● Елімізде зейнетақыны көбейтуге 40 млрд. теңге жұмсалады. Бұл 1 сәуірден бастап 1,9 млн. адам зейнетақысының 12 пайызға артуына мүмкіндік береді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жекелеген санаттардағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мен Семей полигонында зардап шеккендерге біржолғы ақшалай өтемақы да осынша мөлшерге ұлғаяды.
● Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе қатынасы ашылуы мүмкін. Мұны Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Жапония Сыртқы істер министрінің орынбасары Синсукэ Сугиямамен кездесуден кейін мәлімдеді.
● Ертіс өзенінің Өскемен қаласындағы Жібек маталар шағын ауданы тұсындағы арнасына салынған көпір күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл үшін қала бюджетінен 6 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.
● Ал Қызылордада Сырдария өзенінің үстіне 6 млрд. теңгеге тағы бір көпір салынады. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, бұл Сыр бойындағы бас шаһардың дарияның екі жағалауына бөлініп орналасуының басы болмақ.
● Атырау кәсіпкерлері Ресей нарығына шыға бастады. Кедендік одақ аясында түрлі шекаралық рәсімдеулердің алынып тасталуы екі ел кәсіпкерлеріне тиімді болып отыр. Бір ғана Астрахань облысының өзінде қазақстандық инвестициямен 20-ға жуық компания жемісті еңбек етіп жатыр.
● Қарағандыда заңсыз тексерістерге қарсы штаб құрылды. Кәсіпкерлер бұл жаңашылдықты қадағалаушы органдар өкілдерімен кездесуде білді. Бастама көтерген прокурорлар қаладағы сауда үйлерінің бірінде жылжымалы кеңес орталығын ұйымдастырды.
● Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданындағы Қасқасу шатқалында биыл тау шаңғысы курортының құрылысы басталады. Бұл жаңалық облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Сочи Олимпиадасына қатысқан фристайлшыларды қабылдауы кезінде айтылды. Кездесу соңында аймақ басшысы спортшылар мен олардың жаттықтырушысына ақшалай сыйлық тапсырса, қала әкімі Дархан Сатыбалды Олимпиадада жақсы өнер көрсеткен Жанбота Алдабергеноваға «Daewoo Matiz» автокөлігінің кілтін табыс етті.
● Қостанайда спорт-сауықтыру кешені ашылды. Осылайша соңғы 4 жылда облыс орталығында төртінші нысан қатарға қосылды. Оны салуға 750 млн. теңге жұмсалған. Ғимараттың жалпы аумағы 4250 шаршы метрді құрайды.
BNews.kz, Nur,kz, Egemen.kz
хабарлары бойынша дайындалды.