14 Наурыз, 2014

«Мүгедекпiн деп масыл болғым келмейдi»

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
2g171 ЕркінТүркiстан қаласының тұрғыны Еркiн Шалтанды алғаш көргенiмiзде аянышпен қарадық. Тағдырдың басқа салғанына көндiгiп, қоларбада отырған жiгiт ағасының жарасымды киiмiне қарап, ешкiмге қол жайып жүрмегенiне бiр жағы қуандық. Түркiстан қаласында өткен тойлардың бiрiндегi бұл кездесуiмiзде Еркiнмен емен-жарқын әңгiмелесудiң сәтi түспедi. Арада үш жыл уақыт өткенде Еркiндi Кентау қаласында жолық­тырдым. Әрiптестерiмен бiрге жас өнерпаздарды жинап, қалалық мәдениет үйiнде қайырымдылық концертiн өткiзбекшi екен. Екi аяқтың қозғалыссыз қалғанына, қоларбаға таңылғанына қарамай Еркiн қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кетiптi. Уақыт тауып сұхбаттастық. Еркiн Түркiстан қаласына қа­расты Майдамтал ауылының тумасы. 1978 жылы дүниеге келген ол ауылдағы мектепте бiлiм алды. Әскерге барып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келген. Шаруа отбасынан шыққан жiгiт туған жерiне оралған соң әке-шешесiне көмектеседi. Шөп жинайды, қой өсiрiп, егiншiлiкпен айналысады. Бәрi де тамаша болатын. Тек 2000 жылғы оқиға оны екi аяқтан айырды. Көлiкке шөп артып жатқанда арқан үзiлiп кетiп Еркiн үш метр биiктiктен құлайды. Дәрiгерлер бұл оқыс оқиғадан зардап шеккен оның жұлыны езiлгенiн айтты. Содан бастап жарымжан атанып, жүре алмай қалды. – «Басқа салған баспақшыл» дейдi ғой. Сол кезде 22 жаста едiм. Екi-үш жылдай қатты «дағдарыста» жүрдiм. Қоғамға қосыла алмадым. Көшеге шықсам адамдар мүсiркей қарайтындай намыстанатынмын. Менен басқа мұндай күйдегi адам жоқтай көрiнетiн. Қоларбаға отырсам қайыршы болып қаламын ба деп қорықтым. Үйде жатып небiр жайттарды ой елегiнен өткiздiм. Ағайын-туыстарыма рахмет, келiп көмектесiп тұрды. Ем қабылдауға Алматы қаласына бардым. Сол жақта Меруерт есiмдi қызбен таныстым. Өте бiлiмдi, Алматы қаласында қоғамдық жұмыстар атқарады екен. Көп нәрсенi үйреттi. Психологиялық тұрғыдан көмектестi. Тағдырдың бұйыртып тұрғаны болуы керек, ауруханада профессорлармен және өзге де бiлiмдi кiсiлермен бiрге ем қабылдадым. Кеңестерiн тыңдадым. Бiлмегенiмдi сұрадым. Олармен сөйлесе отырып өмiр сүруге деген құлшынысым артты. Сөйтiп көп ойландым. Төсекке таңылып жатқаныма 5-6 жыл болған. Iнiлерiм көмектесiп тұрды. Соларға масыл болдым. «Неге мен оларды қинаймын, мұның не жатыс» деген шешiмге келдiм. Алдымен өзiм күнелте алатынымды ата-анама, туысқандарыма дәлелдеуiм керек болды. Қиын болса да 2006 жылы жеке пәтерге шықтым. Әке-шешем ренжiсе де, уайымдаса да бөлек тұруға бекiндiм. Қанша қарсы болғандарына қарамай «сiздерге масыл болмаймын» дедiм. Өз-өзiме сенiп, Шымкент, Алматы қалаларына қоғамдық көлiкпен бiр өзiм барып келе беретiн болдым. Кейiннен ата-анамның да, туыстарымның да маған деген сенiмi күшейдi. Қазiр барлығы рахметiн айтып жатыр. Кезiнде туыс­тарым, iнiлерiм маған көмектессе, қазiр мен қолымнан келгенше оларға жәрдемдесемiн, – дейдi Еркiн Керiмбайұлы.   Еркiн – бүгiнгi күнi жеке кә­сiп­кер. Қалада жеке тiгiн цехы, фотосалоны бар. Жалпы, 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Цехта 10 машина бар. Онда тiгiншiлер құрақ көрпе тiгедi, берiлген тапсырыстарға орай жұмыс жасайды. Сондай-ақ, Еркiн кәсiпкермiн деп арқасын кеңге салып жүрген жоқ. Қала­дағы «Жайылма» қоғамдық бiрлестiгiнде үйлестiрушi әрi жастар мен мүмкiндiгi шектеулi жандар клубының жетекшiсi қызметiн қоса атқарады. Қоғамдық iс-шаралармен айналысады. Жастарды отансүйгiштiкке бау­лып, керағар дiни ағымдарға өтпеуге, ойынханаларға, құмар­ханаларға бармауға шақырады. Бос уақыттарын тиiмдi пайда­лануға үйретедi. Сонымен қа­тар, жас өнерпаздардың басын қосып жетiмдер үйiне, оңал­ту орталықтарына, мектеп-инте­р­наттарға тегiн концерт бередi. – Елiн сүйетiн жастар көп. Тек оларға дұрыс бағыт-бағдар керек. Мен жастарды жалқау, патриот емес дегенге сенбеймiн. Тек оларды ұйымдастыра бiлу керек. Бiздiң клубымызға жастар көп келедi. Түрлi концерттерге қатысып өз-өздерiн шыңдап жатады. Менi «аға», «ұстаз» деп сыйлайды. Алғыстарын айтып, телефонмен әлi де хабарласып тұратындары бар. Соның өзi үлкен бақыт. Абайды, Шәкәрiмдi, Ясауи хикметтерiн көп оқимын. «Егер ез жiгiт құласа мәстегiнен, оны жұбатыңдар. Көкiрегi құм болып шайылып кетпесiн. Егер ер жiгiт құласа тұлпарынан, оны жұбатпаңдар. Себебi, ол өз-өзiн қайрайды», дейтiн Абай ата­мыздың сөзi бар. Соны әрдайым есiмде сақтаймын. Өзiмнiң ұра­ным деп санаймын. «Нағыз ер болсаң шыда, ешкiмге масыл болма, сұрама. Жыласаң да ешкiм­ге көрсетпей жыла», дегендi ұстанатын адаммын. Жергiлiктi телеарнаның директоры Мұрат Бекбаев, Түркiстан медицина колледжiнiң директоры Ғалымжан Бимұрзаев үнемi көмек берiп, демеушiлiк жасап отырады. Ол кiсiлерге айтар алғысым шексiз. Қазiр пәтер жалдап тұрып жатырмын. Құдайға шүкiр, ешкiмнен кем емеспiн. Қалалық әкiмдiкте үй кезегiнде тұрамын. Бiр баспана бұйырып қалатын шығар деп кезегiмдi күтiп жүрмiн, дейдi Еркiн Шалтан. Еркiннiң қолы қалт етiп босай қалса қолөнермен айналысады. Әртүрлi моншақтар мен гүл­дер, талдар өредi. Абайдың қарасөздерiн оқиды. Екi қол, екi аяғы сау бола тұра жұмыссыз үйде жатып, алақан жайған кейбiреулер Түркiстанның тұрғыны Еркiн Шалтаннан үлгi алса, кәнеки. Қайрат ЗАЙНИШЕВ. Оңтүстік Қазақстан облысы.