14 Наурыз, 2014

Сотталғандар құқы да қорғалады

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы болып, онда Ішкі істер министрлігінің сотталғандардың конституциялық құқықтарын және оларды түзеу мекемелерінде ұстауды қамтамасыз етудегі қызметі туралы мәселе талқыланды. Берілген тақырыпта Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндама жасады. Комиссия отырысының жұмысына биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, құқықтанушы ғалымдар, адвокаттар, халықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының, жұртшылықтың және БАҚ өкілдері қатысты. Комиссияның отырысында сотталғандардың Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы мен Қылмыстық-атқару кодек­сінде, Азаматтық және саяси құ­қық­тар туралы халықаралық пактіде, Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенция­да, сондай-ақ, еліміздің басқа да халықаралық міндеттемелерімен кепілдік берілген құқықтарының сақталуы талқыланды. Комиссия мүшелері соттал­ған­дардың орта білім алу және денсаулығын қорғау, жеке қауіп­сіздігі мен өз құқықтарын қорғау мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға, халықаралық ұйым­­дар­ға жүгіну конституция­лық құ­қық­­тарының сақталуы мәселе­леріне ерекше көңіл бөлді. Комиссия Қылмыстық-атқару комитетінің қылмыстық-атқару мекемелерінің негізгі қорлары мен өндірістік базаларын жаңартуға, бостандықтан айыруға баламалы жазалау түрлерін кеңінен пай­далануға жағдай жасауға, түр­медегі адамдардың еңбекпен қам­тылуын және қамаудан босаған азаматтардың әлеуметтік ортаға қайта бейімделуін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарын қолдауға берік ниет танытты. Комиссияның отырысында түрмеде отырған адам санын мей­лінше азайтудың өзекті мәселелері де талқыланды. Комиссияның жоғарыда атал­ған проблемаларды шешу жөнін­дегі ұсыныстарды қамтитын ұсы­нымдары Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Пар­ламенті мен Үкіметінің назарына жеткізілетін болады. «Егемен-ақпарат».