Аймақтар • 12 Қаңтар, 2022

269 бүлікші ұсталып, 20 қылмыстық іс қозғалды

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында жағдай тұрақты. Ахуал өңірде құрылған жедел штабтың қатаң бақылауында. Қазіргі кезде Тараз қаласында орын алған террорлық шабуылға тосқауыл қойылып, он шақты қарулы қылмыскердің көзі жойылған.

269 бүлікші ұсталып, 20 қылмыстық іс қозғалды

Сонымен қатар 269 бүлікші ұста­лып, 20 қылмыстық іс қозғал­ған. Сондай-ақ 104 әкімшілік іс қоз­ғалуда. Жалпы, қақтығыс салдарынан 15 адам қаза тапты. Оның ішінде 2 азамат құқық қорғау органдарының қызметкері болса, 13 адам жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар болып отыр. Ал облыс әкімдігін өртеген белсенді 4 адам ұсталып, 2 калашников автоматы тәркіленген.

Қаруланған топқа қарсы полиция департаменті, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің облыс бойынша департаменті мен «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының 2 мыңнан астам қызметкері мен 100-ден астам арнайы техникасы жұмылдырылған. Бүлікшілік кезінде 283 адам дәрігерлер көме­гіне жүгінген болса, бүгінде 42 адам ауруханада жатыр. Темір жол вокзалында түнгі сағат 23:00-ден кейін пойыздан түсетін жолаушыларды арнайы кезекші автобустар тасымалдайды. Бүгінде қылмыскерлерді ұстау, жедел іздес­тіру шаралары жалғасуда. Об­лыс бойынша 29 блок-бекет жұ­мыс істеп тұр. Оның ішінде Тараз қала­сының кіріс-шығыс қақпаларына 10 блок-бекет қойылған. Облыс, қала аумағына кіріп-шығатын барлық көліктер тексерілуде.

Облыс әкімі Бердібек Сапар­баев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсыр­маларды бақылауға алу, оның орындалу барысын тексеру мақсатында жиын өткізді. Тиісті басшыларға зардап шеккен нысан­дарды қалпына келтіру, көлік­тер шығынын есептеу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар өңірдегі жаппай тәртіпсіздікке шамамен 2 мыңға тарта адам қатысқанын, әзірге 269 бүлікші ұсталғанын, басқа да белсенділерді ұстау бойынша шараларды жеделдету қажеттігін айтты. «Арандатушылар мен күдіктілерді анықтау бойынша аудан, ауылдық әкімдіктер мен полиция инспекторлары белсенді әрекет етуі тиіс. Күнделікті мәлі­меттерді штаб отырысында са­ралап отырмыз. Халықты жылу, су, газ, жарықпен қамтуда ешқандай мәселе болмауы керек. Президенттің тарифтердің, жанар-жағармайдың, газдың және азық-түліктің бағасын көтермеу, қажетті қорын қалыптастыру бо­йын­ша тапсырмалары орындалуы тиіс. Әсіресе әлеуметтік маңызды тауарлардың жеткілікті болуын, бағасының өспеуін бақылауда ұстаңыздар», деді Б.Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы