Президент • 12 Қаңтар, 2022

Мемлекет басшысы қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларымен кездесті

496 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы қайғылы оқиғалар барысында қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті. Президент мемлекет тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларымен кездесті

«Олар халқымыздың қауіпсіздігі үшін, еліміздің болашағы үшін өз жандарын құрбан еткен нағыз батырлар. Біз олардың ерлігіне тәнтіміз, ешқашан ұмытпаймыз. Олар халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Сіздердің отбасыларыңыз назардан тыс қалмайтынына сөз беремін. Баспана болсын, балалардың оқуы болсын барлық мәселеге әрқашанда көмек көрсететін боламыз», деді Президент өз сөзінде.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік міндетін орындау кезінде көрсеткен батырлығы, мемлекет мүддесін қорғау барысында көрсеткен ерліктері үшін біріне жар, біріне әке болған марқұмдарға берілген наградаларды туған-туыстарына табыстады.

ҰҚК Шекара қызметі академиясының кафедра бастығы Андрей Кабдиновтің жары мен ұлына II дәрежелі «Айбын» ордені, Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция басқармасының полиция-жүргізушісі Әлен Асылхановтың жарына, сондай-ақ Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция басқармасының полиция-жүргізушісі Ринат Камбетовтің жарына III дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Содырлар қолынан қаза тапқан марқұмдардың туыстары бұдан былай біздің елімізде дәл осындай қайғылы оқиғаның қайталанбауына сенім білдірді.