Аймақтар • 14 Қаңтар, 2022

Батыс Қазақстан «қызыл» аймаққа кірді

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирус матрицасы бойынша «сары аймаққа» кіргеніне үш-ақ күн болған Батыс Қазақстан облысы 14 қаңтарда ең қауіпті «қызыл аймақ» қатарына қосылды.

Батыс Қазақстан «қызыл» аймаққа кірді

Жаңа жылдың 13 күнінде өңірде 537 адамға «covid-19» диагнозы қойылған. Ал жалпы эпидемия басталғалы облыста 40 607 адам COVID-19 жұқтырып, 15 282 адам инфекциялық стационарларда ем алған. 857 адам осы дерттен көз жұмды.

«Батыс Қазақстан облысында 13 қаңтар күні ғана 186 адамның ауырғаны тіркелді. Жаңа жылдан бері облыста 18 оқушы, 14 мұғалім, 3 балабақша қызметкері, 4 студент осындай диагнозбен тіркелді», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы Медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова.

Науқастардың көбі, яғни 360-ы Орал қаласында тұрады. Бәйтерек ауданында – 64, Бөрлі ауданында – 59, Теректі ауданында – 17, Жаңақала ауданында – 14 жағдай тіркелген.

Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық дейгейі 85,9%-ға (65-тен 464-ке) өскен!

«Коронавирустық инфекция ахуалы облыста да, елімізде де нашарлап барады. Сондай-ақ жаңа «омикрон» штамын жұқтыру қаупі бар. Жаңа штамның ерекшелігі сол, жұқтыру қаупі жоғары, әрі вирусты қайта жұқтыру ықтималдығы да өте үлкен. Вирус бірінші түсетін жоғары тыныс жолдарында «омикрон» «дельта» штамына қарағанда 70 есе тез көбейеді», дейді Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депаратаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Мамандардың айтуынша, әзірге науқастарды емдейтін стационардан да, медикаменттен де тапшылық жоқ. Ауруханаларда арнайы дайындалған төсектің 78 пайызы бос тұр.

2021 жылдың 1-ші ақпанда вакциналау жұмысы басталғалы өңірде өңірде екпенің бірінші компонентімен – 258 101 (39%) адам, екінші компонентімен – 244 900 адам (37%) егілген. Сондай-ақ облыста 22 902 адам (9,3%) ревакцинациядан өткен. Екпе алғысы келетін тұрғындарға бірнеше таңдау бар. Соның ішінде «Спутник Lite» вакцинасына қатысты партияның бір бөлігі Қазақстанға келіп жеткен. Жақын күндері облысқа да жеткізіліп, тиісті қаулы шыққан соң қолданылатын болады.

Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, алдағы уақытта екі есе көбеюі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысындағы ведомствоаралық комиссияның шешіміне орай, эпидемиологиялық ахуал жақсарғанға дейін облыс аумағында қоғамдық орындарда, көшеде жәні отбасында да барлық көпшілік шараларды өткізуге тиым салынды. Бұл жерде тек марқұмды соңғы сапарға шығарып салу үшін ғана 30 адамға дейін жиналуға рұқсат беріледі. Ал театр, филармония, цирк, концерт залдарында көпшілік шаралар уақытша тоқтайды, жұма намаз, діни құлшылықтар өтпейді. Түнгі клубтар, караоке барлар тоқтайды. Жеке кездесулерде 10 адамнан артық жиналуға болмайды және бұл адамдар екпе алған болуы тиіс. Қоғамдық тамақтану орындарында бір үстелде 4 адамнан артық отыруға тиым салынады. «Ашық» жобасына қатысатын кинотеатрлар тек залдың 30 пайызына ғана билет сатады. Коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарынан бөлек мемлекеттік мекемелер 70 пайызға дейін қызметкерлерін қашықтан жұмыс режиміне ауыстыруы тиіс.

Жақын күндері орта білім саласында қысқы каникул аяқталмақ.

Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, «қызыл аймақ» статусы кезінде өңірдегі оқушы саны 600-ге жетпейтін ауыл мектептерінде оқу үрдісі әдеттегідей жүреді. Ал шәкірт саны 600-ден асатын ірі мектептер онлайн оқу форматына көшеді. Колледждер мен жоғары оқу орындары студенттері жағдайға қарай аралас форматта білім алады.