ҚК Жоғары сегмент қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде Е.Ашықбаев ҚК жұмысы бағдарламасының шеңберінде Қазақстан үшін төрт басым бағытқа: барлығына ортақ ядролық қарусыздану, әскери мақсатта бөлшектемелі материалды өндіруге тыйым салатын келісімді жасау және қол қою, ғарышта қарулану жарысына жол бермеу және ядросыз елдерге қауіпсіздіктің кері кепіліне назар аударды.
Бұл ретте Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы келісімді әлемнің барлық елдерінің мойындауы ядролық қарусызданудың маңызды шарттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Бұл орайда 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялаған қазақстандық қарарды қабылдауы аталған келісімнің міндеттеріне толық сәйкес келетіні атап көрсетілді.
Е.Ашықбаевтың БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары Н.Пиллэймен, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры міндетін атқарушы М.Мёллермен, БҰҰ бағдарламасының Еуропа үшін қоршаған орта жөніндегі Өңірлік өкілі Я.Дусикпен, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры У.Л.Свингпен, БҰҰ Оқу және ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры С.Феган-Уайлспен және басқалармен екіжақты кездесулері өтті.