Коронавирус • 12 Қаңтар, 2022

Елордаға «омикрон» анықталған елдерден 2 мыңнан астам адам келген

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың  бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова әкімдікте өткен брифингте соңғы 30 күнде коронавирустың «омикрон-штаммы» тіркелген елдерден қалаға 2247 жолаушы келгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордаға «омикрон» анықталған елдерден 2 мыңнан астам адам келген

Сархат Бейсенова қала билігі шетелден келген адамдар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, 2021 жылдың 12 желтоқсаны мен осы жылдың 12 қаңтары аралығында қалаға «омикрон» тіркелген елдерден 2247 жолаушы келген.

«Шетелден оралған барлық азаматтар бір апталық өзін-өзі оқшаулау мен медициналық бақылауға жіберілді. Десе де, олардың арасында КВИ-мен ауыратын науқастар анықталған жоқ. Бірақ кейінірек олардың бірінен омикрон коронавирусының жаңа штаммы анықталды – ол елордаға 16 желтоқсанда ПТР тестінің теріс нәтижесімен келген. Бірақ ол 22 желтоқсанда медициналық көмекке жүгініп, ПТР тесті оң нәтиже көрсетті. Жүргізілген молекулалық-генетикалық зерттеулердің нәтижелері бойынша бір сынамада «омикрон» штаммы анықталды. Айта кетсек, науқас бұрын қайта вакцинацияланған, нәтижесінде ауру жеңіл түрде өтіп, қазіргі уақытта ол толық емделді», деді Сархат Бейсенова.

Елорданың бас санитарлық дәрігері коронавирустың жаңа «омикрон-штаммы» тез таралатынын және ол әлемнің 126 елінде, тіпті ұжымдық иммунитеттің жоғары деңгейі тіркелген елдерде де анықталғанын атап өтті.