Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түрік Республикасының мемлекеттік «Халық биі» ансамблі көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынды.
Наурыз мейрамының лебі сезіле бастағандай. Бауырлас түрік халқы мерекеге орай екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында Түркиядағы ең бір танымал шығармашылық ұжымның концертін астаналықтарға ұсынды. Оны еліміздегі Түркия елшілігі мен Жүніс Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы ұйымдастырды.
Концерт алдында көрермендерге жылы лебізін арнаған Жүніс Эмре атындағы Түрік мәдениет орталығының директоры Ибраһим Иылдырым мерекелер әр ұлттың тұрмыс-тіршілігінде маңызды орын алатынын, бірлік, бауырмалдық сезімдерін жандандыратын маңызды күн екенін атап өтті. «Наурыз мерекесі тек қана қазақ пен түрік халықтары үшін ғана емес, барлық түрік тектес туыстас халықтар үшін де маңызды саналады. Біз бұл іс-шараны ұйымдастыруда түрік әлемі түсінігін нығайтуды, екі ел арасындағы сыйластықты мәдениетпен дәнекерлеуді мақсат еттік», деді ол.
Салтанатты кеш дәстүрлі әнші Зағипа Иманғазиеваның орындауындағы «Кызыл чыклар» атты түрік жұртының белгілі өнер туындысымен басталды. Сосын әлемнің ең үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүрген «Халық биі» ансамблі Түркияның әртүрлі аймақтарына тән ұлттық шығармаларды, сондай-ақ, «Чифтетелли», «Халай», «Бурдур», «Карадениз», «Зейбек» атты билерді көрермен назарына бірінен кейін бірін ұсынды.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
________________________________
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.