14 Наурыз, 2014

Зейнетақысының көлемі 100 теңге құрайтын қария Шымкентте тұрады

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстанда 100 теңге алатын зейнеткер бар. Осы облыстағы Ордабасы ауданы, Шұбарсу саяжайында тұратын жалғызбасты атайдың іздеушісі жоқ. Ал жергілікті атқамінерлер оның бұл мүшкіл халінен бейхабар болып шықты. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады. Сайттың таныстыруынша, екі бөлке нанға ғана жететін пұлды зейнетақы ретінде алатын қарияның атын-жөні Василий Лёвочкин екен. Қазір жасы 83-ке келген қарт соңғы 10 жылдан бері Шұбарсудағы аузы-мұрны жоқ лашықты мекен етеді. Ішерге тамағы, киерге киімі жоқ. Се­бебі, алатын жәрдемінің түрі әлгіндей. Бәлкім, мұны біреулер қарттықтың келіп, атайдың есептен жаңылғанына санар. Жоқ, тіпті де олай емес екен. Жоқ­­шылықтың қамытын киген Ва­си­лий Алексеевич құдайы көршісі Ахмет Үсеновтің 45 мың теңге зейнетақы алатынын біліп отыр. Алайда, ақшаны егде кісі емес, Ахметтің  өзі ұстайды. Айтуынша, саяжай тұрғындарының өтінішімен қартты қарауына алған. Көмек қолын созып, тамақтандырып, шомылдырып тұратын көрінеді. «Дегенмен, Василий атай тоқ адамға ұқсамайды. Бізге үш күннен бері ештеңе жемегенін айтты. Арқалай барған нанымызды қомағайланып жеп алды. Ал жергілікті билік жалғызілікті жанның жағдайынан бейхабар. Мамандар «Бұл атаны алғаш көрдік, жағдайы туралы енді естідік», дейді. Алдағы күндері арнайы комиссия құрып, тексереміз деп отыр», – дегенді алға тартады тілшілер. Ал Ордабасы аудандық әкімдігінің әлеуметтік қызмет бойынша бас маманы Әнуар Тұрсынбаев: «Комиссия құрамыз, тексереміз. Ауданға, облысқа хатпен шығатын боламыз. Егер мемлекет тарапынан көмек болса, көрсетеміз», – дейді. Зейнетақысын түгендемек түгілі, ішерге ас-ауқат таппай отырған Ва­силий Алексевич Шымкент қаласында тіркеуде тұрады. Бірақ көшеде қалған қария құжаттарының қайда екенін де білмейді. Қарттар үйіне өз аяғымен бара да алмайды. Сол үшін әлеуметтік бөлімнің көмегіне зәру. Сәкен МАЙЛЫБАЙ.