14 Наурыз, 2014

Рухани өрлеу өрісі

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_3924-1 «Шаңырақ биік болсын» деген киелі тілек бар халқымызда. Осы бір ақ ниетті сөз шуағы еліміз өркендеуіне нұрын сеуіп, шапағатын төгіп келе жатуына тұрмысы жарасқан, мұраты үн­дес­кен отандастарымыздың ба­қыт­ты өмірі куә екені белгілі. Биіктеген ортақ шаңырақ аясына ұйысқан сан ұлт өкілдері бірлік пен ынтымақтастықтың, түсіністік пен бауырмалдықтың қандайлық берекеге бөлейтіндігін мақтан тұтады. Мұны кеше Қа­ра­ғандыдағы «Жастар» спорт ке­шенінде 5 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдауға арналған патриоттық акция көр­сетті. Өңір қалалары мен аудан­дарынан бас қосқан оқу­­шы­лар, студенттер, жұ­мыс­шы жас­тар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, әскери қызметкерлер еліне деген шексіз сүйіспеншілікті жаңғыртқан әндерді қосыла шырқап, жасампаздық істерге ұмтылдырған ұрандарды көтеріп, үлкен рухани өрлеу туғызды. Жиналушылар алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов,  Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Нұрлан Әлімжанов «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында баяндалған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруды қолдаушы мұндай шаралардың маңыздылығын атады. Акция аталған идеяның 6 бөлімінен арқау тартты. «Қа­зақ­стан тәуелсіздігі мен Астана», Біздің қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім,   «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – қазақстандық жолдың бас­ты құндылықтарының бірі», «Ин­дус­трияландыру мен инновация негізінде экономикалық да­му», «Зайырлы қоғам және руха­ни байлық мәдениет пен тарих­тың ортақтастығы», «Біздің өмі­ріміздің жалпыәлемдік жә­не өңірлік мәселелерді шешу­ге жаһандық қатысуы» атты та­қы­рыптар аясындағы қойылымдар мен композициялар қатысушылар көкірегін көріктендіріп, отан­шылдықтың  асқақ сезіміне жігер­лендірді. – Мен елімнің дамуына өзіндік үлесімді қосуды азаматтық парызым санаймын. Мәңгілік Ел болуға ұмтылған Қазақстанымыздың алдында тұрған міндеттердің орындаларына сенемін. Бүгінгі акция осы орайдағы ойым­ды тол­қытып, көңілімізді тебі­рентті. Отанымыздың беделін ас­қақ­татып, тәуелсіздікті мәңгілік баян­ды ету өз қолымызда. Соны берік ұс­тау – бәрімізге бірдей ме­рей­лі мақ­сат, – деді бізбен тіл­­де­су­де «Қа­зақ­мыс  Кор­пора­ция­сы» ЖШС  «Нұр­қазған» кеніші­нің тау-кен шебері Нұрлан Ниқам­баев. Акция қатысушылардың «Ата­мекен» әнін орындауымен аяқталды. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.