Әлем • 12 Қаңтар, 2022

Иран ядролық келісіміне осы айда қол қойылуы мүмкін

273 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл жабылар тұста Венада Иранның ядро­лық қару бағдар­ламасы жөніндегі келіссөз­дер­дің кезекті раунды өтті. То­лық­қанды уағда­лас­тыққа қол жеткізілмесе де, ортақ мәмілеге келуден үміт мол.

Иран ядролық келісіміне осы айда қол қойылуы мүмкін

Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Иран делегациясы келіссөзге қатысушы тараптар келісімнің үлгісін әзірлеп жатқанын айтқан. Сондай-ақ ресми Тегеран уағдаластыққа қол жеткізуге мүдделі екенін де жеткізген.

Иран Сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахиан келіс­сөздердің алдағы раундында Тегеран АҚШ санкция­ларының жойылғанына көз жеткізгісі келетінін мәлімдеген.

«Иран мұнайды оңай және ешбір шектеусіз сата алатын кезеңге жетуі керек. Осылайша, мұнайдан түскен ақша Иранның банктік шоттарына шетел валютасымен аударылады», деді Амир-Абдоллахиан.

Оның айтуынша, келіссөзге қатысушылар екі бірлескен жоба мәтіні бойынша жұмыс істеп жатыр. Біріншісінде күші жойылуы тиіс АҚШ-тың санкциялары тізімі көрсетілмек. Екіншісі Иранның ядролық қару бағдарламасына қатысты. Онда уран қорын қысқарту және жетілдірілген центрифугаларды пайдалануды тоқтату секілді қадамдар қамтылған.

Кейбір сарапшылар келі­сімге биылғы қаңтардың аяғы немесе ақпанның басында қол қойылуы мүмкін екенін айтады. Бірақ қатып қалған меже жоқ. Уағдаластық мерзімі түр­лі жағдайларға байланыс­ты кейінге шегерілуі мүмкін. Ұлы­британия, Франция және Гер­мания жағы асығудың қажеті жоқ екенін айтады. Әйтсе де, мәселе бірнеше аптада шеші­летінінен үмітті.

Естеріңізде болса, 2015 жыл­дың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлы­британия және Франция «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды байыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.

АҚШ-тың бұрынғы пре­зиденті Дональд Трамп Ақ үй тізгінін ұстауға талас кезін­дегі бір сөзінде Иранмен жасал­ған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, келісім Иранға ядролық қаруларын сақтау­ға мүмкіндік береді деп мәлім­деген. Президенттік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іспен көрсетті.

Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп Иран ядролық келі­сі­мінен шығу туралы ше­шім­ге қол қойды. Сондай-ақ келі­сімнен шығып қана қоймай, Иран­ға қатысты ең қатаң санк­циялар қабылдайтынын жеткіз­ген. Кейіннен ресми Вашинг­тон аталған елдегі бірнеше компа­нияға, жеке тұлғаға қатысты экономикалық, кейбіріне тіпті саяси тыйымын үдетіп жіберді. Мәселен, Иранның аймақтағы ық­палының белгісі саналатын «Революция сақшыларын» тер­рористік ұйым деп сипаттады.

Вашингтон билігі мұнымен тоқтамай, Парсы шығанағы төңірегінде өз әскерінің санын арттырды. Былтыр АҚШ әскерилері ирандық беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқылы атып өлтірді. Мұның бәрі екі ел арасындағы жағдайды ушықтырып, ядролық келісім туралы ұмыттырып жіберуге шақ қалған-ды.

Иран да қарап жатпады. АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Былтыр ел пар­ламенті уран өндірісіне қатыс­ты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жет­кізуге кірісті. 2015 жылы қа­был­данған келісім бойынша байы­ту мөлшерін 3,67 пайыздан асыр­мауға тиіс. Бірақ Тегеран би­лігі АҚШ тарапы санкцияларын алмайынша бұл бағыттағы жұ­мысын жалғастыра беретінін жеткізді.

Бұдан бөлек Иран елдегі уран мөлшерін 300 килограмнан асырған. Бұл 2015 жылғы келісімге сай емес. Таяуда ғана билік үш айдың ішінде 55 килограмм уранды 20 пайызға байытқанын мәлімдеді. Яғни Парламент шығарған заңда көрсетілген мөлшерден асып түскен. Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі өндіріс көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған.

Президенттік орынтаққа Джо Байден жайғасқаннан соң, АҚШ тарапы Иран­мен ара­да­ғы келісімді қайта жандандыруға ниет білдірді. Сөйтіп, келіссөздер басталған. Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ қатысады.

Дегенмен келіссөздердің кемшін тұстары бар. «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» сәйкес Иран ядролық оқтұмсыққа қажет уранды байыту үшін бір жыл жұмсауы тиіс бола­тын. Қазіргі таңда жағдай өзгер­ген. Тегеран уранды байыту­да көптеген жетістікке қол жет­кізді. Енді бір оқтұмсыққа қа­жет өнімді алу үшін небәрі бір­неше апта ғана кетеді.

Сондықтан Иранды 2015 жылғы деңгейге қайта оралту қиынның қиыны болмақ. Біріншіден, қазіргі таңда елде бар байытылған уран қай­та сақталады? Оған кім жауап­ты? Мұны да нақтылау қажет. Бұрын Иранның ураны Ресей­ге жеткізілген. Келісімге қатысу­шылар бір нұсқа ретінде осы тәсілді қайталап көруі мүмкін.

Екіншіден, центрифуга деп аталатын, уранды байыту­ға арналған заманауи құрыл­ғыларды қайтпек керек? 2018 жылдан бері Иран озық технологиялы бірнеше центрифуга орнатты. Тегеран билігі олардан оңайлықпен бас тарта қоя ма? Бұл да талқылануы тиіс мәселе.

«Бірлескен іс-қимыл жос­пары» Иранға уранды 3,67 пайызға дейін ғана байытуға рұқсат етеді. Іс-жүзінде аталған елдің ғалымдары радиациялық өнімді 60 пайызға дейін байытты. Бұл – атом бомбасын жасауға жеткілікті мөлшер.

Кейбір мемлекет Иранның зама­науи центрифугаларын жойғанын қалайды, бірақ Тегеран билігі оларды сақтау­ды жөн көреді. Мұның шешімі ретінде центрифугаларды іске қосуға қажет кабельдер және басқа электронды қон­­дыр­ғы­ларды ғана жою қарасты­рылып жатыр. Бірақ мұны жүзеге асыру көп уақыт алады.

Үшінші маңызды мәселе – Атом энергиясы жөнін­дегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) рөлі. Ұйым Иран­ның ядролық міндеттемелерін қаншалықты орындайтынын тексеруі тиіс. Бұған дейін МАГАТЭ инспекторлары Иран­ның уран байыту нысандарына барып тұратын. Бірақ кейінгі кезде Тегеран оларға кіруге қатаң тыйым салды.

Келісімде бұл мәселе де қаралатыны анық. Иран инспек­торларға толық жағдай жасауы керек. Сондай-ақ Иран МАГАТЭ-ге ядролық нысан­дардың ішінде орнатылған камераларды қарауына рұқсат беруі керек. Қазіргі таңда Теге­ран мұны жасырып отыр.

Өз кезегінде Иранның да қоятын талаптары мен сұрақ­тары бар. Біріншіден, елге салын­ған санкциялардың қай­сысы алынады деген сауал Вена­дағы келіссөздерде қызу тал­қы­ланды. Мұның бір шешімі ретінде АҚШ-тың Шетелдік актив­терді бақылау кеңсесі Иран­мен бизнесті қалай жүр­гізу керектігі туралы нұсқаулар жария­­­лауы ұсынылады. Келесі шешім – мұнай экспорты бо­йын­ша келісімшарттар жасау немесе шетелдік банк шоттарын ашу.

Сондай-ақ Тегеран билігі алдағы уақытта келісімнен АҚШ-тың қайтадан шығып кетпеуіне кепілдік сұрап отыр. Иран сыртқы істер министрі Амир Абдоллахиан қарашада Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Борреллмен телефон арқылы сөйлескен кезде осы мәселені қозғады.

Алайда АҚШ президенті Джо Байденнің заңды түрде мұндай кепілді бере алмайтыны түсінікті. Өйткені Конгресте қазір Иранмен арадағы келісімді сынға алатындар көп. Тіпті кейбір демократтардың өзі ке­ліс­­сөздерге күдікпен қарайды.