Аймақтар • 12 Қаңтар, 2022

Азық-түлік те, дәрі-дәрмек те үзілмейді

363 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дәтке қуат дейтініміз, жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматыдағы азық-түлік өндіретін кәсіпорындар зардап шеккен жоқ. Қазір бірінші кезекте қалада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр.

Азық-түлік те, дәрі-дәрмек те үзілмейді

Алматы қалалық ХҚО-лары 11 қаңтардан бастап қызмет көрсете бастады. Клиенттерге паспорт пен жеке куәлік рәсімдеу, көші-қон қыз­меттерінен өзге барлық мемле­кеттік қызмет қолжетімді. Бірақ еліміздегі барлық мамандандырылған ХҚО-лар жұмысы тоқтап тұр. Өкінішке қарай, әзірге ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері басқа міндеттерді орындауға бағдар­ланғандықтан, автокөлік иелеріне мамандандырылған ХҚО-лар мен Миграциялық ХҚО-да қызмет көрсетілмейді.

Ең бастысы, қаладағы «Ақсайнан», «Алматынан» мен «Рузинан» наубай­ханалары күніне 80 тоннаға жуық әлеуметтік нан пісіреді. Нанның бағасы бұрынғы қалпында қалғанымен, делдалдар оны қолдан өсіріп отырғаны байқалады. Бакалея өнімдерінің ірі жеткізушісі «Ас-Ан» фирмасы» ЖШС күнбағыс майы, қант, тұз, макарон, күріш, арпа, ұнды сауда желілеріне жеткізуді жаңартты. Сүт өнімдерін шығаратын «Солнечный» ЖШС, «АдалСүт» ЖШС және «JLC» ЖШС, «Фуд Мастер» ЖШС, RG Brands тауарларын штаттық режімде жеткізіп жатыр. «Алсад Қазақстан» ЖШС мен «Алатау Құс» ЖШС қоймаларда жұмыртқа қорының жеткілікті көлемі болғандықтан, барлық сауда желілері мен ірі дүкендер жеткізіліммен қамтылған. 11 қаңтардан бастап ӘКК-нің 20 павильоны жұмыс істей бастады, 2 павильон зардап шекті. Сол сияқты «Магнум» желісімен келісімшарт жасалған көкөністер көлемін жеткізу жолға қойылды.

Алматыда 970 дәріхана болса, оның 407-сі желіге жатады. Соңғы күндері 277 дәріхана жұмысқа қосыл­са, оның ішінде 138 желілік және 139 жеке дәріхана бар. Жедел мәліметтер бойынша, 15 дәріхана зардап шеккен. Қала дәріханаларына дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізуді «Медсервис», INKAR, «Аманат» 3 ірі фармкомпаниясы жүзеге асырады. 10 қаңтардағы жағдай бойынша «Медсервис» компаниясы 40 293 бірлік көлемінде ДЗ-ның 1 070 түрін тиеп жөнелткен, «Аманат» компаниясы 203 700 бірлік көлемінде ДЗ-ның 2 040 түрін тиеп жеткізген. Басқа ірі жеткізушілер 11 қаңтардан бастап қала дәріханаларының тапсырыстары бойынша ДЗ және ММБ жеткізуді бастайды.

Шаһарда жол инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары жалға­сып жатыр. Жол қозғалысын реттеу­дің техникалық құралдарын қалпына келтіру жұмыстарын 13 бригада жүр­гізеді. 46 бағдаршам нысаны зақымданды, 38-і қалпына келтірілді, оның 5-і уақытша сызба бойынша. Сондай-ақ 120 жол белгілері бүлінген, оның 96-сы қалпына келтірілген. Көше-жол желісі бойынша қалпына келтіру жұмыстарын 4 жол бригадасы атқарып жатыр. 90 шаршы метр төсем, 120 метр жиек және 37 жол люгі қалпына келтірілді. Тас төсемді қалпына келтіруді 13 қаңтарға дейін аяқтау жоспарланған. Екі бригада машиналар мен от жағатын жерлерде жол жабынын тазартуға кірісті. Сонымен қатар аялдама павильондары да бүлінген. Барлығы 43 павильон зақымдалып, 17-інің әйнектері түгел сынған. Жеке компаниялар да қалпына келтіруге кірісті, бүгінде 2 павильон жөнделді.

Алдын ала есеп бойынша 100-ге жуық велосипед жоғалған, 220-сы жөн­деуді қажет етеді, 20 станса бү­лінген. Жөндеу, қалпына келтіру жұ­мыс­тары басталды, сондай-ақ залалды бағалау жұмыстары жүріп жатыр.

Дүйсенбіден бастап сауда нысандары ашылуда. Алматыда барлығы 52 базар бар. Биылғы 10 қаңтарда 10 базар ашылды Қалған азық-түлік және азық-түліктік емес базарлар бүгін жұмысын бастайды. Зардап шеккен нысандар анықталған жоқ.

Қала бойынша 220 АЖҚС-ның 121-сі (55%) ашылды. Поли­ция департаментімен бірлесіп объекті­лердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. 13 қаңтардан бастап қосымша 33 желі­лік емес жеке АЖҚС (15%) және 5 же­лілік АЖҚС (2%) ашу жоспарла­нып отыр. ТЖ кезінде 61 нысан (28%) зардап шекті, оның 1-еуі (Алатау ауданы, Рысқұлов аумағы, Школьная аума­ғы) толығымен жанып кетті, 15-і қатты зардап шекті, 45-і ішінара зардап шекті.

Алматы қаласында 92 ірі сауда нысаны болса, оның 63-і сауда орталықтары мен сауда үйлері. 12 қаңтардан бастап 6 СОО ашылуға дайын. 14 нысанды қайтадан күрделі жөндеуден өткізіп, жаңартуға тура келеді. «Есентай молл» және «Ме­га Алма-Ата», Розыбакиева), «Мега Парк» (Сейфуллин) қаладағы жағдай­дың тұрақтануын күтіп отыр

Алматы қаласында 3,1 мың қоғам­дық тамақтану орны болса, мейрамханалар саны – 699, кафелер – 1 356, барлар – 567 және 478 асхана мен жылдам тамақтану орындарының 312-сі сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін ғана ашылды. 2022 жылғы 11 қаңтардан бастап тағы да 450 қоғамдық тамақтану нысанын (қалған желілік және жеке-дара) ашу жоспарланды. Бүлікшілер қолынан барлығы 15 қоғамдық тамақтану орны зардап шекті.

Алматыда өнеркәсіп нысандары­ның да жұмысы қалпына келтірілуде. Бүгінгі таңда 120 кәсіпорынның 76-сы жұмыс істейді. 44 кәсіпорынды 11-19 қаңтар аралығында іске қосу жоспарланып отыр. Деструктивті тұл­ғалардың әрекеттерінен 2 кәсіпорын – «БРБ АПК» ЖШС және «Либелла Боттлерс» зардап шекті, залал есептелініп жатыр.

Қалада 12 қаңтардан бастап барлық маршрут, оның ішінде қала маңы маршруттары да жолға шықты.

 

АЛМАТЫ