысты Батыс Қазақстан облысы 11 қаңтарда «сары» аймаққа енгізілді, деп жазады Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысында жағдай ушығып тұр

Өңірде індет басталғалы 40 249 адамға «коронавирус» диагнозы қойылған. Оның ішінде 26 022 науқастан ауру симптомдары анық байқалған. Ал соңғы тәулікте Батыс Қазақстан облысында 24 жаңа жұқтыру жағдайы тіркелді. КВИ Rt репродуктивті саны – 2,25.

Сараптамаға қарасақ, өңірде 2020 жылы - 9 221 жағдай, 2021 жылы – 30 849 жағдай тіркелген. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бері 179 адам вирус жұқтырғаны хатталды. Соңғы ауырғандардың 113-нің сырқаты – симптомдық, 66-сы – симптомсыз байқалған. Ауырып жатқандардың екеуі – кәмелетке толмаған. Өкініштісі, жаңа жылдан бері, дәлірек айтсақ соңғы аптада үш адам осы дерттен қайтыс болды.

Облыс аумағында COVID-19 диагностикасы бойынша 14 зертхана бар. Соңғы тәулікте 322 зерттеу жүргізілген.

Облыста COVID-19 жұқтырған науқастар 9 инфекциялық стационарда ем алып жатыр. Оның ішінде 6 науқастың жағдайы ауыр, оның үшеуі – НИВЛ аппаратына, 3 адам – оттегіге қосылған. БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, инфекциялық төсек толымдылығы – 11,3%-ды ғана құрайды. Яғни, қауіпті вирус жұқтырған науқастарды дер кезінде ауруханаға жатқызып, тиісті ем-дом көрсетуге еш кедергі жоқ. Қазіргі қызмет етіп тұрған 504 стационарлық орыннан басқа, 2 184 (1309 инфекциялық, 875 карантиндік) төсек-орын резерві жасалған.

КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу барысына тоқталсақ, бүгінге дейін 257 115 адам екпенің алғашқы компонентін алған. ІІ компонентін толық алған тұрғындардың саны – 244 140 адам. Бұл өңірдегі тиісті халықтың 58,9%-ы.

Тұрғындардың басым көпшілігі, яғни 183 361 адам – «Спутник V», 19 896 адам – «QazVac», 24 998 адам – «Hayat-Vax», 7 728 адам – «Corona-Vac», 21 132 адам – «Vero Cell» екпесін таңдаған екен. Ал Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын 5 770 адам алды, оның ішінде жүкті әйелдер – 195, бала емізетін әйелдер – 2 467 және жасөспірімдер – 3 108. Ревакцинациядан 20 730 адам өткен.

Мұхамғали Арыспаев өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауға алып, егер жағдай түзелмесе, шектеу шараларын күшейтетінін хабарлады.