– Қызылорда қаласында «Компас», «Sinooil», «ГазЭнерджи» жанар-жағармай бекеттеріне, «Сұлтан», «Фристайл», «Бірлік», «Аль-асад» сауда үйлерінің ғимараттарына, төлем терминалдарына, «М-ломбард» ғимаратына залал келтіріліп, мүліктерін (азық-түлік, алтын бұйымдары, ақша) тонау фактілері орын алған. Келтірілген залалдың көлемін нақты айту қиын. Дегенмен палата мен облыстық басқармаға хабарласып, өтініштерін қалдырып жатқан кәсіпкерлердің сөздеріне сүйенсек, залалдың жалпы сомасы 395,4 млн теңгені құрайды. Шығындар әлі де болса есептелуде. Байланыс түзетілген соң, біз кәсіпкерлермен хабарласып, толық ақпарат пен дәлелдейтін құжаттарды аламыз. Сондықтан, кәсіпкерлерден залалды дәлелдеу үшін барлық деректерді фото және видео арқылы тіркеуді сұраймыз, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, аумақтық комендант Бектөре Сұлтанның бұйрығына сәйкес Қызылордада коменданттық сағат енгізілді (сағ. 23.00-ден 07.00-ге дейін). Бұйрыққа сай:
– облыс көлемінде азық-түлік дүкендері және дәріханалардың жұмыс уақыты сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін;
– облыс көлемінде алкогольдік өнімдердің сатылуына тыйым салынды;
– облыс көлемінде кафе-барлар, мейрамханалар, қоғамдық моншалар, сауналар, спорттық ұйымдар, ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынды.
Аталған бұйрықтың орындалу мерзімі жағдай тұрақталып, арнайы шешім қабылданғанға дейін күшінде сақталады.
– Қала тұрғындары мен қонақтарын, кәсіпкерлерді қауіпсіздік шараларын, коменданттық сағатты қатаң ұстанып, тәртіп сақтауға шақырамын. Президенттің саяси ұстанымының және тиімді шешімдерінің нәтижесінде елімізде тыныштық орнап, қалыпты өмірімізге қайта ораламыз деп сенемін, – деді Ғ.Жақсылықов.