Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы дәстүрлі Жолдауындағы әлеуметтік дамудың 7 стратегиялық қадамдарының барлығы да өте маңызды. Соның ішінде, Мемлекет басшысы заман үрдісін толығымен пайымдай келе келешектің кілті кемел білім мен сол білімді кемелдендіретін ұлы күш ғылым екендігіне өте үлкен маңыз берген. Қазіргі заманда келелі даму кепілі – кемел білім мен ғылымда екені ақиқат. Экономиканың кез келген саласына ғылымды сыналап емес, тереңдеп енгізетін дәуір келді. Бұл Жолдаудан соны аңғардық. Нұрсұлтан Назарбаев ғылымды өркендету үшін венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру жөніндегі заңды жетілдіру керектігін шегелеп, оның орындалу мерзімін де Үкіметке белгілеп берді.
Елбасы жолдауларының басты ұстанымдарының бірі ғылымды қажетсінетін экономиканы жүзеге асыру бағытында өскелең елдің айбынды болашағын қамтамасыз ету үшін ең әуелі білім сапасын арттыру қажеттігі. Ол үшін еліміздің білім саясатында ғылыми-техникалық әлеуетін жұмылдыру, ғылымның басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске енгіздірту инновациялық дамудың негізгі көзі. Қазақстанның болашақтағы даму бағытын айқындайтын маңызды факторлардың бірі білім саясатының дұрыс әрі нәтижелі жүргізілуі болып отыр.
Білім беру мен ғылым салаларын әлемдік стандарттарға жауап беретін деңгейге жеткізуде мемлекеттің бүгінге дейін ғылым саласына бөлінетін қаржы 0,4 пайыз көлемінде ғана болса, енді оны 3 пайызға дейін көтеру қажеттігі айқындалды. Бұл өте құптарлық жағдай. Елбасы көрсетіп берген Қазақстанның білім беру жүйесіндегі серпілістер қалай? Нелер істелініп, нелер орындалынбай жатыр? Орындалмаса, себебі не?
«Мәңгілік Ел» атануымыз үшін ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуымыз керек. Ол үшін ел экономикасын өркендету, бәсекеге қабілетті болу, индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасынан ғылымға негізделген экономикалық стратегияға бірте-бірте ауысуымыз қажет. Сол себепті, бәсекеге қабілетті маман дайындау еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының мақсаты мен міндетіне айналуы тиіс. Осыған орай, жоғары оқу орындары білім берумен шектеліп қалмай, олар қолданбалы және ғылыми зерттеу бөлімдерін құрып, осы сала әлеуетін арттыруды қолға алса, кәне. Иә, Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдануда. Ғылыми қызметті қаржыландырудың базалық, бағдарламалы-мақсаттық және гранттық – үш жүйеден тұратын бағыты белгіленіп, орындалу үстінде. Көріп отырғанымыздай, мемлекет ғылымды дамытуға қажетті барлық шараларды жасады. Бірақ мұның барлығы білікті кадрлар болмаса, бекер болары анық. Қазір алдыңғы қатарлы ғылым салаларында жұмыс істейтін талантты ғалымдар ауадай қажет – бұл бір. Екіншіден, заман үрдісін пайымдап, жаңа теориялық-методологиялық деңгейде ғылыми жұмыстар жүргізетін мамандардың саны мен сапасын көтеру бүгінгі күн талабы. Өкінішке орай, соңғы жылдары ғылымдағы сабақтастық мүлдем үзілмесе де, өте тапшы екенін мойындауымыз керек. Үшіншіден, заманның ауыр кезінде күн көріс қамымен көптеген талантты жас мамандар ғылымнан кеткені рас еді. Ал, олардың орнына келген жас ғылыми қызметкерлердің жалақысы күн көрісіне жетпейтін болғандықтан таланттылар азая берді. Заман түзелгенде олар ғылым көшінен қалып қойып, қайта орала алмады. Төртіншіден, тәуелсіздік заманында ғылыми жұмыстар жазып, диссертация қорғаған жастар болды. Олардың басым бөлігі жоғары оқу орындарында ұстаздық етті. Сол қызметтің астында қалып олар іргелі ғылыммен айналыса алмады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні де сол оқытушылардың мүмкіндіктері шектеулі. Оның әртүрлі себептері бар. Сонымен қатар, диссертациялық ғылыми кеңестердің жабылуына байланысты дайын болған бірталай ғылыми жұмыстар қорғалмай қалды. Содан кейін біраз жастар ғылыми атаққа қосылатын қосымша қаражаттан да қағылып қалды. Әрине, соңғы жылдары PhD-докторларын дайындау бойынша ізгілікті жұмыстар жүргізілуде. Бесіншіден, Елбасының ғылымды дамытудың басты бір жолы сол ғылымды жасайтын адамдардың өмір сүру деңгейін көтеру жөніндегі ұсыныстары өте құптарлық.
Соңғы жылдары қазақстандық ғылымды қаржыландыру төрт есеге жуық ұлғайып, үстіміздегі жылы 18,5 миллиард теңгені құрады. Ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осының арқасында Қазақстан жаһандық бәсекелестік рейтингінің «Инновациялық даму» индексі бойынша 13-орыннан көрінді. Бірақ, қазақстандық ғылым әзірше экономикаға кіріге алмай жатыр. Мәселен, көптеген ғылыми зерттеулердің нәтижесін бизнестік құрылымдар қажетсінбейді. 15 мың ғалымнан тек бір-екеуі ғана халықаралық патенттер ала алады. Сондықтан, басқарудың моделін ғана емес, сондай-ақ, ғалымдардың өз қызметіне деген көзқарасын өзгерткен маңызды.
Ғылымның бүгінгі басты міндеттерінің бірі, соңғы ғылыми-инновациялық технологияларды, заманауи теориялар мен методологияны игерген ғалымдардың жаңа буынын тез уақытта қалыптастыру болып табылады. Ол үшін ғылымның барлық қажетті салалары бойынша PhD докторантураға квотаны бірнеше есе көбейту негізінде және докторантурада оқитындардың саны мен сапасын алыс-жақын шетелдік ғылыми-зерттеу институттарымен байланыстарын нығайту саласында, жас ғалымдарды әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарына білім арттыруға жіберу тәрізді шараларды басшылыққа алу абзал.
Ғылыми ұстаным бағытында Мемлекет тарихы институтының ұжымы алдыңғы сапты құрайды. Институт ұжымының ғалымдары Елбасының бастамасының негізінде ғылыми форумдар, ғылыми-теориялық конференциялар, әдістемелік-теориялық семинарлар, дөңгелек үстелдер жиынын өткізіп тұру тұрақты үдеріске айналған.
Бүгінгі Мәңгілік Елдің жаңа ұрпағын қалыптастыруда интеллектуалдық серпіліс сөзсіз қажет. Олай болса, сол интеллектуалдықтың өзі ұлттық тәрбиемен келетін жеміс. Ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзі бар. Бабамыздың ешқашан өзектілігін жоймайтын бұл қанатты сөзі білім ордаларының алдымен адам, сосын маман даярлау міндетін бүгінгі күні де еселей түседі. Ел экономикасының дамуын қамтамасыз ететін адам, ал әлеуметтік жағдайдың да барлығы адам үшін жасалады. Жастар тиянақты білім алғанда ғана Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік даму ырғағының іргетасы берік болады және өзімізді ұлт ретінде бекіте түсеміз.
Зада ДҮКЕНБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Мемлекет тарихы институтының
бас ғылыми қызметкері.