Батыс Қазақстан ғылыми-зерттеу институты өткен жылдың қорытындысы бойынша интеграциялық байланыстар шеңберіндегі мемлекеттер арасында үздік кәсіпорын атанды. Өйткені, аталмыш ұжымға «Сала көшбасшысы-2013» құрметті атағы мен ұлттық дәрежедегі сертификатты ұсынушы тек Қазақстан ғана емес, сонымен бірге, оның құрамына Ресей, Украина және Беларусь Республикасы ұлттық бизнес рейтингтер одағы кіреді.
ТМД аумағы мен Кеден одағы көлемінде ықпалы мол, танымдылығы жоғары рейтингтік компания Батыс Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының аймақтағы шағын кәсіпорындар арасында нарық коньюктурасын жан-жақты әрі терең талдаған зерттеу еңбектерін жоғары бағалап отыр.
– Біздің институттың басты мақсаты – қоғамдық ой-пікірлерді елеп-екшеп, сүзгіден өткізіп зерттеу арқылы әлеуметтік жобалар мен іргелі ғылыми ізденістерді жүзеге асыру. Әлбетте қоғамдық көзқарас көп жағдайларда адастыра бермейді. Дұрыс жол көрсетеді. Халықаралық сарапшылар тарапынан ұсынылып отырған бұл марапат еңбегімізге берілген әділ баға деп есептеймін, –дейді институт жетекшісі Үмбетқали Жаңабеков.
Халықаралық рейтингтік бағалау үрдістері бойынша жоғары табыстарға жеткен қазақстандық кәсіпорындардың қатарын толықтырған ұжымның алға қойып отырған іс-жоспарлары бұдан да ауқымды. Сондай-ақ, институттың атауы халықаралық анықтамалықтардан орын алып «Кеден одағы жаршысы» каталогіне кіруі де ұжым қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіби деңгейлерінің биіктігін таныта алады. Иә, әлемдік қауымдастықта кез келген мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері осындай озық компаниялардың сапалық деңгейімен айқындалары анық.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.