Аймақтар • 12 Қаңтар, 2022

Ахуал тұрақталып келеді

204 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қала қақпаларына қойылған блок-бекеттер әлі де көліктер мен жеке тұлғаларды қалт жібермей қадағалап тұр. Бұл іске әртүрлі күштік құрылымдардың жүздеген өкілі жұмылдырылған.

Ахуал тұрақталып келеді

Бақылау бекеттерінен бө­лек күдікке ілінген пәтерлер мен жеке үйлерді де тексеру жұ­мыстары жүргізілуде. Тиісті құрылымдар тінту барысында жарық дыбыстық гранаталар, тоналған тұрмыстық техникалар, мобильді құрылғылар мен суық қаруларды тәркілеген. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың саны сәт сайын жаңаруда. Комендатура келтірген соңғы дерек бойынша лаңкестік, тонау және басқа да істерге қатысы бар деген кү­дікпен 1 237 адам ұсталған. Одан бөлек, 31 атыс қаруы мен 1 428 оқ-дәрі тәркіленіп, блок-бекеттерде тағы да 38 адам қолға түскен. Жауапты орындар «102» басқару пультіне барлығы 608 хабарлама, комендатураның call-орталығына азаматтардан жедел әрекет етуді талап ететін 253 дабыл түскенін мәлімдеді.

Мәселен, Алмалы ауданы­ның полиция қызметкерлері Бай­­­тұр­сынұлы көшесіндегі жал­­­дамалы пәтерлердің бірінен қаланы талқан­дауға қатысты деп күдікке ілінген 8 адамды ұстады. «Тұрғын үйден әс­­кери құралдар мен қала дү­кен­­де­рінде қолды болған тұр­мыс­тық, цифр­лы техникалар табылды. Ұстал­ғандардың 6-ауы Жамбыл облы­сының, тағы 2-еуі Талдықорған қала­сының тұр­ғыны. Үлкенінің жасы 25-те болса, ең кішісі не­бәрі 19 жаста», деп мәлімдеді полиция­дағылар.

Комендатураның ақпараттық бөлімі қалада лаңкестерге қарсы күрес әлі де жалғасып жатқа­­нын, 11 қаңтар күнгі дерек бойын­ша, Әуезов, Алатау және Медеу аудан­­дарының аумағы, «Өжет» шағын
ауданы мен «Алматы» ха­­лық­ара­лық әуежайына шекара­лас аумақ­та лаңкестерден тазарту жұмыста­ры қарқынды жүр­гізілгенін хабар­лады. Бұ­ған дейін шаһардың Са­йын – Ра­йымбек – Карьерная – Жан­досов көшелерінің аумағы қыл­­мыскерлерден тазартылғаны ту­ралы ақпарат тараған болатын.

Әкім Бақытжан Сағынтаев ойраннан ең көп зардап шеккен Алматының тыныс-тіршілігін қал­пына келтіру бойынша ақпа­раттық кеңес өткізіп, мегаполис өмірін арнаға түсірудің жоспарын таныс­тырды. Қала басшысы әкімдік ғи­маратының қирауына байланыс­ты қала әкім­дігі уақытша Алмалы ауданы әкімдігінің ғимаратында жұмысын жалғастыратынын айтты. Тиісінше зардап шеккен қалалық кеңселер де басқа ғимараттарға уақытша көшіріледі.

Бүгін, яғни 12 қаңтардан бас­тап Алматыда барлық қоғамдық көліктер қалыпты жұмысына кіріседі. Төтенше жағдайға бай­ланысты жұмыс кестесі қала­лық маршруттар үшін сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Президент тапсырмасына сай, жұрт басына бұлт үйірген қанды оқиға енді қайталанбас үшін күн санап аумағы арт­қан шаһардағы қауіпсіздік мәселесі барынша күшейе түс­пек. Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы әрі қала коменданты Қанат Таймерденов жағдайдың толық бақылауда екенін жеткізді. Дүйім елді дүрліктірген дүрбелеңде бей­біт тұрғындармен қатар құ­қық қорғау саласының қыз­­меткерлері қатты зардап шек­ті. Қаланың бас полицейі қыз­мет бабында қаза болған поли­цейлердің үйіне барып, кө­ңіл айтты. Бұған дейін хабар­ла­ғанымыздай, полиция сержанты Ален Асылханов, полиция старшинасы Ринат Қамбетов пен полиция кіші сержанты Нұр­болсын Алмасов қаланы қорғау барысында лаңкестердің қолынан қаза тапқан болатын.

«Елімізге сын сағат төн­генде ер­лікпен өмірден өткен әріп­тесте­ріміздің туыстарымен бірге қай­ғы­рамыз. Олар азаматтардың қауіп­сіздігі үшін жанын қиған батырлар. Азаматтардың Отан алдындағы жанқиярлық қызме­ті бізге де, болашақ ұрпаққа да жарқын үлгі болмақ», дейді Қанат Таймерденов.

Сондай-ақ қала коменданты тұрғындарды сақ болуға ша­қырып, балалар мен егде адамдарды қараусыз қалдырмау жайын ескертті. Бәленің беті бері қарады десек те, арқаны кеңге салуға ерте, сондықтан мұқият болған абзал.

 

АЛМАТЫ